Аймақтар • 12 Қазан, 2021

Таспадағы Түркістан тарихы

545 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үш мың жылдық тарих, ондаған ірі империялар тағдыры, ұлы хандар ерлігі, батырлар мен билер тағылымы, білім мен ғылым саласындағы теңдессіз төңкерістер һәм ерекше философия мен мазмұнды мәдениет – мұның барлығы түркі әлемі және оның ғаламат тарихын айқындайтын айрықша бағыттар.

Таспадағы Түркістан тарихы

Ал түркі әлемі жайлы сөз болғанда әсте Түркістан шаһарының тарих қатпарындағы һәм жаңа заман бедеріндегі орнын айтпай кету әділетсіздік. Демек көне мен жаңаны өз ендігінде сәтті тоғыстырған тарихи шаһар Түркістанның түркі әлемінің саяси-экономикалық қана емес, мәдени-рухани өмірінде де алатын орны ерек. «Хабар» арнасының арнайы тапсырысымен түсірілген тележурналист Майя Бекбаеваның «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деректі фильмінің басты идеясы мен концепциясы да негізінен осы тұжырыммен тоқайласады.

Жақында «Хабар» арнасы арқылы көрерменіне жол тартқан айтулы деректі фильм көрушісін ең әуелі мазмұндық мәнінің тереңдігі һәм өзінің құрылымдық ерекшелігімен баурап алады. Тамыры тереңнен тарқатылатын көне шаһардың бай тарихын бейнелі тіл, шебер өрілген драматургиялық формада ұтқыр жеткізе білген түсірілім тобының ізденісі көңілге құрмет сезімін орнықтырды. Олай дейтініміз, бірнеше мыңжылдық тарихы бар қаланың тек бай шежіресіне бойлап қана қоймай, оны бүгінгі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық сындарлы тарихымен егіз өріп, тағылымын тереңнен тарқата отырып, түркі әлемі биігінде байыпты бағдарлауы деректі туындының бейнелілік бояуын байытып, мазмұндық мәнін өзектендіре түскен. Мұны фильм авторы Майя Бекбаеваның өзі былай баяндады:

– «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деректі фильмі – Қазақ­станның рухани брендіне айналған қала туралы имидждік жоба. Аталмыш туындыда біз көне шаһардың негізі қаланған күннен бастап бүгінге дейінгі қалыптасу тарихын жан-жақты қырынан көрсетіп, оның түркі әлеміне тигізген ықпалына тоқталғымыз келді. Түркістан – тарихшылар мен археологтер үшін қазынаның кені. Қаладағы көнеден жеткен тарихи ескерткіштер мен оның рухани құндылығы зерттеушілермен қатар туристердің де қызығушылығын тудыруда. Көне шаһардың жаңа заман стилінде қайта жасақталып, күн-түн демей жүріп жатқан тамаша архтектуралық туындылары түркі әлемі мемлекеттерінің ортақ мақтанышына айналды. Жыл са­йын Түркістанға алыс-жақын шетелден мыңдаған турист келіп, көне қаланың бай тарихымен танысады. Оған түсірілім кезінде өзіміз де анық көз жеткіздік. Қала тек шетелдік туристер үшін ғана емес, тарихын танығысы келген кез келген отандасымыз үшін де қызық. Оның құндылығы, әсіресе, бүгінде тіпті арта түскендей, деген журналист әрі қарай пікірін нақты фактілермен тарқата тұжырымдады: – Түркістан атауы небір ұлы тұлғалардың есімімен байланыс­ты. Соның ішінде, әсіресе, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи тағылымы айрықша. Тарихи қа­ланың құндылығын үстеп тұрған да осы – Әзірет Сұлтан кесе­несі. Бұл аңызға бергісіз құрылыс нысаны ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұй­рығымен салынған. Енді міне, 600 жыл­дан аса уақытты артқа тастап, киелі шаһар төріне сән берген әсем кесене ма­ңайы жаңа құрылыс нысандарымен толығып, тарихи қала қайта түледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен Түркістан бүгінде күллі түр­кінің бет түзер ортақ құбыласы­на айнал­ды десек, артық айтқандығы­мыз емес. Менің байқағаным – бүгінгі Түркіс­танда көне тарихи ескерткіштер мен заманауи құрылыс нысандарының тамаша үйлесімі бар. Түркістан туралы түсірілген фильмдер көп емес, саусақпен санарлық қана. Сондықтан да «Хабар» арнасының көрермендері бұл туындыны асыға күтті. Әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірлерге қарағанда жасаған жұмысымыз жылы қабылданған сияқты.

«Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орта­лығы – Түркістан. Ол қазақ елінің рухани жүрегі» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірін негізге алар бол­сақ, киелі Түркістанның Қазақстан ғана емес, күллі түркі әлеміндегі орны айқын­далып шыға келетіндей. Міне, осы идеяны басты тірек еткен фильм өн бойына негізінен құнды ақпарат­тар мен оны беруші мамандар, қоғам қайраткерлерінің ойларын сәтті са­бақ­тап, тұщымды тұжырым түйеді: Түркіс­тан – түркі әлемінің рухани астанасы!

Иә, шамшырағы қайта жанған ша­һардың жаңа мыңжылдықтағы шежі­ресі де қайта жазылып, жаңа заман жастарының көзқарасы негізінде қайта жанданды. Осынау жауапты қадамның бір парасын аталған туындыдағы тұ­щым­ды талпыныстардан да айқын сезін­гендей болдық. Әсіресе, ұлы ақын, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың:

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай

жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой» деген рухты идеясы бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның еркін ойлы жастарының бағыт бұрар бағдарына айналғанына тамаша айғақ болатындай. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2018 жылдың 19 маусымында Түркістанға облыс мәр­тебесінің берілуі шын мәнінде тарихи оқиға болды. Күллі түркіге кие болған қасиетті мекеннің сол күннен бастап жаңа тынысы ашылып, шежіре тұнған шамшырағы қайта жанды. Ал Түркістан деген атау-ұғымның өзі жай ғана қала аты емес, Алаштың, қазақ­тың рухани түлеуі, жаңаруы, алға ұмты­луы деген мағынаны беретінін ескерсек, Түркістанның түлеуі – тәуелсіз Қазақ­станның, қала берді күллі түркінің тари­хынан ойып орын алатын елеулі оқи­ға екені даусыз. «Түркістан – түркі әлемі­нің рухани астанасы» деректі филь­мі көрерменіне осыны ұғындырды.