14 Ақпан, 2014

Жаңа бағам жаңаруға жәрдемдеседі

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлттық банктiң теңге бағамын түзетiп, өзгертуi бiздiң тау-кен металлургия қауымдастығына өте тиiмдi дегiм келедi. Бiздiң қауымдастықта жүзге жуық кәсiпорын бар. Оларда  3 мыңнан астам адам жұмыс iстейдi. Барлық кәсiпорындардың өндірген тауарларының 90 пайызы экспортқа шығарылады. Ал металдардың бағасы жаһандық дағдарысқа байланысты айтарлықтай арзандады. Осыдан бiраз жыл бұрын Павлодарда электролиз зауытын іске қосқан болатынбыз. Онда шығатын аллюминий бағасы былтыр бұрнағы жылға қарағанда 20 пайызға төмендеп, қазiр 1670 долларды құрап отыр. Елдегі ірі компанияның бірі «Арселор Миттал Темiртау» осы кезде қиын жағдайда тұр. Ол қара металдар өнеркәсiбiнде прокат шығаратын жалғыз кәсiпорын екені белгілі. Оның өндіретін металдары былтыр 2012 жылға қарағанда 2 есе арзандап кеттi. Себебi, қазiргi уақытта олардың шығарып жатқан өнiмдерi экспортталмай жатыр. Бұл нарық бағасына байланысты болып отыр. Мұнымен қатар, еліміз теңiзден алшақ орналасқандықтан, теңiзге дейiн өнiмдi темiржолмен жеткiзуге жұмсалатын шығын өнiм құнының айтарлықтай бөлiгiн құрайтынын назардан тыс қалдырмайық. Бiздiң өнiмдердiң бәсекеге қабiлеттiлiгi бұл тұрғыдан алғанда қиын болып тұр. Өнеркәсiптер де бiзге хабарласып өз ойларын айтып жатыр. Бұйыртса, келешекте түсетiн табыс көбейедi. Ол қаражат өнеркәсiптi дамытуға сеп болмақ. Мысалы, «Арселор Миттал» ауқымды модернизациялау жұмыстарын бас­тап кеттi. Жасалып жатқан iрi 2 жобаға қаражат қажет. Теңге бағамының айырмасынан келетін пайда аталған жобалардың жүзеге асырылуына жәрдем болары анық. Төлеген Мұқанов, Қазақстан тауар өндірушілері және экспортқа шығарушылар одағының вице-президенті, Тау-кен өндіруші және кен-металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы директорының орынбасары.