Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде отандық тауар өндірушілер баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ұлттық валюта бағамының түзетілуіне қатысты айтылды.
Брифингке «ҚазАгроИнновация» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әзімхан Сатыбалдин, «Ордабасы Құс» ЖШС директоры Мұрат Тағаев және «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ҚазҒЗИ директоры Дариғаш Шаймерденова қатысты. Олар теңге бағамының өзгерісі туралы айтып, оның отандық тауар өндірушілерге тигізер пайдасы жөнінде әңгімеледі. Мысалы, М.Тағаевтың сөзіне қарағанда, аталған кәсіпорын өндірген тауарының 70 пайызын ішкі нарыққа шығарады екен. Ал, қалған 30 пайыз өнімдері көрші Ресейге экспортталатын көрінеді.
Қазіргі уақытта Үкімет кәсіпорынға қолдау көрсетумен қатар, ішкі нарықта күркетауыққа қажет жем-азықтың бағасын көтермеуге бел буып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, егер жем-азық бағасы бұрынғы бағасында тұрса, кәсіпорынның ет өнімінің қымбаттауына ешқандай негіз жоқ. Әйткенмен, кәсіпорын бұдан былай экспорт көлемін арттырып, одан түсер табысты барынша молайтуды көздеп отыр екен. Теңге бағамының кезекті теңгерімі осы тұрғыда кәсіпорынның жаңа жобаларды қолға алуына мүмкіндік бермек.
Сөз кезегін алған Ә.Сатыбалдин орын алған жағдайға байланысты жеке пікірін айта келіп, «Қазақстанда азық-түлiк қоры жеткiлiктi, күнделiктi тұрмыста қолданылатын негiзгi азық-түлiк түрлерi елiмiзде өндiрiледі. Сондай-ақ, астық экспорттаушы iрi елдің біріміз. Ет экспорты бойынша да әлемдiк нарыққа шығып жатырмыз. Сондықтан, баға шарықтап кетеді деп алаңдаудың қажеті шамалы», деді.
– Теңге бағамының осы түзетілуі отандық өнім өндірушілерге әлемдік нарықта өз орнын нақтылап алуға көмектеседі деп санаймын. Мәселен, еліміз жыл сайын 10 млн. тоннаға жуық астық экспорттайды. Ол алтын өнім қымбатқа бағаланып жатса, бағам өзгерісі ауыл шаруашылығының өркендеуіне де септігі тиеді емес пе?! Демек, теңге бағамының түзетілуінің көлеңкелі жақтарын ғана емес, тұтас елге келетін пайдасын да ескерген жөн, – деп шегеледі сөзін Д.Шаймерденова.Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».