Қазақстан • 10 Қазан, 2021

Бауыржан Байбек Түркістан облысындағы сапарын қорытындылады

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nur Otan Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірде партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік, мәдени нысандарда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бауыржан Байбек Түркістан облысындағы сапарын қорытындылады

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше жыл бұрын Түркістанды жаңғырту туралы қабылдаған тарихи шешімі киелі қаланың өркендеуіне зор серпін берген ерекше маңызды оқиға болды. Түгел түркі тәу етер көне қала жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін құрылыс қарқынды жүріп, қысқа уақытта шаһар келбеті қайта түледі. Зәулім ғимараттар мен заманауи әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді.

Солардың бірі – қасиетті қалада Елбасының қолдауымен салынып, пайдалануға берілген Түркістан музыкалық драма театры. Бұл мәдени нысанның ашылу рәсіміне Тұңғыш Президенттің өзі арнайы қатысып, театр ұжымымен кездескен болатын.

а

Оңтүстік өңірге жұмыс сапары барысында осынау өнер ордасына барып, театр шымылдығын тұңғыш ашып отырған белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің пьесасына қойылған «Бөрте» спектаклін тамашаладым.

Кез келген қаланың мәні мен мазмұнын арттыратын, интеллектуалдық деңгейін өсіретін сала – мәдениет, білім ошақтары мен көрнекті орындар. Осыған орай Nur Otan партиясының Түркістан қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасында туристік нысандар мен киелі орындарды дамыту, Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру, көрнекті тұлғалары мен тарихи мұраларын танымал ету секілді көптеген жобаларды іске асыруға ықпал ету көзделген. Қазіргі таңда Түркістан музыкалық драма театры, «Ұлы дала» орталығы, Farab кітапханасы, этноауыл, «Керуен-сарай» туристік кешені және т.б. іске қосылған»,  деп жазды Бауыржан Байбек Instagram-дағы парақшасында.