Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифинг барысында Ұлттық жоба төрт бағыттан тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, бірінші бағыт медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға байланысты. Екінші бағыт эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыруға арналған. Үшінші бағыт отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етеді. Төртінші бағыт саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
«Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде біз көпшіліктің, атап айтқанда, медицина мамандарының, кәсіпкерлердің, азаматтық қоғамның, денсаулық сақтау жүйесі ардагерлері кеңесінің пікірін ескердік. Ұлттық жобаның бірінші бағытын іске асыру үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен 100% қамтамасыз етіледі. Кем дегенде 40 денсаулық сақтау нысанын және 2 ғылыми орталықты жаңғырту жоспарланған. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмектің жалпы көлемінде амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көлемін кеңейту қарастырылған», деді А.Цой.
Ведомство басшысының айтуынша, Ұлттық жоба аясында жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау үшін бірнеше шара қарастырылған. Біріншіден, жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту көзделген. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, 8 өңірде балаларды оңалтуға арналған 8 орталық және 2 ерте араласу орталығын қосымша ашу жоспарланған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есе – 18-ден 60%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Халыққа сапалы қызмет көрсету көбінесе біліктілікке және қажетті мамандардың болуына байланысты. Сондықтан ұлттық жобаның бірінші бағыты аясында аса тапшы мамандықтар бойынша резидентуралық білім беру гранттарының саны 3 800-ге дейін, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлер саны көбейтіледі.
Сонымен қатар министр Ұлттық жобаның екінші бағытында биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-эпидемиялық сараптама зертханаларының үлесін үштен бірге, яғни 90%-ға дейін арттыру жоспарланғанын атап өтті. Бұл ретте Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылданады.
«Ұлтық жобаның үшінші бағытында Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмалары ескерілген. Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы алынатын медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50%-ын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған», деді А.Цой.
Ал Ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19%-ға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45%-ы саламатты өмір салтын ұстанып, 50%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53%-ға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.
Сонымен қатар А.Цой брифинг барысында ревакциналау процесі қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді.
«Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының халқын иммундау жөніндегі консультациялық комиссиямен бірге халықты қайта вакциналаудың тәсілдерін пысықтады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау шарасының толық курсын өткеннен соң, 6-9 айдан кейін қосымша дозасын егу ұсынылады. Векторлы (Спутник V) вакцина алған тұлғаларға 9 айдан кейін инактивті вакцина (Sinopharm, CoronaVac, Hayat Vax, QazCovid-in) егу; инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat Vax, QazCovid-in) вакцина алғандарға 6 айдан кейін векторлы екпе (Спутник V) салу; «мРНК-вакцина» (Pfizer) алған тұлғаларға 6 айдан кейін инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat Vax, QazCovid-in) немесе векторлы (Спутник V) екпе салу жоспарланған. Сондай-ақ бірізді екпе түрін салу арқылы қайта вакциналануға жол беріледі», деді министр.
Бұл ретте вакцина алған қанша адам коронавируспен ауырғаны жөнінде сұрақ туындады. Аталған сұраққа еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов жауап берді.
«Вакциналаудан кейін 21 813 адам ауырды. Оның ішінде Спутник V вакцинасынан кейін – 18 мың адам, QazVac-тан кейін – 436 адам, Sinopharm-нан (Hayat Vax) кейін 2 173 адам ауырды. Сондай-ақ Pfizer екпесінен кейін 17 адам ауырды, олар осы вакцинаны шетелде алған. CoronaVac вакцинасын алған 603 адам індетке шалдықты», деді Е.Қиясов.
Бұған қоса ревакциналау аясында Pfizer вакцинасының қосымша дозаларын жеткізу туралы мағлұмат берілді.
«Бастапқы кезеңде басымдықты санаттар айқындалады. Осы орайда 12 жастан асқан балалар, жүкті әйелдер қамтылмақ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған басқа вакциналар бойынша ересек адамдар екпе салдыра алады. Pfizer вакцинасы алдымен аталған санаттарға салынады. Аталған вакцинаны елімізге жеткізу мәселесінде алдымен тоңазытқыш желісі дұрыс қойылып, орнатылады. Минус 80 температуралық режім Қазақстан бойынша қосылады. Pfizer вакцинасына қатысты күрделі логистика болғандықтан, қалалар бойынша бірнеше нүктелі орындар айқындалады. Осы орайда нақты мекенжайларды, байланыс нөмірлерін хабарлаймыз. Нақты қандай вакциналау пунктері болатынын жариялаймыз. Вакцина бір айда жеткізіледі, яғни төртінші тоқсанға жоспарланған», деді А.Цой.
Осы орайда Pfizer компаниясымен 2021 жылдың соңына дейін Қазақстанға 4 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша шартқа қол қойылғанын атап өткен жөн.