Ұлттық болмыстың ұстынын айқындап, болашағын бедерлеген Елбасы мақаласының мәні мен маңызы жылдар жылжыған сайын айрықша айшықтала түскені анық. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі аталған бағдарламаның бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сынды 6 бағытын басшылыққа ала отырып, 17 арнайы жобаны іске асырудың жол картасы мен индикаторлары аясында тисті жұмыстар атқарып жатыр.
Бұл жобаларды жүйелі іске асыру мақсатында 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында елорда аумағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ту еткен 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Берекелі бастамалардың берері көп
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын әркім әрқалай түсінетіні анық. Алайда оның әуелгі мақсаты еліміздің барын бағамдап, жоғын түгендеу, ұлттың рухани қазына байлығын еселеп, халықтың отансүйгіштік сезімін жаңғырту еді. Сондықтан бұған дейін айтып өткен 17 жобаның көш басында «Туған жер» арнайы жобасының тұруы – заңды. Елбасы дәл осы жоба жөнінде «Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады», деген болатын.
Аталған жобаға қатысты ауқымды жұмыс ел астанасында да қолға алынып жатыр. Жергілікті билік жемісті жұмыс істеп, үйлестіру жұмыстарына айрықша назар аударып келеді. Мәселен, осы «Туған жер» арнайы жобасының аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы меценаттардың қолдауымен 85,8 млн теңгеге көмек көрсетілді. Осы жоба шеңберінде демеушілердің 4 млрд 100 мың теңгені құраған қаржылай көмегімен 3 млн-нан астам адам бағдарламаның игілігін көрді. Сонымен бірге «Туған жер» арнайы жобасының аясында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Білім беруді жаңғырту орталығы» МКҚК арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», деген еді. Түптеп келгенде, патриоттық сезім ұлтты ұйыстырады, жұртты жұмылдырады, жастарды ізгілік пен мейірімге жетелейді. Мәселен, жастардың елге деген шынайы махаббаты мен алғаусыз сезімі «Біз – ел патриотымыз» халықаралық жастар форумында айрықша байқалды. Осы форум жұмысына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы жастардың еселі еңбегіне тоқталып, еріктілер жаһандық пандемиямен күрес кезінде үлкен үлес қосқанын алға тартты. «Президент 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Еріктілер жаһандық пандемиямен күреске зор үлес қосты. Бас қалада еріктілермен бірге 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 170 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында Еріктілер штабы жұмыс істейді. «Қайырымды істер марафоны» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қалалық еріктілер штабы 700-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр», деді қала әкімі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызын айқындаудағы қарымды қадамның бірі һәм бірегейі – «100 жаңа есім» арнайы жобасы. Елбасы бір сөзінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», деген болатын.
Биыл бұл жобаның республикалық кезеңіндегі іріктеуден өтіп, жеңімпаз атанған елордалық азаматтардың қатарында Ұлттық әйелдер хоккей лигасында өнер көрсеткен алғашқы қазақ ойыншысы Бұлбұл Қартанбай бар. Ол – әйелдер арасындағы алғашқы қазақстандық NHL, АҚШ хоккей клубының бас жаттықтырушысы. Қазақстандық хоккей шабуылшысы, қазіргі уақытта кәсіби әйелдер хоккейшілері қауымдастығының мүшесі және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
Сондай-ақ жүзден жүйрік атанған жанның бірі – суретші, графикалық дизайнер, иллюстратор Әйгерім Кәрібаева. Өн бойына өнер тұнған суретші Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрігерлерге арналған мурал эскизінің авторы. Ол Umay Global Sammit III Дүниежүзілік саммитіне иллюстрация жасады. Ә.Кәрібаева өмірдің түрлі кезеңін, ұлттық колорит пен қазіргі заманды бейнелейтін шығармалары арқылы халықтың сүйіспеншілігі мен танымалдылығына ие болды. Иллюстратордың ең басты еңбектері – отбасына, әйелдердің әлемдегі үлесіне арналған. Графикалық дизайнер EXPO DUBAI – 2020 көрмесіндегі қазақ павильонының көрнекілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосты.
