Іс-шарада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан қоғамында сапалы өзгерістер болғанын айтты. Сондай-ақ осы аралықта қолға алынған реформалар парадигматикалық әлеуметтік өзгерістерге ықпал еткенін және қоғамның құрылымы түбегейлі жаңғырғанын сөз етті. Осы кезеңде еліміздегі барлық негізгі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзгерістерге үнемі әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп отырды.
«Қарқынды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулар құндылықтар жүйесінің өзгеруіне әкеліп соқты. Әрине, Қазақстан қоғамы үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық, еркіндіктен қымбат ұғым жоқ. Біздің қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі әлеуметтік ғылымдардың зерттеу тақырыптары екені сөзсіз. Бұл ретте әлеуметтанушылардың маңызы зор. Сондықтан Қазақстанның дамуына әлеуметтанушылар үлкен үлес қосты деп айтуға толық негіз бар», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері қазіргі таңда Қазақстанда жүйелі жаңғыру үрдісі жалғасып жатқанына, ашықтықты, бәсекеге қабілеттілікті және саяси жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс қолға алынғанына назар аударды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамды маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға жұмылдыру үшін құқықтық жағдай жасалуда.
«Мемлекет басшысы қыркүйек айында жариялаған Жолдауында тәуелсіз әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор екенін айтты. Президентіміз тәуелсіз әлеуметтік сауалдамалар әкімдердің жұмысын бағалаудың маңызды тетігі болуы керектігіне де тоқталып өтті. Биліктің жұмыс сапасына қатысты халықтың шынайы көзқарасын осындай зерттеулер беруі қажет», деді Сенат Спикері.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік саясатты тәуелсіз, объективті және сапалы әлеуметтік қолдауға деген сұраныс артып келеді. Дегенмен бұл салада шешуді қажет ететін проблемалар да аз емес.
«Соңғы жылдары елімізде көптеген әлеуметтік сауалдамалар жүргізілді. Оған бөлінген қаражат та аз болмағаны түсінікті. Алайда сол зерттеулердің сапасына қатысты шағымдар жиі айтылады. Зерттеулерге тапсырыс беретін мемлекеттік органдарға да қатысты мәселелер бар. Мысалы, осындай зерттеулерді жүргізуге шақырылатын ұйымдарды іріктеу кезінде кәсіби талаптар лайықты деңгейде ескеріле бермейді», деді Мәулен Әшімбаев.
Бұл мәселені шешуде кадр даярлау ісі негізгі басымдықтардың бірі екені сөзсіз. Сондай-ақ әлеуметтанушылардың кәсіби деңгейі жаңа жағдайға сай болуы да аса маңызды. Сенат Төрағасы бұл бағытта цифрлы технологияларды кеңінен пайдалану және Big Data талдауы арқылы зерттеу құралдарын жаңғырту да өзекті екенін айтты.
«Қазақстан Парламентінің Сенаты отандық әлеуметтану ғылымына заңнамалық қамтамасыз ету тұрғысынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сенат сарапшылар қауымдастығын дамытуға арналған жобаларды қолдайды. Сонымен бірге, біз Клубтың бастамасымен қолға алынған жаңа қоғамдық жоба – Талдау мектебіне де қолдау білдірдік. Бұл бастаманың мақсаты – мемлекеттік қызметте және академиялық ортада жұмыс істейтін жас мамандардың талдау тәсілдерін меңгеруіне көмектесу», деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған орай Сенат Төрағасы барлық мүдделі тарапты аталған бастаманы бірлесіп іске асыруға шақырды.
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз сөзінде: «Бүгінгі іс-шараға қазақстандық әлеуметтану ғылымының барлық қауымы жиналғанын пайдаланып, сіздердің кейде серіктес, тіпті кейде оппонент әрі сыншы ретіндегі жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл өте маңызды рөл. Өйткені дәл осы социология шынайы жағдайды ой елегінен өткізуге көмектеседі. Сіздер қоғам үшін және мемлекет үшін де әлем картинасын құрылымдайсыздар», деді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет мүлдем әртүрлі форматтағы әлеуметтік зерттеулердің ең ірі тапсырыс берушілерінің бірі болып отыр. Осы орайда ол барынша маңызды бастамаларды еске салып өтті.
«Бұған дейінгі жылдары бұл сұраныстың қоғамдық-саяси жағдайды өлшеуден бастап, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің индикаторларын өлшеуге дейінгі электоралдық мониторингтің қалай қалыптасқанын жақсы білесіздер. Ел Президентінің азаматтар тарапынан әкімдердің қызметін бағалау жөніндегі бастамасы мемлекет тарапынан маңызды қадам болды. 2019 жылдан бері мұндай бағалау жыл сайын жүргізіледі. Әзірше олар жылына 2-3 өңірді ғана қамтиды. Бірақ үлкен ауылдық округтерге дейін бағалау барынша қомақты әрі жан-жақты», деді Дәурен Абаев.
Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының президенті, Түркітілдес елдер әлеуметтанушылар одағының президенті Марат Тәжин алғашқы 30 жыл еліміз үшін ерекше кезең болғанын атап өтіп, осы уақыттағы жетістіктердің тарихта мәңгі сақталатынын айтты.
«Менің ойымша, Елбасы өткен ғасырдың 90-жылдарында-ақ оң консенсус құра алды. 1997 жылдың өзінде Қазақстан ел дамуы бойынша «Қазақстан-2030» ұлт жоспарын қабылдағанын есте ұстаған жөн. Еліміз қысқа уақыттың ішінде алға қойған мақсаттарына жете алды. Әлеуметтану бойынша барлық сұрақты шешуге қажет құралдар, арсенал қолданылады деуге болады. Біздің әлеуметтанушыларымызда жақсы теориялық арсенал бар, әлеуеті жоғары. Мен үлкен балама әлеуметтік теориялар уақытының аяқталғанын атап өткім келеді. Бұл заманауи теориялық әлеуметтанумен айналысатындарға мәлім. Қазір өзара орындауға болатын теориялық әлеуметтанудың уақыты келді деп ойлаймын. Бізге сол қажет», деді Марат Тажин.
Алқалы жиынға Қазақстанның Чехия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының президенті, Түркітілдес елдер әлеуметтанушылар одағының президенті Марат Тәжин, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, ғылыми-академиялық және сараптамалық-талдау ұйымдары мен қоғамдастықтардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, саясаттанушылар, философтар, дінтанушылар, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан әлеуметтанушыларының қауымдастығы бұған дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстан жас ғалымдар зерттеулерінде» атты жас әлеуметтанушылар форумын ұйымдастырды. Соның аясында белгілі қазақстандық әлеуметтанушылар жас ғалымдарға арнап шеберлік сабақтарын өткізді. Одан бөлек, Жас әлеуметтанушылар форумы барысында «Зерттеуші-әлеуметтанушылардың жаңа сын-қатерлерге арналған құзіреттері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.