Аймақтар • 13 Қазан, 2021

Белоусовкада бірқазан жүр

544 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ескекаяқты құстардың қа­тарына жататын бұл бір­қазан әдетте Балқаш­тың жағалауында кездеседі екен. Маңайында көл түгіл, көл­шігі жоқ Белоусовка ауы­лына қайдан келгені белгісіз.

Белоусовкада бірқазан жүр

Өндірісі дамыған қала типті шағын кенттің айналасы аң жортып, құс шулайтындай жер емес. Ал «Қызыл кітаптағы» қоңыр бірқазан ауылдың дәл ортасына қалай тап болды? Тұрғындардың бірі қимылсыз отырған ерекше құсты көріп қалып, полицейлерді шақыртқан. Күдіктенсе керек. Өткен жылдары Шығыстың ше­ка­расындағы ауылдарда қы­зыл иероглифті мөр соғылған көгершіндер кездескен. Сөйтсек, жарысқа қатысатын қолдың кеп­тер­лері екен. Тордан шығып, шекара асса керек.

Қоңыр бірқазан күзгі көші-қон кезінде қатарынан қа­лып қойған секілді. Тауып алған азаматтардың айтуынша, адамдардан қашуға әлі қалмаған. Полицейлер келе сала, сирек құсты сақтап қалу үшін ветеринария қызметкерлерін ша­қырт­­қан. Олар Өскемендегі вете­ри­нарлық клиникаға алып кетіп, тексеру, емдеу жұмыстарын жүр­гізетіндерін айтқан.

Орнитолог, өлкетанушы Борис Щербаковтың айтуынша, «Қызыл кітаптағы» бұл бірқазан дене тұр­қы жағынан ең кішкентайы. Сал­мағы әрі кеткенде 4,5 кило ғана тартады. Негізгі қорегі – балық. Су­құзғындармен бірге аулайды. Алайда суға сүңгу қабілеті жоқ. Жемін суға басын тығып жіберіп қана тауып жейді.

Айта кетерлігі, биыл жыл құ­сы болып бірқазан бекітілген. Қазақ­стан биоалуандықты сақтау қауымдастығы Қазақстанның құс­тарды қорғау одағымен бір­лесіп, сирек құстарға назар аудару үшін жыл сайын «Жыл құсы» ақ­параттық науқанын өткізіп келеді.