Қоғам • 12 Қазан, 2021

Биыл 14 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14 358 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 84,7 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 14 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Бұл туралы Еңбек министрлігі мәлім етті.

Осы жылдың басынан қандастардың жартысынан көбі (76,3%) Қазақстанға Өзбекстаннан келген, 9,4%-ы – Қытайдан, 6,4%-ы – Түрікменстаннан, 2,5%-ы – Моңғолиядан және 5,4%-ы басқа елдерден келген. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28%), Маңғыстау (19,3%), Түркістан (13,5%) және Жамбыл (8,1%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды. 

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілері 27,9%-ды және зейнеткерлер 17,1%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ның жоғары білімі, 39,8%-ның орта кәсіби білімі, 45,5%-ның жалпы орта білімі бар және 3,6%-ның білімі жоқ.

Этникалық қазақтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету шеңберінде жыл сайын қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы белгіленеді.

Өңірлік квота шеңберінде 720 этникалық қазақ (Ақмола облысы – 92 адам, ШҚО – 121 адам, Қостанай облысы – 117 адам, Павлодар облысы – 328 адам және СҚО – 62 адам) көшуге субсидия: отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен (204,1 мың теңге) келетін біржолғы төлем алды, сондай-ақ 12 ай бойы отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі (43,7-ден 87,5 мың теңгеге дейінгі) мөлшерде ай сайынғы төлем алды. Сонымен қатар, қандастарға жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй беру және жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетеді.