Өзгеден оқшау тұруды о баста-ақ ойлаған экспрессионизмнің көрнекті өкілі, неміс суретшісі Франц Марктің әрбір кейіпкеріне ерекше жаратылыс ретінде қарайтынына қайран қаласыз. Мейлі, ол жан-жануар болсын, қанаты сынған құс болсын, не болмаса көше сыпырушысы, жолынан адасқан жолаушы ма дерсіз, бәрібір, шебер қалың бояумен қалтқысыз орындап шығады.
Мұны «Көк ат» картинасынан-ақ байқауымызға болатындай. Шебердің басқа туындыларына қарағанда көңілге ыстық, оқырманға танымал шығармасы. Оның басты артықшылығы – тартымдылығы мен сүйкімділігі. Мұны өнер сыншылары да құптайды. Осы тұста тағы бір қоса кететін толғам бар. Картинаның жас таңдамайтыны. Тіпті мектеп оқушысының да қызығушылығын тудырады.
Қараңызшы, жылқының шалт қимылы, басын бұлғаңдатуы, денесі сәл сынған пішінде жазылуы суретшіге тән кейіп. Ол төс сүйегін ақ түспен әрлесе, аяғы мен тұяғын көк реңкке толтырған. Бұл контрастың нәтижесінде жылқы ертегі кейіпкеріне ұқсайды. Кенептегі бір-біріне қарама-қарсы түстер жалпы фонды берік сақтап тұр. Арғы кеңістік пен бергі кеңістік бір-бірінсіз ашылмайтындай, нәзік үйлесім түзген.
Біз картинадан суретшінің түс теориясын көреміз. Ол қиялдың шекарасы жоқ деп есептейді. Байқасаңыз, жылқыға ноқта салынбаған, асау әрі еркін өмірді көксейді. Сондықтан сіз көрген бетте санаңызға тазалық ұялайтыны анық. Қою түстің құпиясы осында.
Тағы бір айта кететін жайт, ұқсас түс схемасы. Бұл да Франц Марктің қолтаңбасынан хабар беретін қалып. Суретші Август Макқа жазған хаттарының бірінде өз жұмысының негізгі түстері туралы түсінік береді.
«Сары – әйелдік принцип, ол жұмсақ және сезімтал; көк – жігіттік принцип, ол суық, бірақ сонымен бірге рухани; қызыл – бұл заттың түсі, ол өте қатты, бірақ ол әрқашан алғашқы екеуінің ықпалында жүреді», дейді досына арнаған жазбасында.
Картинадағы көріністің тартымдылығы түстерде ғана емес, жылқы пішінінің экспрессионизмдік, яғни әр адамның жан дүниесінде әртүрлі эмоциялар тудыруында.