Спорт • 12 Қазан, 2021

Төл спорттың тарландары

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республикалық «Ұлы дала рухы» ұлттық спорт фестивалі мәреге жетті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған жарыстың шешуші кезеңі елордада өтті.

Төл спорттың тарландары

Төл спортымыздың көкпар, аламан бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сынды түрлері бойынша 8 мың­ға жуық адам бақ сынаған сайыс ко­мандалық тәртіппен өтті. Тамыз айында басталып, қара күзге дейін екі айға жуық уақытқа созылған, көрермен халықтың қанын қоздырған дүбірлі додаға еліміздің 14 облысының және екі қаласының командалары қатысты.

Сонымен қазақ күресінен және көкпар тартудан Жамбыл облысының балуандары басым түсті. Аударыспақ пен теңге ілуден, сондай-ақ жамбы атудан, асық ойынынан Түркістан облысының спортшыларына тең келер қарсылас табылмады. Батыс Қазақстан облысы болса тоғызқұмалақтан жеңімпаз атанды.

Балуан білекті, темір тақымды, епті жігіттердің жарысында ерекше көз­ге түскен жеңімпаздар мен жүл­де­герлер сыйлықсыз қалған жоқ. Ұлт­тық спорт федерациялары мен Ұлт­тық спорт түрлері қауымдастығы жеке­лей спортшылар мен командаларды қаржылай және басқа да бағалы сыйлықтармен марапаттады. Темір тұлпарға ие болғандар да бар.

Ұлттық спорт түрлері қауым­дас­­­тығының президенті Бекболат Тілеу­хан:

– Жамбы ату федерациясының президенті Нұрлан Әметов мырза же­ңімпазға арнайы темір тұлпар мін­гізді. Біз де қауымдастық атынан те­мір тұлпар атадық. Сол кезде біздің спорт­шыларымыздың көзі бұрынғыдан да қаттырақ жанып, жарысқа ерекше ыждағатпен, ықыласпен кірісті. Фес­тиваль үлкен табыспен өтті. Ке­­лесі жарыстарда жамбы атудан нағыз мер­гендер, теңге ілуден нағыз сайып­қырандар бой көрсететініне күмәнім жоқ, – деді .

Отызжылдық торқалы тойға орай­ластырылған ұлан-ғайыр спорт шарасын ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері орта­лығы» РМҚК мұрындық болғанын айта кетейік. Екі жылда бір мәрте өткі­зілетін доданың дүбірі биыл ерекше болғаны анық.