Қоғам • 12 Қазан, 2021

Салынған жолды сақтау қиын

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының 2025 жыл­ға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр аза­матқа лайықты өмір» сайлауалды бағ­дар­ламасында әрбір тірек ауылға бара­тын жалпы ұзындығы 27 мың километр жергілікті жолдар жөнделіп, олар­дың жақсы және қанағаттанарлық жағ­дай­дағы үлесін 95 пайызға жеткізу көз­­дел­­ген. Қазір өңірлерде осы мақ­сатты орын­дау жолында қыруар жұ­мыс ат­қа­ры­лып жатқандығы жайлы жа­ғым­­ды хабарды жиі естіп, ауылдағы аға­йын­­дардың көбінің жандарына батып, жанай­қайларын шығарып келген күрмеулі мәсе­ленің түйіні тарқатыла түскеніне қуанып отырған жайымыз бар.

Салынған жолды сақтау қиын

Бірақ мемлекет қазынасынан жыл сайын жүздеген миллиард теңге қаржы бөлініп, қалпына келтіріліп жатқан автомобиль жолдарын бүлдірмей сақтау мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті болып отыр. 

Осыдан бірер жыл бұрын Солтүстік Қазақ­стан облысының шалғайдағы Ти­мирязев ауданына қарасты Докучаево ауы­лында болып, жергілікті тұрғындармен кез­дес­кенімізде олардың жарыса айтқан жал­ғыз мұқтаждығы – жуырда ғана күрделі жөндеуден өткізілген жолды күзде астық тасыған  ауыр салмақты машиналардың езіп-жаншып, жеңіл көлікпен жүруге жарамсыз етіп тастағандығы. Мұны біз өз көзімізбен көріп, жағамызды ұстағандай күй кешкенбіз. Ашына сөйлеген ауылдықтар: «Қалтамыздан төлеп отырған салықтан құралатын бюджеттің қаражатын осылай рәсуа етуге бола ма? Жетпіс тонналық қытай­лық өзі аударғыш автомобильдер нені шыдат­сын?! Сондықтан ондай көліктердің астық пен басқа да ауыр жүктерді ауыл жолдарымен тасуын мүлдем тоқтату керек», деген еді. 

Шынында да, бұл мәселе кейінгі жылдары, әсіресе еліміздің астықты өңірлерінде елеулі проблемаға айналған. Қазір елімізде 55 мыңнан астам өзі аударғыш ауыр салмақ­ты жүк көлігі бар көрінеді. Олар негізінен ке­ніш­терден инертті материалдар тасумен айна­лысқанымен, күзде астық тасуға да заңсыз пайдаланылады. Ал сол үшін олардың иелеріне салынатын айыппұл сомасы автожолдарға келтірілетін зиянның ширегін де өтей алмайды.

Бұған қоса, «Автомобиль көлігі туралы» заң талаптарының орындалуын қатаң қадағалап, автожолдарды ауыр салмақ­ты көліктердің бүлдіруіне жол бермеуге тиісті өңірлік көлік бақылау инспекциялары өздеріне жүктелген міндетті толық атқарып отыр деу қиын. Себебі олардың қызмет­керлерінің саны аз және материалдық-техникалық жабдықталуы жеткіліксіз.

Осыған орай, өңірлердегі көлік бақылау инспекциялары ішкі істер департамент­терімен бірлесіп, ауыр жүк тасымалдау­шыларды бақылау бойынша Жол картасын әзірлеп, іске асыру үстінде. Соған сәйкес жол-патрульдік полициясының қызмет­керлері қолданыстағы заңнаманы бұзған өзі аударғыш ауыр салмақты көліктерді тоқ­татып, тиісті әкімшілік жауаптылық туралы хаттама толтыру үшін көлік бақылау инспекциясының өкілдерін оқиға орнына шақырады. Алайда олар көлік бақылау инс­пекциясының қызметкерлері оқиға орнына келіп жеткенше кейде ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Сол себепті кезінде Мәжіліс депутаттары Үкіметке еліміздің негізгі астықты өңірлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың көлік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің және жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің санын көбейту, сондай-ақ жол-патрульдік полициясына да автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық өл­шемдерді сақтауын бақылауды жүзеге асыру функциясын беру мәселесін қарастыруды ұсынған екен. Алайда Үкімет көлік бақылауы саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында және полицияны өзіне тән емес функциялардан босатуға байланысты депутаттардың ұсыныстарымен келіспеген.

Ал онда астықты өңірлердегі жолдарды сақтаудың басқа жолдарын неге қарастыр­масқа? Мәселен, заң бұзған ауыр сал­мақты машиналардың иелері мен жүргізушілеріне саралап салынатын айыппұл мөлшерін арттыруға, жүк тасуға қатаң шектеу енгізу шарасын астықты өңірлер үшін тек ылғалы мол көктемде ғана емес, астық тасымалы басталатын күзгі уақытта да қабылдауға болмай ма? Бұған қоса, ақпараттық технологиялар өмірге кеңінен енгізіліп жатқан қазіргі кезде ауыр салмақты көліктердің ауыл жолдарын бүлдіруіне тосқауыл қоятын бір бұлтартпас құралды ойлап табуға да болатын шығар.