Таным • 10 Қазан, 2021

Қарыз

611 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Амангелді ауданының тұрғыны, бүгінде сексенді орталап қалған зейнеткер Бибилә Рахметова Құмкешу ауылында тұрады. Өмірлік серігі болған Мырзабай атаның өзінен 27 жас үлкендігі бар екен.

Қарыз

«Қосағым 1909 жылғы, мен 1936 жы­лы Қызбелде дүниеге келгенмін. Тәубе, екеуміз ғұмыр бойы шай деспей тату-тәтті өмір сүрдік, 9 баланы бағып-қағып өсіріп, ер жеткіздік, жаман болған жоқпыз», дейді Бибилә әжей.

Мырзабай ата тіршілігінде көп сөз­ге жоқ, біртоға әрі іскер кісі болған кө­рінеді. Соғыстан кейінгі жылдары Үш­тоғай, Қайғы, Дәмді ауылдарында колхоз басқарып, Құмкешуде бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарады. Батпаққара өңіріне аты шыққан Кер­бесті, Дүйсімәнкүрең деген жүйрік ат ұстаған ақсақал 80 жасында сал болып, жеті жыл төсек тартып жатып, бақиға аттаныпты. Сөзге сараң қария өмірінің соңғы жылдары ғана әжейді төсегінің басына шақырып алып өткенді әңгіме етуді шығарыпты.

Ел ішін алғаш рет аштық жайлаған жылдары Мырзабай қария әрі кетсе 12-13 жаста, Қамысбай деген күзекте тұрады екен. Мырзағали деген інісі болыпты. Арасы 3-4 жас. Қаршадай екі баланың анасын алапат аштық алып тынған. Әкелері Рахмет кіре тарт­қан керуенге ілесіп, өгізге мініп, Қос­танай өңіріне кеткен екен. Бір ай жү­ріп Әулиекөлге жеткенде ауырып, әрі жүруге жарамай, сол жерде қыстап қалыпты. Аядай ғана қоржын үйде не әке, не шеше жоқ екі бала аштан-аш қалады. Жалғыз буаз сиырды біреу-міреу ұрлап әкетпесін деп төрге байлап, өздері есіктің аузындағы киізді төсеніп жатады екен. Көршілері соғым союға шамасы жететін ауқаттылау кісі­лер болса керек, інісі Мырзағали қарным ашты деп жылай берген соң, әбден ашыққан екі бала қарлы боран ұйтқып тұрған түнді жамылып көрші­нің қорасына ұрлыққа түседі. Ол кезде қора­ның төбесін қорда, қамыс, талмен жабады. Ағасы: «Бір кір сабынның ­кө­ле­міндей ғана ет кесіп ал, көп алма, біліп қалады. Етті кесіп алған соң, жіпті түрт, мен тартып аламын, – деп інісінің беліне арқан байлап, иығына мінгізіп қораға түсіреді. Етті алып шыққан екі бала омбы қарға малтығып, бірін-бірі сүйрелеп жүріп үйге әзер жетеді. Түн жарымда кеберсіп кеуіп қалған қазанды қыздырып, еттің жартысын қуырып жеп, үйдің бұрышынан құм алып ысқылап қазанның майын кетіріп, қалған етті киіз табалдырықтың астына тығып тастайды. Ал пышақты жоғарыдағы жабын талдың арасына қадайды.

Ол кезде Қамысбайда 4-5 үй ғана тұрса керек. Ертеңіне сырттан «Ет ұрланды!» деген ащы айқай шығып, у-шу басталады. Сәлден соң суыт жү­ріспен милиция да жетеді. Бұлар түн ортасында ұрлыққа түсе қоймас деп ойлады ма екен, әйтеуір, милиция екі баладан күдіктенбей, отыз жас шамасындағы Нұрмұхамбет деген кісіні қыса бастапты. Ол кісі: «Мырзабай-ау, сен алдың ғой, мойындасаңшы, айналайын!», деп жалынып жылайтын көрінеді. Балалар сонда да мойындамапты, өйткені ол кезде біреудің бір сабақ жібін алсаң да соттатып жібереді.

Милиционер төбеге шаншылып тұр­ған пышақты қолына алып, жүзін сипап тұрып: «Мырзабай, мына пышақтың ұшында май қалып кетіпті ғой», деп­ті. Сонда 13 жастағы бала: «Кеше құр­қылтай құс тұзаққа түсіп, сорпа етіп ішкенбіз», деп құтылыпты. Екі бала қыс бойы табалдырықтың түбінде жа­тып шығады. Төр – буаз сиырдікі. Абырой болғанда, көктем шыға жалғыз сиыр бұзаулап, бір мүшелден енді ғана шыққан есті бала сиыр сауып, уыз пісіріп, көрші-көлемін шақырыпты. Оны құп алған кісілердің бірі жарты тостақ бидай, бірі бір шөкім тары ала келген екен. Сөйтіп бұзаулы сиырдың арқасында көктемге көтерем болып шыққан балалар жазға ілігеді.

