Өнер • 11 Қазан, 2021

Бедері бөлек Бөрте бейнесі

1348 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әр дәуір Шыңғыс ханның тарихи тұлғасына өз көзқарасымен қарайды. Әлімсақтан әлем билеушісінің тарихи тұлғасына қызығушылық ілкі сәт тоқтаған емес. Тарих қоржыны ұлы қаған туралы дерекке толы. Аңыз керек пе – ертегіге бергісіз елітеді, ғылыми-зерттеулермен танығыңыз келе ме – кертіп алсаң да, түгесілмейді, әдеби шығарма оқисыз ба – қалауыңыз білсін, фильм көргіңіз келе ме – таңдағаныңызды тамашалаңыз, суреті мен мүсініне сұқтанғыңыз келе ме – саусақпен шертіп жүріп сусындаңыз.

Бедері бөлек Бөрте бейнесі

Әлемді алмас қылыштың жүзімен бағындырып, қуатты қағанат құрған ұлы әмірші туралы өнердің ең таңдаулы өкілдері өз жанрында жырлап келеді, бірақ солай бола тұра оның жауынгерлік рухын жалғаған тақ мұрагерлерін дүниеге әкелген алғашқы әйелі Бөрте туралы тарихи дерек тым тапшы. Жаулаған жері мыңдаған шақырымдармен емес, сансыз мемлекеттердің миллиондаған шаршыларымен есептелетін ұлы қағанның ел билеу ісіне араласқан Бөрте бейнесі әдебиетке, оның ішінде драматургия жан­рында бірінші рет пайда болғанда көңілді үміт пен күдіктің қатар билегені де сондықтан. Тақыр жерден тарихи мәлімет табу қиын емес пе? Бөрте кім? Шыңғыс ханның жүздеген әйелі бола тұра Бөрте есімінің ғана тарихта қалу сыры неде? Неге тек Бөртеден туған бала­ларға ғана тақ мұрагері болу, ұлы әмірші атану бақыты бұйырылды? Көп күндестің ішінде жүріп Бөрте бұған қалай қол жеткізді?

Тарихтың қойнауында қалған көмескі бейне туралы көп сұрақтың толымды жауа­бын белгілі жазушы-драматург, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Иса­беков «Бөрте» пьесасымен тарқатады. Қазақ театр сахнасында әр кезеңде өмір сүрген ақылман аналардың, аяулы ару, сұлу бойжеткендердің тұтас галереясы жасақталғанымен, өжет те, қайсар, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп-артылатын жауынгер рухты қазақ әйелінің бейнесі жоқ еді. Тұсауы жаңа кесілген Түркістан облыстық музыкалық драма театры алғашқы премьерасын тап осы тарихи бейнеге арнай отырып, Шыңғыс хан секілді ұлы қағанның сенімді серігі ретінде тарих сахнасындағы өз парызын мүлтіксіз орындап кеткен Бөрте образының көркемдік шешімін осы мақ­сат төңірегінен іздеді.

Пьесада Бөрте – басты кейіпкер. Дра­маны сахналауға Италияның белгілі ре­жиссері Давиде Ливермор мен екінші ре­жис­сер Карло Шаккалуго және сценограф Анна Варалдо арнайы шақырылған. Шы­мылдық ашыла сала декорациясы жоқ жалаң сахнадағы ойынның техника мүм­кіндігіне сүйеніп қойылатыны пьеса­ның идеялық нысанасын айқындай түсті. Жылжымалы, айналмалы тетігі көп ең соң­ғы үлгідегі заманауи технология жетіс­тігін пай­далана отырып салынған жаңа театр­дың сахнасы жарық және галло­гра­фиялық көріністерімен бірден баурап алды.

