Қоғам • 12 Қазан, 2021

Қара шаңырақ

5062 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қара шаңырақ – қазақтың қacтеpлі, қacиетті үйі. Оны «үлкен үй» деп те ерекше құрметтейді. Студент кезімізде ауылға келгенімізде шешеміз: «Үлкен үйге барып, сәлем беріп кел, қарағым. Ол – көргендіктің, білгендіктің белгісі», деп ескертіп отыратын. Ауыл ішінде, ағайындар арасында ертеден келе жатқан сондай бір жақсы дәстүр бар болатын.

Қара шаңырақ

Қазақ шаңырағында ежелден әуелі әке, сосын ана отбасының тәр­бие­шісі, алғашқы ұстазы болған. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, ізетті, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен, әсіресе, баланың қартайған әке-шешелеріне қамқор болуынан көрінеді. Үлкен балалары отау тігіп, бөлек шыққанда ең кенже ұл әдетте ата-анасымен бірге қалады. «Қара шаңырақ» деп атайтын әкенің үйіне болашақта сол ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп, үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген «үлкен үй» басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй саналған. Әкесі бар кезінде де немесе ол қайтыс болғаннан кейін де осы үй «қара шаңырақ» атауын жоғалтпайды. Әке-шешені асырау кенже ұлдың міндеті болып саналады. Бірақ бұл басқа ұл-қыздарын ата-анасының ал­дын­дағы жауапкершіліктен еш босат­пайды.

Ертеде, ел арасында сақталған дәстүр бойынша «қара шаңырақ» батыр, би, әулие, білімді, молда, сыйлы кісілердің үйі болса, онда сол ауыл­дың адамдары алыс сапарға шық­са немесе алыстан адам келсе, міндетті түрде сол үйден ырымдап дәм татқан, тәу етіп, батасын алған. «Үлкен үй» – бір атаның, бір рудың сыйлы, құрмет тұтатын үлкен шаңырағы болғанын тарихтан білеміз.

Қара шаңырақты ұстап қалған ұл мен келін басқалардың ілтипатына ие болған. Қазақтың «Би болмаса да, би түсетін үй болсын» деген аталы сөзі осы «үлкен үйге» бағышталған болуы керек. Айтулы мереке күндері ағайын-туыстар алтын діңгек «үлкен үйге» сәлем бере барып, дастарқандас болып, дәм татуды парыз санаған. Өкінішке қарай, бабаларымыздан жеткен сол қастерлі ұлттық дәстүр, шаңырақты сыйлау, қадірлеу уақыт келе бұлыңғырланып, кей жерде мүлдем ұмыт қалып бара жатқаны кө­ңілге қаяу түсіреді. Баз біреулер оны ескіліктің қалдығы, ескінің сар­қыты, басқа шаңырақты орынсыз құр­меттеуі, жөнсіз жоғары қоюы деп ұға­ды.

Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде «Шаңырағымыз биік, керегеміз кең, еңселі елміз» деп ауыз толтыра әлемге жар салып, мерейіміз өсіп жатқаны бар. Бірақ қоғамда «әттеген-ай» дегізіп тұрған жайттар әлі де аз емес. Бар өңірде ұлттық мақтанышымызға ай­нал­ған ата дәстүрлеріміз, ұлттық құн­ды­лықтарымыз қайта жаңғырып, өмі­­рімізге әлі де батыл ене қойған жоқ. Әлі де жалтақтық, енжарлық, масылдық, бодандық мінез соңғы кезге дейін көбіміздің мысымызды басып тұрғанын жасыра алмаймыз.

Қара шаңырақ. Осы бір жаныңа жылу беретін аталы сөзге, киелі ұғым­ға қазақы болмысымызды, ұлт­тық құндылығымызды, парасат-пайымымызды түгел сыйғызып тұрған асыл дәстүрімізді қазіргі жастар қалай ұғып жүр? Үйдің ең соңғы ұлын «кенже», «сүт кенже» дейді қазақ. Әке­ден қалатын қара шаңырақ бар мал-мүлкімен кенженің иелігіне өтеді. Басқа ұлдар еншісін алып, бөлек кетеді. Бұл – Ұлы даланы дүбірлеткен бабаларымыздың жазылмаған заңы. Бүгіндері, әттең, уақыт өте ұмыт қа­лып барады сол дәстүр. Ауылды тас­тап, орынды-орынсыз, нәпақа табу мақсатымен, яғни күн көру жолын іздеп, жаппай дүрліге қалаға ағылдық, сөйттік те урбандану ағымына ілесіп, бірер жылда «қалалық» болып шыға келдік. Ауылда ата-әжеміздің ала­қа­ны­ның жылы табы қалған, бір кезде берекелі, мерекелі ата-бабамыздың шаңырағы, қадірлі үйі қаңырап иесіз, жапанда жалғыз қалды. Тіпті уақыт ырқына көніп, келе-келе олар да «қартайып», тозып, күйреп, бұзылып, шаңырақтары ортасына түскендері де бар. Туған ауылыңа әлде бір себептермен жол түсіп бара қалсаң, ат байлар, түсер үй таппай қиналатын кездерің де болады. Әрине, бұл – көңілге қаяу түсіретін, жүректі сыздатар өкінішке толы ауыр жайт.