Ол кезде Қостанайға кіре тартып барып, сол жақтан бөрене, тақтай, картоп, тұз әкеледі екен. Сол жылы жаз шыға ауылдан 3-4 адам жиналып, Қостанайға шықса керек. Әлгі еті ұрланған үйдің иесі соларға бала Мырзабайды да қосып жібергісі келіпті. Жас та болса, бір үйге ес болып отырған балақай: «Мен бара алмаймын, қолда інім бар», дейді. «Балам, ініңді біздің үйге тастап кет, сен қайтып келгенше Мырзағалиды біз бағамыз, оған уайымдама, өзіңе де, бізге де азық алып келесің ғой», деп көршісі көшке қосып жібереді. Ол кезде Қостанайға өгізбен қатынайды. Екі-үш ай жол жүріп, ауылға оралады. Әулиекөл асып, Қостанай барып, азын-аулақ азық та­уып, қуанышы қойнына сыймай, ауылға жалғыз бауырын сағынып асыға жеткен олжалы бала көрші үйдің босағасында құр сүлдері ғана қалып бұратылып, әлсіз ғана ыңырсып жатқан Мырзағалиды көріп жылап жіберіпті. Өзі кеткелі нәр татып жарытпаған. 8 жасқа енді ғана шыққан жалғыз бауырының қаңқасы ғана қалыпты. Бойында қан-сөл қалмаған, екі көзі шүңірейіп тұруға шамасы келмей қалған Мырзағали: «Аға, мені неге тастап кеттің?», деп жылай беріпті. «Мырзабай інісіне бір кесе көже берген екен, соны іше салып, қолында өліп кетіпті. Аш адамға бірден күшті тамақ бермейді. Ас аш өзегіне түсіп кетеді. Мұны 13 жастағы бала білмейді, бір тостақ көшені бір-ақ берген ғой. Шалым: «Сол кезде інімді өзіммен бірге алып кетсемші, көршінің сөзіне сенбеуім керек еді», деп өле-өлгенше өкініп кетті», деген кейуана кемсеңдеп, біраз үнсіз отырып қалды.

Мырзабай қария отызыншы жыл­дардан кейінгі аштықты да көрген жан­себіл екен. Бұл аштықта жиырманың ол жақ – бұл жағында болса керек, ағайыны Сардар деген кісімен бірге бір уыс бидайды 5-6 литр суға қайнатып ішіп амалдапты. Бетінде бидай қалқыған су шамалы болса да қоюланатын көрінеді.

«Бір уыс бидайды қайта-қайта қай­натып іше берген соң, бір күні әлсі­реп құлаған ғой. Сардар деген кісі: «Мыр­забай, сен маған қарап отыра бермей, зорман аулап же», депті. Шалым сонымен зорман етін жеп, аман қалыпты, ал Сардардың өзі сумен шыққан дейді. Осы өңірде адам етін жеген кісілер де болған. Олар келе жатқанда ауыл адамдары балаларын тығып қоятын көрінеді», дейді Бибилә әже.

Қамысбайда 1933 жылға аяқ басқан соң егін бітік шыққан. Ол кезде шығыр тартады екен. Шығыршы Мырзабайға: «Әй, балам, жұрттың бәрі жеп жатыр ғой. Біз де жеп көрейік», дейді. Содан жас жігіт шығыршының терген бидайын келіге түйіп, бір сиырды сауып, соған шылап, пісіріп, екеуі ыстық асты алдарына қоя бергенде шаш ал десе бас алғыштардың бірі келіп, алдындағы астарын алып кетіпті.

Кейін Мырзабай қария есейіп, ел қа­тарына қосылып, үйленіп, қызметке тұ­рып, өз қолы өз аузына жеткен соң, бұ­рын­ғы көршісін отбасымен қосып үйіне ша­қырып, бір табақ ет асып қонағасы береді.

«Баяғы етіңізді біз ұрлап едік, жетіс­кеннен ұрламадық. Енді інім аштықта өліп кетті ғой, мойнына қарыз болмасын, ренжімей мынаны алыңыз», деп бәленбай сом ақша ұстатады.

Жерде зорман, суда балық, аспанда құс қалмаған, ел ішін бір шетінен аштық, екінші шетінен індет жайлаған зұлмат кезеңде өліп қалмау үшін амалсыз тіршілікке талғажау етерлік бір кесім ет ұрлаған інісінің мойнында кеткен қарызды ағасы көзі тірісінде еселеп өтеп кетіпті.