Спектакль Шыңғыстың әкесі Есукей мен Қоңырат тайпасының көсемі Дай шешеннің құдандаласуымен басталады. Олар құда болғанда Темучин он жаста, Бөрте он бір жаста еді. Бұл сах­наның бәрі анимекөрініспен баяндалып, оқиға қаһарлы Темучиннің қуаты толысқан кезеңіндегі негізгі арнаға ойы­сады. Сценарий дәл осы оқиғадан басталып, Шыңғыс қаған мен Бөрте ханымның өліміне дейін баяндалатын тарих сан алуан оқиғаға өте бай. Темучин жолындағысын тас-талқан етіп қиратып, шауып, қып-қызыл өртке орап, үлпілдеген күлге айналдырып жатыр. Бірақ драма «Бөрте» деп аталғандықтан, негізгі акцент Бөрте бейнесіне салынған, сондықтан тарихта тек бірінші болған Темучин сахнада екінші планға ысы­рылған. Тіршілігінде де, тарихта да тасада қалған Бөртенің салмағын арттырып, Шыңғыс ханның алдына шығару үшін италиялық режиссер бірқатар ұтым­ды сахналық тәсілдер тапқан. Те­му­чин рөліндегі М.Әуезов атындағы Ұлт­тық театрдың әртісі, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайы­ровтың да режиссер мақсатын дұрыс түсініп, Бөртені «қаһарымен» басып тастамай, «шыңғысханшылдығын» тежеп, серіктесіне қолдау көрсетіп, демеп ойнағанын атап өту маңызды. Басқа актерлер де Бөртенің ойынына қуат беріп, жан бітіретін қан тамырлары сияқты жан-жағынан ұйысып, бір ырғақты ұстады.

Есукей бір заманда Темучиннің анасын меркіттерден тартып алып кеткен, жаңа босаға аттап, келін атанған Бөртені ішінде кек қайнап, қарымта қайтарғысы келген меркіттер дәл осылай басып алып кетеді. Сұлу Бөрте алғашында жас аруға тән ибалы мінезімен көрінгенімен, қапыда жау қолына түскенде, дүлей күштің алдында әлсіздігін танытпай, керісінше, асқақтығын көрсетіп, қаймықпай қарсы тұратыны өзі жасаған бейнеге үйлесімді көрінеді. Драмалық шиеленіс те осы оқи­ғадан кейін өрістей бастайды.

Бөрте – Түркістан облыстық музыка­лық драма театрының актрисасы, жас опера әншісі Айя Шәріптің бағын сынай­тын образ. Бөртенің жүгі ауыр бейне екенін жауапкершілікпен сезінетінін, ойнаған рөліне тың бояу тауып толықтырғысы ке­летін талпынысын байқамау мүмкін емес. Бөртенің Темучиннің барлық тарихи жеңістері мен ұлы қаған атанып, қы­рық ру, қырық тайпаға бөлінген аз ғана моңғол елін біртұтас моңғол мемлекетіне біріктіріп, бүкіл қытай елін жаулап алып, батысқа жасаған жорықтарының бәрінде де Шыңғыс ханның ең сенімді ақылшысы Бөрте болғаны тарихи тәжірибелерде анық жазылған. Қаһарлы хан Шыңғысқа «сен» деп сөйлей алатын Бөрте ұлы қа­ған­ның ақылшысы болумен бірге оның қарсыласы да болды. Шыңғыс қаған Ба­тысқа жорыққа аттанар кезде оған Бөрте қарсы болды. Сол үшін Шыңғыс хан оны сарайдан аластады. Бөртенің сарайдан аласталуы бір бұл емес, әлденеше рет аласталды. Бірақ оның айтқан ақыл-кеңесінің дұрыстығына, адал ниетіне көзі жеткенде, ұлы қаған оны кешіріп, сарайға қайта алдырып отырды. «Әлемді билеуге ақылың жеткенде қасыңдағы адамдардың кім екенін, қандай екенін біле алмай-ақ келесің» деген Бөртенің сөзіне намыстанып, Шыңғыс хан оның басын алмақ та болады. «Барлық пәле жаныңдағы досыңнан келеді» деп сан рет ескертсе де, құлақ қоймаған Темучин Жамұха сатқындық жасайды деп еш ойламайды. Бөртенің айтқандарын тексеріп көру үшін Шыңғыс хан ордасынан бір күнге көшеді, сол түні Жамұха көп сарбазбен ордаға тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бірақ Шыңғыс хан ордада жоқ боп шығады. Шыңғыс хан Бөртені сарайға қайта шақырып алады.

