Әлем • 17 Қазан, 2021

Бразилия президенті дауға қалды

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бразилия сенаты үкіметтің COVID-19 пандемиясына байланысты әрекеттерін зерттеп, келесі аптада ұсынылатын қорытынды баяндамасында президент Жаир Болсонаруға 11 қылмыстық айып таққалы отыр. 

Бразилия президенті дауға қалды

Ренан Калейрос сұхбаттарының бірінде сәуір айында басталған тергеу нәтижесі бойынша Болсонаруға елдің байырғы тұрғындарына қарсы геноцид, лауазымдық қылмыстар, мемлекеттік қаражатты жүйелі пайдаланбау, санитарлық шараларды бұзу, қылмысқа арандату және жеке құжаттарды қолдан жасау секілді айып тағылатынын мәлімдеген.

Өзі 2020 жылдың шілдесінде коро­на­вирус жұқтырып, емделіп шық­қанына қарамастан, оңшыл президент оқшаулау, карантин шараларына қарсы шығып, дәлелденбеген ем түрін алға тартқан, сондай-ақ вакцинаға күмән келтіріп, COVID-19 індетінің ауыр салдарын жеңілдетіп көрсетуге тырысқан.

Сенаттың тергеу комиссиясы жүргіз­ген зерттеудің есебі келесі сейсен­біде жариялануы керек. Келесі күні комис­сия мүшелері құжатты бас про­куратураға жібермес бұрын мәті­нін бір қарап, да­уыс беруге тиіс. Соған сәйкес Болсонару мен өзгелерге айып тағу туралы шешім қабылданады.

Бас прокуратура Президентке айып тағуы мүмкін, бірақ оны соттайтын жоғарғы сот төменгі палатаның сот ісін жалғастыруға рұқсатын сұрауы керек. Сарапшылардың айтуынша, төменгі палата мұндай өтінішпен келісуі екіталай. Ал президенттің кең­сесі түсініктеме беру туралы өтінішке бірден жауап бере қоймады.

Жалпы, Болсонарудың халық арасындағы рейтингі оның денсаулық сақтау саласындағы басты дағдарысты шешу барысындағы әрекеттеріне сай тө­мендей бастаған. Бразилияда COVID-19-дан 600 мыңнан астам адам қайтыс болды, бұл – Америка Құра­ма Штаттарынан кейінгі екінші көрсеткіш.

Калейростың айтуынша, баяндамада Болсонарудың кейбір ұлдарына және бұрынғы денсаулық сақтау ми­нистрі Эдуардо Посуэлоға да қыл­мыс жасағаны үшін айып тағылуы мүм­кін. Алайда қылмыс жасады деген айып­қа қай ұлының ілігетіні белгісіз.

Осыдан бірер күн бұрын ғана Бразилия президенті коронавирусқа қарсы вакцина салдырмайтынын жа­ри­ялаған. Ал бұған дейін ол елдегі соңғы бразилиялықтан кейін екпе сал­дыруға уәде еткен. Алайда ол соңғы зерттеулерге сүйеніп, мүлдем вакцина салдырмайтынын мәлімдеген. Брази­лия президентінің айтуынша, оның иммунитеті жеткілікті.

Болсонару ел азаматтарының вакцина алмауға құқығы бар екенін де айтқан. Деректерге сенсек, пре­зи­дент­тің бұл пікірі, керісінше халық­тың вакцинаға деген сенімі артып, көп­шілігі салдырып жатқан кезде айтыл­ған. Johns Hopkins универси­тетінің мәліметі бойынша, Бразилия хал­қының шамамен 47 па­йызы толы­ғы­мен вакцина салдырған, ал Our World In Data порталына сенсек, тұрғындардың 72 пайызы кем дегенде бір доза екпе алып үлгерген.

Болсонару осыған дейін де өз елінде Covid-19 індетіне немқұрайдылығы мен вирус тараған кезде денсаулық сақтау саласындағы сақтық шараларын дер кезінде қабылдамай, ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырғаны үшін қатты сынға ұшыраған.

Сонымен қатар биыл кыркүйек айында Бразилия президентінің БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне кірер алдында шетелдік делегация­лар­ға вакцина салдыру туралы қой­ған талабын ескермегені белгілі. Кейі­ні­рек Бразилия делегациясының бір­неше мүшесінің індет жұқтырғаны анықталған.

Бұл зерттеу сондай-ақ 2022 жылғы президент сайлауына айтарлықтай әсер етейін деп тұр. Сарапшылар қылмыс жасағаны бойынша айып тағылмаса да, келесі жылы оппозиция өкілдері қазіргі президенттің қателіктерін жақсылап бетіне басуы әбден мүмкін деп отыр. Баяндама елде біраз саяси шу шығарып, жағымсыз жаңалықты көбейтуі мүмкін. Тек елде ғана емес, халықаралық қоғам­дастық та бұл оқиғадан хабардар болары анық. Ал бұл өз кезегінде онсыз да беделі аз Болсонаруға деген құрметті арттырмайтыны түсінікті. Қоғамда Болсонарудың қолында билік бар кезде заң алдында жауап беретініне сенім аз. Дегенмен, сайлау науқанының алдында әбігерге салатыны сөзсіз.