14 Ақпан, 2014

Өзара мүдделестік танытылған кездесу

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин  Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рокас Бернотасты қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Литва арасындағы өзара түсіністіктің жоғары  дең­гейін, сондай-ақ, халықаралық және аймақтық саясаттағы өзек­ті тақырыптар төңірегіндегі ұста­нымның ұқсастығын алға тартты. Нұрлан Нығматулин Литва Республикасына 2014-2015 жыл аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіне тұрақты емес мүше ре­тінде жұмысқа кірісуіне байланысты өз құттықтауын жеткізді. Қауіпсіздік туралы сөз еткенде, Мәжіліс Төрағасы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп беруге бағытталған халықаралық бастамаларына баса назар аударды. – Қазақстан Еуроодақтың қауіпсіздік мәселесі бойынша Еуро­одақ – Орталық Азия жоғары деңгейлі сұхбат құру бастамасын қолдады және оның дамуына тиісті деңгейде ықпал етуге дайын. Мұндай тетіктер бүкіл әлемде, соның ішінде біздің аймақтарымызда тыныштықты сақтауға өзіндік үлес қосатыны сөзсіз, – деді   Нұрлан Нығматулин. Спикердің атап өткеніндей, сондай-ақ, Еуропа Кеңесімен әріптестік қатынасты дамыту, Еуропалық құқықтық кеңеске қосылу біздің еліміз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Ал, әлеуметтік-экономикалық даму туралы сөз еткенде, Нұрлан Нығматулин Елбасы Жолдауының маңызды бағыттарын жүзеге асыру қазақстандықтар үшін де, сонымен бірге, шетелдік компаниялар үшін де оңтайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Өз кезегінде Рокас Бернотас Қазақстанның Литва үшін аймақ­та­ғы өте маңызды әріптес екенін атап өтті. Кездесу иелерінің пікірінше, қос мемлекет әріптестігінің ма­ңыз­ды бөлігі болып табылатын екі елдің парламентаралық ын­тымақтастық мәселелеріне ай­рық­ша көңіл бөлінді. Тараптар Қазақстан мен Литваның заң шы­ғарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту жолдарын тал­қылады, бұл ретте әртүрлі ба­ғыттар бойынша тәжірибе алмасу маңызды болмақ.  Әсіресе, ын­тымақтастық жөніндегі топтар мен комитеттер байланысын нығайту қажет. Мәжілісте Литва Рес­публикасының Сеймімен ын­ты­мақтастық жөніндегі топ жұмыс істейді. Құрамында 11 депутат бар. Ал ағымдағы жылы Сейм Спикерінің Мәжіліске ресми сапары жоспарланып отыр. Тараптар  бұл екі ел парламенттері, сондай-ақ,  жалпы Қазақстан мен Литва арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.