Шыңғыс ханның үш баласы Үгедей, Шағатай, Төле Бөртенің тұңғыш ұлы Жошы­­ны «Біздің тұқым емес, ол Ке­рейт­­тен туған бала» деп, үнемі шеттете бе­ре­­тіні Бөртені өмір бойы өртеп, суық сөз жү­регіне мұздай сүңгі болып қада­лады. Мер­кітте тұтқында болып келгені Бөртенің басына мәңгілік қара таңба болып басылады. Бұл қасірет жанын қинаса да, Бөрте жары мен балаларының алдындағы адалдығынан еш айныған емес.

Қанды жорықтар, қан төгіс, ұлы империя – бәрі өз алдына бір тақырып, ал Бөрте – өз перзенттерінің анасы. Жо­шыға байланысты Бөртенің үш баласымен арадағы драманың нәтижесінде әке – ана – бала арасындағы тартыс ұлғая келе Жошының өліміне әкеп соқты­ра­ды. Шыңғыс ханның ұлы қаған болуы­на Бөртенің тікелей ықпал еткенін Жамұ­ха­ның өлер алдындағы айтқан 

тарихи сөзі куә.

Пьесадағы кесек образдың бірі Шың­­ғыс
ханның анасы, Бөртенің енесі – Уәлін-әжі. Ене мен келіннің тағдыры ұқ­сас, өмір мен тағдыр ауыртпалығын көп көрген қос мұңлық ханым атанғаны­мен, екеуі де қатыгездік құрбандығы. Уә­лін-әжі рөліндегі Қ.Қуанышбаев атын­дағы ака­демиялық драма театрдың белді актрисасы Лейло Бекназар-Ханинга шебер ойын өрнегін көрсетіп, кейіпкерінің харак­терін терең аша білді. Жауатын бұлт­тай түнерген Тұғырыл ханның шы­найы сахналық бейнесін жасаған Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов те күңгірлеген зор дауысы­мен, көрнекілігімен көрермен есінде қалатындай образ тудырды.

Жүрегінен гөрі білегіне жүгінуді жөн көретін, қара күшке тән омырау ожар­лыққа көбірек бой алдыратын Шың­­ғыс ханды сабасына түсірер сал­мақ­ты деталь бар. Жошының өлімі. Құ­лан шайнап өлтіргені яки құла түзде ажалы қайдан, кімнен келгені белгісіз Жошының кесілген шынашағын Бөрте Темучинге әкеліп береді. Бөрте сонда Шыңғыс ханға: «Ей, Темучин! Көтер басыңды! Жошыны ақыры өлтіріп тындыңдар! Оның әкесі сен болсаң, анасы – мен! Менің қайғымнан сенің қайғың көп емес. Құдай берді, Құдай алды. Енді ертеңіңді ойла! Аттан түссең таққа отырып жүріп өзекті жанда өлім бар екенін ұмытып кеткен сияқтысың. Көзіңнің тірісінде балаларыңа жаулап алған кең дүниені бөліп бер. Өзіңнің орныңа кім лайық, соны атап кет!».

Ұлының өліміне есеңгіреп, аза тұтып жатқан қаһарлы хан әйеліне ақырып ұмтылғанда, алдына жата қалып басын төсеген Бөрте: «Өмір бойы аңдығаның менің басым еді, реті енді келді. Шап! Шаба ғой!», – дейді.

