14 Ақпан, 2014

Бақылауға да байыптылық керек

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақмола медиа-орталығында облыс әкімінің орынбасары Ас­хат Қайнарбеков елдегі валю­та бағамында орын алған өзгеріс­тер­ге байланысты брифинг өткіз­ді. Оның жұмысына Ұлттық банк филиалының директоры Ғ.Ше­ге­нов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас­шысы Т.Хамитов, облыстық та­би­ғи монополиялар­ды реттеу депар­таменті мен монополияға қар­сы инспекцияның басшылары Т.Максилов пен Е.Сүлейменов қатысты. Асхат Қанатұлы респуб­ликалық және жергілікті БАҚ журналистері мен пар­тиялардың, қоғамдық ұйым­дардың өкілдеріне алғашқы екі күннің қорытындылары туралы толық мәлімет берді. Қаңтардың 11-і күні облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов аудан әкімдерімен, басқарма, кәсіпорын басшыларымен, халық тұтыну тауарларын өндіруші операторлармен және екіжақты меморандум иелерімен шұғыл мәжіліс өткізді. Онда 21 пункт бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, қолданыстағы бағаны ұстап тұру, оның негізсіз өсуіне жол бермеу туралы тапсырма берілді. Облыста азық-түліктің 33 атауының бағасы қатаң бақылауда ұсталуда. Арнайы комиссия құрылып, күніне үш рет бақылау ақпараттары сараптан өткізілуде көрінеді. Болмашы ауытқушылықтарға қарамастан өңірдегі жағдай тұрақты сипатта деген мәлім­деме жасалды. Брифингке қатысушылар тарапынан Үкімет басшысы тарапынан белгіленген нұсқауларды орындамаушыларға қол­да­нылатын шаралар, мұндай жағдайлар туралы қайда хабарлануы қажет, тұрғын үй мен автокөліктің қымбаттауы, несиені шетел валютасымен алғандардың мәселесі, тауар дефициті қолдан жасала ма, дәрі-дәрмектердің жайы, тағы басқа проблемалар туралы сұрақтар қойылды. Кездесу соңында облыс­ әкімінің орынбасары А.Қайнарбеков баспасөз өкілдерін салмақты да байыпты жарияланымдар арқылы облыс тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге шақырды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.