Ал балалар дәрігері-реабилитолог Латиф Парпиев болса қимыл-қозғалысында бұзылу байқалған балаларға көмектеседі. «Жаңа туған нәрестелерді ерте оңалту» жобасының негізін қалаушы. «Ата-аналарға арналған мектеп» жобасының нәтижесінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, еліміздің әртүрлі қалаларындағы ата-аналарға 15-тен астам медициналық көмек көрсетілді. Осы жобаның шарапатын жалғыз Қазақстанның ғана емес, өзге елдердегі көмекке мұқтаж балалар көрді. Олардың саны бүгінде 10 мыңнан асып жығылады. Сондай-ақ Л.Парпиев еліміздің реабилитолог-дәрігерлерімен бірге СОVID-19-бен ауырған пациенттердің денсаулығын қалпына келтіруге көмектескен бірнеше бейне-сабақтар түсірді. Ол «ВFК» қоғамдық қорының, «Дари добро» бастамашылар тобының, онкологиялық диагнозы бар балаларға көмек көрсететін топтың, «28 петель» қоғамдық қорының волонтері.
Биылғы жеңімпаздарды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов арнайы қабылдап, «Әр уақыт пен кезеңнің өз батырлары бар. Оларды біріктіретін бір нәрсе – мейірімділік, жаңа білімге, ел мен қаланың дамуына үлес қосуға деген ұмтылыс. «100 жаңа есім» жобасы – бірегей жоба. Бұл жай сандар мен жеңімпаздардың есімдерінің тізімі емес, бұл – нақты адамдардың нақты оқиғалары. Олар – күн сайын қоғамға пайда әкелетін адамдар», деп шынайы пейілін білдірді. Сонымен қатар жоба жеңімпаздарының қоғамға пайдалы жұмыстарына әкімдік тарапынан қолдау көрсетілді.
Алаш ардақтыларына еңселі ескерткіш
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған баянды бастамалардың бірі – «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы. Бұл жоба аясында елордадағы барлық қоғамдық көлік аялдамалары мен жарнамалық орындарда ел тарихында есімі ерекше аталатын тұғырлы тұлғаларымыздың нақыл сөздері орналастырылды. Сонымен қатар биыл Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар ұлы тұлғалардың ескерткіштері орнатылды.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады», дей келе атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажет екенін айтқан болатын. Бұл ретте, жыл санап елорда аумағында ел мен жерді қорғаған, қазақтың ғылымына, өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұрғырлы тұлғалардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп келеді.
Мәселен, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орнатылған ескерткіш ашылды. Ескерткіш бас қаладағы Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің саябақтың аумағында орналасқан. Ел Президенті жыл сайын Елорда күні қарсаңында қаланың рухани келбетін көркейте түсетін жаңа кешендер ашылатынын атап өтіп, былтыр осы игі дәстүрмен Елбасы кітапханасы музейінің бой көтергенін және оның алдынан ашылған саябақ қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналғанын айтты. «Сондықтан бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орнатылған тарихи ескерткішті дәл осы жерде ашып отырмыз. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі – заңды құбылыс», деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттіліктің негізін қалыптастыруға, еліміздің шекара шебін айқындауға, халықаралық келісімдермен біржола шегендеуге, жаһандық дағдарысты еңсеруге, халықаралық беделін нығайтуға Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өтті.
Алаш топырағы айбарлы ақындарымен, біртуар батырларымен әйгілі. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткіші ашылды. Қала әкімі өз сөзінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері ерліктің үлгісі екенін айрықша атап өтіп, «Ұлы Жеңіс қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Талғат Бигелдиновке арнап ескерткіш ашылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері ерліктің, табандылықтың, өскелең ұрпақ үшін ерлік пен даңқтың үлгісі болып саналады! Батыр ата-бабаларымыздың арқасында қазір бейбіт күнде өмір сүріп жүрміз! Біздің міндетіміз – батырларды жадымыздан шығармай, еске алу», деді. Алып мүсін Сарыарқа даңғылы мен Талғат Бигелдинов көшесінің қиылысатын тұсындағы аллеяда тұрғызылды. Ескерткіш қола мен граниттен жасалды. Мүсінші – Нұрлан Далбай, ал сәулетші – Расул Сатыбалдиев.
Сонымен бірге елордада Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Үкімет мүшелері, алаштанушы ғалымдар қатысты. Ел Президенті Алаш қайраткерлерінің мемориалына гүл шоғын қойып, ескерткіштің елорда күніне орай ашылуының символдық мәні зор екенін атап өтті. «Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық», деді Мемлекет басшысы.
