Өнер • 12 Қазан, 2021

Бибігүл Төлегенованың ХІ халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы анықталды

371 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Бибігүл Төлегенованың ХІ халықаралық вокалистер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибігүл Төлегенованың ХІ халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы анықталды

Марапаттау, гала-концерт пен байқаудың салтанатты жабылуы 11-қазанда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтіп, ХІ халықаралық вокалистер байқауының қорытындысы жария етілді. Байқау жеңіпазының есімі белгілі болды.          

Биыл Бибігүл Төлегенованың халықаралық байқауының 20 жылдығы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Халықаралық байқау әлемнің ең озық сахналарында еліміздің атын шығаратын жаңа жұлдыздарды жарқыратады.К

Байқаудың гран-при жүлдесі Алматы қаласынан келген жас орындаушы, керемет баритон дауыс иесі Дінмұхамед Көшкінбаевқа берілді. Соңғы өткен байқаулардан кейін алғаш рет гран-при Қазақстанда қалды.  

ХІ халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы Дінмұхамед Көшкінбаев жеңісі үшін ризашылығын білдірді. Әділқазы алқасы өзара кеңеспей, бір ауыздан әншіге жоғары балл қойды.

Әділқазы алқасының құрметті мүшесі Новиченко Тамара Дмитриевна: «Қазақ халқы ерекше бір музыкалық дарынға, вокалдық қабілетке ие. Бұл – ұлтқа тән ерекшелік. Барлық қатысушылар мықты, дайындығы жоғары. Мұндай мүмкіндік үшін сіздерге рахмет! Қонақжайлылық үшін ризашылығымызды білдіреміз», деп атап өтті.

Форо Бонапарт музыкалық академиясының профессоры Анатолий Гусев Еуропаның классикалық музыка бойынша беделді байқауына қатысуға Бибігүл Төлегенованың вокалистер байқауының үш жеңіпазына шақыру дайындап жатқанын мәлімдеді. Олар іріктеу турына қатыспай, шетелдік байқауда бақ сынап көруге мүмкіндік алады. Анатолий Гусев: «Австриядағы Феруччо Карьерини атындағы халықаралық вокалдық байқау жетекшілігі мен дирекциясы Дінмұхамед Көшкінбаевқа (Қазақстан), Де-Рель Габриельге (РФ) және Нәзір Отабекке (Өзбекстан) байқаудың бірден жартылай финалына қатысуға 3 сыйлық ұсынуыма рұқсат берді. Олар 2022 жылы болатын іріктеу турына қатыспайды», деді.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров  сөз сөйлеп, Бибігүл Төлегенованың ХІ халықаралық вокалистер байқауының лауреаты Әубакирова Әсем Төлегенқызына арнайы сый – Қазақ өнер академиясында оқуға сертификат бергісі келетінін айтты.

КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, қазақ бұлбұлы, қазақ өнерінің «маржаны», қазақ халқының мақтанышы, теңдесі жоқ Бибігүл Төлегенова мерейтойлық байқаудың ұйымдастырушылары, демеушілері, серіктестері мен қатысушыларына ризашылығын білдірді. Бибігүл Төлегенова бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ, әлеуметтік серіктес «Samruk-Kazyna Trust»  корпоративтік қорының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің рөлін ерекше атап өтті.

«Мен барлық қатысушыларды, дарынды, белсенді жас әншілерді шын жүректен құттықтаймын. Биылғы байқау ерекше болды. Орындаушылардың барлығы жоғары деңгейде дайындалған. Үздік орындаушыны таңдау қиынға соқты. Мұнымен әділқазы алқасының мүшелері келіседі деп ойлаймын. Дегенмен, ең мықтысы жеңді. Біз жоғары өнер әлеміне байқауда жолы ашылған жандардың кәсіби өмірінен әркез хабардармыз. Жаңа жұлдыздар әлемнің озық сахналарында еліміздің атын асқақтатады. Байқаудың құрылу кезеңдерінде Елбасының көрсеткен қолдауына алғыс білдіремін. Бүгінде байқауға ең жоғары деңгейде көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазған хатында байқауға қатысушыларға ақ жол тіледі. Бұл барлығымызға шабыт береді. Бас демеушілер мен Мәдениет және спорт министрлігіне айтар алғысымыз мол», деді сөйлеген сөзінде ХІ халықаралық вокалистер байқауы әділқазы алқасының төрайымы, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мен Қазақстанның мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.  

Кейін сағат 18.00-де «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Бибігүл Төлегенованың ХІ халықаралық вокалистер байқауының салтанатты жабылуы өтті. Байқау жеңіпаздарын марапаттау рәсімінен кейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен байқау лауреаттарының гала-концерті өтті. Дирижері – Ерболат Ахмедьяров.

Samruk-Kazyna Trust бас директорының орынбасары Қалиасқаров Серғожа Маратұлы: «Шығармашылық байқау жас әртістерге өз талантын көпшілікке көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге шара өз бағын сынаушы жас вокалистерге жол ашады. Байқау аясында жыл соңына дейін «ерекше» балалар мен тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жеткіншектер үшін вокал бойынша бірқатар шеберлік сыныптары өтеді. Сабақтар офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылады. Балаларға өз ісінің кәсіби мамандарынан ақыл-кеңес, сонымен бірге жетістікке жеткен әншілерден үлгі алуға мүмкіндік туындайды».

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрқиса Мұратұлы жиналғандарға алғыс айтып, сөз сөйледі: «Жоғары классикалық өнер жанкүйерлері үшін әдемі опера музыкасынан ләззат алып, байқау жеңіпаздары мен лауреаттарының өнеріне куә болуға, жас дарын иелерінің шығармашылығына лайық баға беруге мүмкіндік туды».

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Оралов Асхат Раздықұлы: «Өз тарапымыздан Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер байқауын өткізу бастамасына әрқашан қолдау білдіруге уәде береміз».

Усманов Рамиз биылғы байқауға әділқазы мүшесі ретінде қатысып отыр. Ол байқауға шақырылғаны және классикалық орындау өнерінің шеберлерімен бірге әділқазы мүшесі етіп сайланғаны үшін ризашылығын білдірді. Бүгінде Рамиз Усманов Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың солисі, Өзбекстан халық әртісі.

Еске салайық, 2021 жылғы 1-11 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, қазақ бұлбұлы, академик Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауы он бірінші мәрте өткізілді.