Қазір өздерін «жаңа қазақпыз» деп, кеуделерін соғып жүрген, бо­йында ұлттық рухы, намысы жоқ жандар үшін қай елде, қай қалада тұру сөз емес сияқты. Олар: «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан оны қиналмай, молшылыққа батып жүріп өткізу керек. Ол қай жерде, қай мемлекетте орындалса – сол сенің Отаның», деп көкиді, шіркіндер. Сол пақырлар туған жердің топырағынан тамыры үзіліп қалғанын, болашағы немен аяқталатынын білмейді, тіпті білгісі де келмейді. Бір күні қызықты өтсе, қалтасы қалың, тамағы тоқ болса сонысына мәз. Заман көшіне ілесе алмай пейілдері тарылып, халық қаржысын жымқырып, былыққа батып, ақыры бас сауғалап, «қыр» асып кеткен қан­ша «жаңа қазақты» білеміз?! Тек өз бас пайдасын күйттеп, туған елден безіп жүрген алаяқтар жетіп жатыр бұл күнде. Елдің қарғысын арқалаған олар өздерін бақытты сезіне ме екен. Қайдам...

Ақын досым, марқұм Нарша Қашағанов туған жеріне арнаған жыр жолдарында:

«Сенде жатыр бабаларым ақылды,

Сәл ұзасам, солар мені шақырды.

Ұшқан ұям өзің едің алғашқы,

Қонар жерім сен

боларсың ақырғы»,

деп жырлайды.

Иә, кез келген адамның бойындағы ерекше қасиет ананың ақ сүтімен бірге туған жердің киелі топырағынан, шипалы ауасы мен таза суымен сіңеді. Адамның табиғаты туған топырағына тартып тұратыны сондықтан болу керек, сірә. Бұл – кіндік қанымыз тамған топырақтың, туған жердің тылсым сырға толы құдіреті екенін мойындауымыз керек.

Туған жерінің әсем табиғатын, киелі топырағын, тынысыңды аша түсетін саф ауасын, сусыныңды қанды­ра­тын мөлдір суын, тай-құлындай тебісіп бірге өскен замандастарын сағынбайтын қазақ жоқ шығар, тегі. Менің ойымша, алыстағы ағайынмен үздіксіз хабарласып, қайғысына да, қу­а­нышына да ортақтасып жүретін, туыс­қанға адал, береке-бірліктің дәнекері – бауырмалдық сезімінен айырылмаған халық – қазақ халқы десек қателеспейміз. Ол – қазақтың қанына сіңген ерен қасиет.

Қара шаңырақ ұғымының тереңін­де тұтастай ұлт тағдыры жатқан тә­різ­ді. Сондықтан болар, кейбір өңір­­лерде, қалаларда (мысалы, Нұр-Сұл­танда) «Қара шаңырақ» жобасы жасалып, көпшілікке қызмет етуде.

«Қара шаңырақ» жобасының мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалып­тасқан, ұлттық мүдденің өркен­де­уіне үлес қоса алатын, ұлттық құн­ды­лықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра ала­тын кемел, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу, ұлттық тәлім-тәрбие не­гіз­дерін, мемлекеттік идеяның не­гізі болып отырған патриотизмді насихаттау, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру.

Міндеті – мәдени-әлеуметтік өз­гермелі жағдайдағы ұлттық тәр­бие­нің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық зияткерлік мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қаты­насының өркениеттілік сана-сезі­мін ұлттық рухта қалыптастыру. Сон­дықтан «Қара шаңырақ» жобасы әр өңірде қанат жа­йып, халыққа пайдалы қызмет атқарса жөн болар еді.

Жыр майталманы Мағжан Жұ­ма­баев: «Көп түрік енші алып, та­рас­­қанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?», деп толғанған екен. Түркі әлемі бұл күндері Қазақс­тан­­ды өздерінің қара шаңыра­ғы деп мойындап отыр. Әсіресе әлем­нің 40-тай мемлекетін мекендеп отырған қандастарымыз қазақ елін құт мекеніміз, арқа сүйер қара ша­ңырағымыз деп біледі, оның жетіс­тік­теріне масаттанады, таза ниетпен шүкіршілік етеді. Ұлтты сақ­тайтын – құнарлы ана тіліміз, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер мен өнегеміз. Шынында да отбасымыз мерейлі, қа­сиетті қара шаңырағымыз мықты болса, Отанымыз мызғымайды, ел тозбайды. Қара шаңырақ – әр саналы жанның сүйеніші, тіреніші, қазынасы, киесі. Лайым, қара шаңырағымыздың, егеменді еліміздің іргесі сөгілмесін!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

 

ТАРАЗ