Тарихи тұлғалар тұғырға қонды
Сондай-ақ елорда күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында ғалым, академик, геолог Қаныш Сәтбаев пен халық композиторы, күйші-домбырашы Дина Нұрпейісоваға арналған екі ескерткіш ашылды. Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші Қ.Сәтбаев және Қ.Мұңайтпасов көшелерінің қиылысында, яғни «Қазақстан» спорт кешенінің алдындағы алаңда ашылды. Ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Асқар Нартов. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 10,25 метр. Қоладан жасалған. Ғалымның мүсіні 5,25 метрге жетеді. Гранит тұғырының биіктігі – 5,8 метр. Тұғырында ғалымның әйгілі «Менің халқым менен де биік» деген сөзі қашалған.
Ал Дина Нұрпейісованың ескерткіші Абылай хан мен Күйші Дина көшелерінің қиылысында орналасты. Авторы – мүсінші Бауыржан Жалын. Күйшінің мүсіні қоладан жасалған. Тұғыры – гранит. Елбасы атап өткендей, «домбыра – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті. Біздің мәдени құндылықтарымыз, дәстүрлеріміз бен аңыздарымыз ішекті және күй әуендері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді». Көрнекті тұлғаларға арналған ескерткіштер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылды. Ел тұрғындарының ендігі міндеті – ата-бабаларымызды есте сақтау, құрметтеу.
Елордада тарихи тұлғаларға қойылған еңселі ескерткіштердің қатарын Әскери-тарихи музей жанындағы алаңда орнатылған мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің сом бейнесі толықтырды. Ұлт жадынан ұмытылмайтын кесек тұлғаның есімі ел азаматтарына етене таныс. Бұған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғаға көше аты берілген болатын. Ендігі кезек ескерткішке келіп отыр. Мүсін комиссия мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды. Ескерткіштің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержанов. Мүсін қоладан құйылып, тұғыры граниттен қаланды. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр. Елорда отанымыздың тек саяси ғана емес мәдени және рухани ордасы. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда еліміздің танымал тұлғаларына арналған бірқатар ескерткіш ашылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғаса беретін болады.
Қазақ елін әлем жұртшылығы батыр, балуан халық ретінде танитыны анық. Оған сом білекті, арыстан жүректі балуандарымыз дәлел. Бозкілемде ұлттың абыройын асқақтатып, мерейін үстем еткен сондай асыл азаматтың бірі һәм бірегейі даңқты балуан, әлем, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров еді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында Алаштың ардақтысына арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш Ж.Үшкемпіров атындағы Jekpe-Jek сарайының алдына орнатылды.
Бұған дейін арнайы жаңадан салынған Jekpe-Jek спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген болатын. Болашақта жас балуандар, спортшылар, келешек Олимпиада чемпиондары, ардақты азаматтың ізбасарлары көп болады деген ойдамыз.
Ұлт ағартушысы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин – есімі ел есінде мәңгі сақталған аса көрнекті тұлға. Ұстаздың «Кел, балалар, оқылық», деген бір ауыз сөзін бүгінде бүкіл қазақ халқы білуге тиіс. Сондықтан Ы.Алтынсариннің жарқын бейнесі жастардың санасынан өшпейтіні анық. Бұл ретте, биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы №83 мектептің алдында тарихи тұлғаның бюсті орнатылды. Бюсттің биіктігі тұғырын қоса алғанда 4 метрден асады. Авторы – Нұрбол Қалиев. Тұғыры граниттен, ал мүсіннің өзі қоладан құйылған.
Ел тарихындағы елеулі тұлғаларды ұлықтау – халықтың парызы. Сондықтан елордада қазақ халқының аяулы перзенті, саналы ғұмырын, қажыр-қайратын бала тәрбиелеуге және халықтың ағарту ісіне арнаған ұлы тұлға Ы.Алтынсариннің бюсті ашылғаны ел үшін ерекше маңызға ие. Бұл қадам ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған игі шара болғаны анық. Алдағы уақытта дәл осы №83 орта мектебіне Ы.Алтынсариннің есімі беріледі деген ойдамыз.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне монументтер орнатылды. Бұл жұмыс жастарға рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында қолға алынғаны анық.