13 Ақпан, 2014

Жаңа табыстардың жарқын бастауы

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған мемлекетімізді дамытудың басым бағыттары Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Оңтүстік Қазақстан облысында өткен кездесулерінде әңгіме өзегіне айналды. _DSC1494, фото к материалу Н.Нигматулин в ЮКО-1 Кентау трансформатор­ зауы­тының өнімі бүгінде эконо­ми­каның түрлі салаларында: электр энергетикасы, металлургия, ма­ши­на жасау, көлік, мұнай-газ кешені, тұрғын үй-коммуналдық секторларында кеңінен пайдаланылады. Заманға сай жоғары технологиялы құралдарды пайдалану арқасында шығарылған өнім сапалы әрі сенімді болып отыр. Н.Нығматулин зауыт­ жұ­мыс­шыларына Президент Жол­дауы­ның негізгі бағыттары ту­ралы кеңінен әңгіме етіп, бар­лық қазақстандықтардың басты мақсаты – Елбасы жүктеген тарихи міндеттерді жүзеге асыруға бел­сене араласу екенін қадап айтты. Мәжіліс Төрағасы аймақтың жалпы индус­триялық әлеуетіне тоқтала келіп, аталған зауыт­тың жоғары технологияларды пайдалануға, өндірісті жаң­ғыр­туға бағытталғанын тілге тиек етті. Айталық, 2013 жылы өн­дірістік өнім 552 миллиард тең­гені құрады, бұл – 2012 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары. Кәсіпорын қыз­меткерлерінің еліміздегі индус­трия­лық бағдарламаның орында­луы жайында сұрақтарына жауап берген Мәжіліс Спикері тек биыл­дың өзінде елімізде 130 өндіріс ор­нын ашу жоспарланғанын мәлім­деді. – Қазақстанда 2010-2014 жылдар аралығында 950 өндіріс орны құрылып, 250 мың жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде елімізде 250-ден астам жаңа өнім пайда болады, – деді Н.Нығматулин. Кентау трансформатор зауы­тының жұмыс­шылары Президент көрсеткен басым­дық­тардың бірі – инновациялық технология бағытын жедел дамыту өз өндірістерінде оң нәтиже беретініне сенімді. Мәжіліс Төрағасының тағы бір жарқын жүздесуі М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­ле­кеттік университетінің студент­терімен өтті. Осы оқу орнының студенттерін Елбасы Жолдауының ерекшеліктері мен оларды жүзеге асырудың нақты жолдары қы­зық­тырды. Прези­денттің саясатын қолдау мақ­сатында университет сту­денттері алғаш болып «Мәң­гілік Ел» қоғамдық жастар бірлес­тігін құру бастамасын қолға алған. Мәжіліс Спикерімен әңгіме барысында оңтүстікқазақстандық жастар, сондай-ақ, ғылымға негізделген экономика, түлектерді жұмысқа орналастыру, жастар сая­саты сияқты мәселелерге және соған лайық заңның қабылданар уақытын білуге құштарлық танытты. Н.Нығматулин бүгінде мәжілісмендер жастар саясатына арналған заң жобасын қабылдау жолында белсене жұмыс атқарып жатқанын, оның қабылдануы жастардың мүддесіне сай келетінін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» Саяси кеңесі бюросының мүшесі, партияның парламенттік фрак­ция­сының жетекшісі Н.Нығматулин бұл күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Алыс ауданнан келген Әлайдар Әмірханов деген азамат Сарыағаштан Жетісайға шығатын бағыттағы көпірдің бү­гінгі қиын жағдайын, бұл маңда үнемі көлік кептелегі болып, еркін қозғалуға қатты кедергі келтіріп жатқанын айтса, Ордабасы ауда­нының тұрғыны Замира Маханова «Бейнеу – Бозой» газ құбырының Темірлан елді мекеніне қашан келетініне қызығушылық білдірді. Ал бәйдібектік Ғабит Қапалбайдың мәселесі тіптен күрделі екен. Ақ­мешіт ауылындағы шаруа қо­жа­лығын басқаратын ол Боралдай өзені бойынан «Қостұра» су қой­ма­сы құрылысының қашан баста­ла­тынын білгісі келді. Бұл су қой­масы пайдалануға берілсе, Бәй­ді­бек ауданында суармалы жерлерді көбейтуге мүмкіндік артады. Н.Нығматулин көпірді кеңейту мәселесінің шешілуі үшін бюджеттен 369 млн. теңге қаралғанын, жұ­мыс биыл басталатынын жеткізді. Ал 2015 жылдың соңына қарай «Бей­неу – Бозой – Ақбұлақ» газ құ­быры облыстың 8 ауданы мен 254 ауылын көгілдір отынмен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қостұра» су қойма­сын салуға 280 млн. теңге қарас­тырылған. Азаматтарды қабылдау барысында Мәжіліс Төрағасы екін­ші топтағы мүгедек Гүлжамал Бек­бо­латовамен етене әңгімелесті. Оның ұлы да бала жастан мүгедек екен. – Біз үшін Жолдаудың орны ерекше. Себебі, Елбасы мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша көңіл бөлді. Осындай қолдаудың арқасында біздің әрқайсымыз өз елімізге қажет екенімізді түсінеміз. Президенттің бұл қамқорлығы бізге ауадай қажет, – деді Г.Бекболатова. – Елбасының биылғы Жолдауы бүкіл елімізге, халқымызға, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына да ерекше серпін беруде. Онда айтылған әрбір міндет жаңа өндіріске, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, инновациялық бағ­дарламаларға, жаңа табыстарға жол ашады. Сондықтан, бұл Жолдауды орындауға әрбір азаматтың өз үле­сін қосуы үшін мүмкіндіктер өте зор. Осының барлығы – біздің асыл мұратымыз, ұлы мақсатымыз «Мәңгілік Ел» болу жолындағы нақ­ты қадамдардың бірі, – деп сөзін қорытқан Н.Нығматулин мүм­кіндігі шектеулі Ерлан Бекболатқа қоларба сыйлады. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.