Медицина • 18 Қазан, 2021

Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бастайды

595 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы жүзеге асырылады. Орталық коммуникация­лар қызметі алаңында аталған жоба жан-жақты таныстырылды, сондай-ақ халықты коронавирус індетіне қарсы вакциналау және ревакциналау туралы хабарланды.

Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бастайды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифинг барысында Ұлт­тық жоба төрт бағыттан тұра­тынын атап өтті. Оның айтуынша, бірінші бағыт медициналық көмек­тің қолжетімділігі мен сапасын арт­­тыруға байланысты. Екін­ші ба­ғыт эпи­демиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйе­сін қалып­тастыруға арналған. Үшін­ші бағыт отандық фармацевтика сала­сының дамуына ықпал етеді. Төртін­ші ба­ғыт саламатты өмір салтын ұс­тана­тын халықтың үлесін арттыруға және бұ­қаралық спортты дамытуға бағытталған.

«Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде біз көпшіліктің, атап айтқанда, медицина мамандарының, кәсіпкерлердің, азаматтық қоғамның, денсаулық сақтау жүйесі ардагерлері кеңесінің пікірін ескердік. Ұлттық жобаның бірінші бағытын іске асыру үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауыл­дар бастапқы медициналық-сани­тар­лық көмек ұйымдарымен 100% қам­тамасыз етіледі. Кем дегенде 40 денсаулық сақтау нысанын және 2 ғылыми орталықты жаңғырту жоспар­ланған. Тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмектің жалпы көлемінде амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көлемін кеңейту қарастырылған», деді А.Цой.

Ведомство басшысының айтуынша, Ұлттық жоба аясында жүкті әйелдер мен балалардың ден­сау­лығын сақтау үшін бірнеше шара қа­растырылған. Біріншіден, жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақы­лаумен қамту көзделген. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, 8 өңірде балаларды оңалтуға арналған 8 орталық және 2 ерте араласу орталығын қосымша ашу жоспарланған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медицина­лық оңалтумен қамтуды 3 есе – 18-ден 60%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Халыққа сапалы қызмет көр­сету көбінесе біліктілікке және қа­жетті мамандардың болуына бай­­ла­нысты. Сондықтан ұлттық жоба­ның бірінші бағыты аясында аса тапшы мамандықтар бойынша резидентуралық білім беру грант­тары­ның саны 3 800-ге дейін, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлер саны көбейтіледі.

Сонымен қатар министр Ұлттық жобаның екінші бағытында био­қауіп­сіздік және сәйкестікті баға­лау саласындағы халықаралық стандарт­тарға сәйкес келетін санитарлық-эпи­демиялық сараптама зерт­ха­наларының үлесін үштен бірге, яғни 90%-ға дейін арттыру жос­пар­ланғанын атап өтті. Бұл ретте Пар­ламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылданады.

«Ұлтық жобаның үшінші бағы­тында Мемлекет басшысының биыл­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмалары ескерілген. Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы алынатын медицина­лық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50%-ын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарт­тарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған», деді А.Цой.

Ал Ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19%-ға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45%-ы саламатты өмір салтын ұстанып, 50%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53%-ға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.

Сонымен қатар А.Цой брифинг барысында ревакциналау процесі қалай ұйым­дастырылатынын түсіндірді.

«Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының халқын иммундау жөніндегі консуль­та­циялық комиссиямен бірге халық­ты қайта вакциналаудың тәсілдерін пысықтады. Халықаралық тәжіри­бені ескере отырып, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау шарасының толық курсын өткеннен соң, 6-9 айдан кейін қосымша дозасын егу ұсынылады. Векторлы (Спут­ник V) вакцина алған тұлға­ларға 9 айдан кейін инактивті вакци­на (Sinopharm, CoronaVac, Hayat Vax, QazCovid-in) егу; инак­тивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat Vax, QazCovid-in) вакцина алған­дарға 6 айдан кейін векторлы екпе (Спутник V) салу; «мРНК-вак­цина» (Pfizer) алған тұлғаларға 6 ай­дан кейін инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat Vax, QazCovid-in) не­месе векторлы (Спутник V) екпе салу жоспарланған. Сондай-ақ бі­різді екпе түрін салу арқылы қайта вак­ци­налануға жол беріледі», деді министр.

Бұл ретте вакцина алған қанша адам коронавируспен ауырғаны жөнінде сұрақ туындады. Аталған сұраққа еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов жауап берді.

«Вакциналаудан кейін 21 813 адам ауырды. Оның ішінде Спутник V вакцинасынан кейін – 18 мың адам, QazVac-тан кейін – 436 адам, Sinopharm-нан (Hayat Vax) кейін 2 173 адам ауырды. Сондай-ақ Pfizer екпе­сі­нен кейін 17 адам ауырды, олар осы вакцинаны шетелде ал­ған. CoronaVac вакцинасын алған 603 адам індетке шалдықты», деді Е.Қиясов.

Бұған қоса ревакциналау аясында Pfizer вакцинасының қосымша дозаларын жеткізу туралы мағлұмат берілді.

«Бастапқы кезеңде басымдықты санаттар айқындалады. Осы орайда 12 жастан асқан балалар, жүкті әйел­дер қамтылмақ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған басқа вакциналар бойынша ересек адамдар екпе салдыра алады. Pfizer вакцинасы алдымен аталған санаттарға салынады. Аталған вакцинаны елімізге жеткізу мәселесінде алдымен тоңазытқыш желісі дұрыс қойылып, орнатылады. Минус 80 температуралық режім Қазақстан бойынша қосылады. Pfizer вакцинасына қатысты күрделі логис­тика болғандықтан, қалалар бойын­ша бірнеше нүктелі орындар ай­қын­далады. Осы орайда нақ­ты мекенжайларды, байланыс нөмір­лерін хабарлаймыз. Нақты қандай вак­циналау пунктері болатынын жария­лаймыз. Вакцина бір айда жеткі­зіледі, яғни төртінші тоқсанға жос­пар­ланған», деді А.Цой.

Осы орайда Pfizer компаниясымен 2021 жылдың соңына дейін Қазақстанға 4 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша шартқа қол қойылғанын атап өткен жөн.