14 Ақпан, 2014

Қала қадамы қарышты

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
001 IMG_3933 Қызылорда қаласы – аймақ экономикасының барлық сала­ларындағы көшбасшысы десек, ақи­қаттан алыс кетпейтін шы­ғармыз. Бүгінде әлеуметтік және ин­фрақұрылымдық жобаларды іске қосу, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру арқылы қала қарқынды дамып келеді. Былтырдың өзінде қаладағы өнеркәсіп орындары 1 триллион 271 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Мұның үлкен көрсеткіш екені, айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, облыста өндірілетін өнімнің 94,2 пайызы, салынған құрылыс нысандарының үштен бірі Қызылорда қаласының үлесінде екен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 180 миллиард теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде алар болсақ, өңірге салынған инвестицияның 48,3 пайызы қалаға тиесілі екен. Республикада Қызылордадан басқа бірде-бір облыс орталығына ауылдық округтер қарамайды. Сондықтан Сыр елінің бас қаласы ауылшаруашылық саласында да әжептәуір пайда келтіріп отыр. Сондай-ақ қала халқының азық-түлік қажеттіліктерін де осы ауылдар өтейді. Өткен жылы Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 3 миллиард 188 миллион теңгені құраған. Атап айтар болсақ, 6717 гектар жерге егіс егіліп, тауар өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш және су жеткізу қызметтеріне 92 миллион теңге субсидия бөлінген. Мал шаруашылығына қатысты, төрт түліктің тұрақты өсімі байқалады. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 197 миллион теңгеге 1152 бас ірі қара және асыл тұқымды мал алынған. Ал 13 шаруа қожалығына 43 миллион теңге субсидия берілген. – Қала шеңберінде жұмыс­сыздықты жою күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Бұл рет­те «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасының атқарар рөлі ерекше. Берекелі істің бастауына айналған байыпты бағдарлама аясында былтыр 1336 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Ақжарма, Қызылжарма, Қосшыңырау ауылдық округтері мен қала орталығында ұзындығы 4,1 шақырым болатын 4 көше жөн­деуден өтті. 99 қызылордалық ша­ғын несие алып, өз кәсібін аш­ты. 340 тұрғын қайта даярлау, 488 қы­зылордалық кәсіптік даярлау курс­тарынан өтті. 591 азамат әлеу­меттік жұмыс орындарымен, 506 жас маман «Жастар тәжірибесімен» қамтылды, – дейді Қызылорда қала­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Шаһар басшысы Қызылордада кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып жатқанын айтады. Өткен жылы қалада кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталығы ашылып, кәсіпкерлер палатасының өкіл­дігі құрылыпты. Қаладағы жалпы кәсіпкерлердің саны 26104 адам­ға жеткен. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы зор ықпал жасап отыр. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Ал аталған жоба аясында 1213 қызылордалық тұрақты жұмысқа орналасқан. – Қалада салынған тұрғын үйлер көлемінің өсуі  халықтың әл-ауқатының артқандығын анық байқатса керек. 2013 жылы жалпы ауданы 140 мың шаршы метр­ге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 25 тұрғын үй бой көтеріп, 13-і халық игілігіне ұсынылды. Жыл ішінде 436 қызылордалық қоныс тойын тойлады. Апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Көптен көтеріліп жүрген мәселенің бірі – Титов қыстағындағы апатты жағдайдағы үйлер болатын. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей қолдауымен өткен жылы облыстың төтенше жағдайлар резервінен 208 миллион теңге бөлініп, 24 пәтерлі тұрғын үй салынды. Сонымен қатар, өткен жылы қаланың инженерлік-инфрақұрылымын да­мытуда нәтижелі жұмыстар ат­қа­рылды. Қаладағы өзекті мәсе­лелердің бірі – халық жаңадан қоныстанған шет аймақтардың ин­женерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылымын дамытуға рес­пуб­ликалық бюджеттен 1 миллиард 315 миллион теңге бөлініп 79,1 ша­қырым ауыз су құбыры тартылып, 18,7 шақырым электр желілерінің құрылысы салынып, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы инженерлік жүйелеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету басты назарымызда. Мысалы, былтыр «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 13 шақырым ауыз су және 4,6 шақырым кәріз су жүйелері қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар 25 су бұрғылау ұңғымалары бұрғыланды, 506 су есептегіш құралдары орнатылды. Тасбөгет, Белкөл кенттері мен Қызылөзек ауылдық округінде 40 шақырымға жуық ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 901 отбасы су есептегіш құралдарымен қамтылды. Коммуналдық сала бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Облыс әкімінің қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Соның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 милиард 412 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 94,4 шақырымды құрайтын 78 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 82 көшеде ағымдағы жөндеу жасалды. Әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылды. Орталық Жібек жолы көшесі 6 жолақты болып кеңейтіліп, жаңғыртылды, дейді Нұрлыбек Машбекұлы. Қызылордалықтар үшін өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық кө­ліктің шаруасы еді. Қала көше­лерінде жүрген шағын автобус­тар халыққа аса ыңғайлы болмай тұр. Бұл тарапта да жақсы бастама көтерілді. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпора­циясы жанынан «Қызылорда ав­тобус паркі» құрылып, оның материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жаңа және кең 20 автобустар алынды. Осы айдан бастап халыққа қызмет көрсететін бұл автобустардың ерек­шелігі – экологиялық таза, мүм­кіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолжетімді екенін айтқан абзал.  Сон­дай-ақ биыл автопарк тағы 100 автобуспен толығады. Қызылорда қаласындағы қысқы жылу маусымы да қалыпты өтуде. «Қысқа дайындық жұмыстары барысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 291 миллион 300 мың теңгеге ұзындығы 3,6 шақырым магис­тральды жылу трассалары мен же­лілері жөнделді. Бірінші кезекте шешуді қажет ететін өзекті мә­селелердің бірі болып келген жылу орталықтарындағы тозығы жеткен 2 бу қазандығы жаңартылып, желілік су жылытқыштары қайта жаңғыртылды. Қызылорда қаласы республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған жалғыз облыс орталығы. Осы проблеманы шешу мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен 45 миллион 600 мың теңге бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме жасалды», дейді шаһар басшысы. Қысқасы, Қызылордада барлық сала бойынша алға ілгерілеушілік байқалады. Бұл ең алдымен ел экономикасының тұрақты өсуінің арқасы екендігі анық. Содан соң облыс және қала басшылығының тынымсыз жұмысының нәтижесі. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.
Соңғы жаңалықтар