Бөрте ұзақ күтеді, бірақ, қылыш сіл­тенбейді. Басын көтеріп қараса, Шың­ғыс ханның ет жүрегі езіліп, көзінен пар­лап жас ағып тұр екен. Әлемге әмі­рін жүр­гізген ұлы қағанның балалары әкесі бө­ліп бер­ген ұлыстарда билік құр­ғанымен, өз­ара татулығынан ажырамады. Оған Үге­дей айықпас ауруға шалдыққанда інісі Төленің «жан беремін» деп өмірін аға­сына құрбандыққа бергені дәлел. Қып­шақ даласы қазаққа мәңгі мекен болып қалды. Бөртенің арманы орындалды.

«Сахнада үлкен жұмыс істелді. Осын­дай пьеса жазып бергені үшін Дулат Иса­бековке зор алғысымды білдіремін. Театр мақсаты – тарихты көрсету, ешкім анығын білмейтін тарихтың сырын айтып беру. Бұл мәдениеті мен өнерінің өркендеуінде өзіндік ерек­шелігі бар Қазақстан мен Италияның алдағы үлкен қарым-қатынасының бас­тамасы ғана. «Бөрте» спектаклі алдағы уақытта Италия театрының сахнасында да қойылады. Қойылым режиссері Давиде Ливермор жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып, осы бағытта жұмыс істеп жатыр», деген режиссер Карло Шаккалуга Қазақстан театрының Еуропа театр­ларымен бірлесіп, шығармашылық жобаларды жүзеге асырып, әрекеттесуі үлкен жаңалық әкеледі деген ойын жеткізді.

Спектакльден, ең бастысы, дәуір ты­­­­нысы сезілді. Ол галлографиямен жа­сал­­ған декорациядан, ерекше үлгідегі көз тартар сахналық киімдерден, жас әртістердің өршіл рухынан есіп тұрды. Спектакльге актерлер жан-жақтан жиналды: Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Талдықорған театрларының сайдың тасындай іріктелген Ақбота Қаймақбаева, Нұркен Өтеуіл, Алмахан Кенжебекова, Әлихан Ыдырышева, Ержан Нұрымбет, Нартай Сауданбекұлы, Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Бегай­дарова сынды сақа актерлері мен актрисалары ұлттық драматургияға асқақ рухпен келіп қосылған Бөрте бейнесін биіктетуге бар күш-жігерін салды. Шыңғыс ханның балалары мен туыстарының рөлінде Түркістан театрындағы актерлер труппасы көрінді. Үш сағаттан артық жүретін ұзақ қойылымды көрермен кино секілді қабылдады. Бұлдыр тарихтың ішінен аршылып, ағараңдаған Бөрте бейнесі көрін­ді. Шыңғыс хан – қай кезеңде де күйіп тұр­ған тақырып, күйдіріп алмай сахналау – ер­лік. Ал Бөрте – эксклюзив.

 «Жаңа қалада, жаңа театрда, жаңа пьеса қойы­лып жатыр. Көрерменге рухани рахат сый­лаған Дулат ағаға рахмет. Театр ұжы­мына, біздің бастамамызды құптап, жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Түр­кіс­тан облысының әкімдігіне, қала бас­шылығына, Nur Otan партиясына шек­сіз алғысымды білдіремін. Алдағы уақыт­та да озық техникалық және креатив ше­шімдерге негізделген тың қойылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына көптеп ұсынылатын болады», деп атап өтті Театр директоры Айнұр Көпбасарова.

Басқа бір театрда жоқ, тек Түркістан театрының тағдырына бұйырған бірегей драмаға драматург Дулат Исабековтің өзі автор ретінде аз-кем сынын айтқанымен, тұтастай алғанда, көңілі толған тұщымды бағасын беріп, «Бөртеге» сәт сапар тіледі. Себебі «Бөртені» алда Еуропаның төрт бірдей театры сахналауға құлшыныс танытып отыр.