14 Ақпан, 2014

Кеңестік кезекті кеңкелестік

2317 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ауған соғысының айтылмаған ақиқаты

Биылғы ақпан айында Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толады. 1979 жылдың 25 желтоқсанында Кеңес өкіметі басқарушыларының қарымсыз, дарынсыз саясаткерлігінің кесірінен Ауғанстанға әскер енгізіліп, ол 10 жыл бойы ешкімге пайдасыз соғыс жүргізді. Осы уақыт аралығында Ауғанстан территориясында 600 мыңнан артық кеңестік әскерилер болды. Оның 15 мыңнан артығы қаза болды, 54 мыңға жуығы жараланды, 417-сі хабарсыз кетті. Соның ішінде соғысқа қатысқан 22 мыңнан астам қазақстандықтың 1 мыңға жуығы қаза болып, 2 мыңнан астамы мүгедек болып қалды. Ал 21 қазақстандық із-түзсіз кетті. Бұл айтуға ғана оңай сандар. 18-ге жаңа толып, өмірді енді ғана бастаған боздақтың мәйітін жерлеудің қаншалықты қиын екендігін бастан кешіргендер біледі. Ұзақ, 10 жыл бойы жасы балиғатқа толып, әскерге алынуға тиісті балалардың бәрінің де ата-аналары «Ауғанстанға жібермесе екен» деп қыл үстінде жүргендей күй кешетін... Мұның да жүйкеге қаншалық салмақ түсіргенін бастан кешкендер біледі. Сайып келгенде бұл соғыс Ауғанстанға барғандар мен онда қаза болғандар үшін ғана емес, сол жылдарда 300 млн-ға жуық халқы болған барлық КСРО халқы үшін үлкен трагедия болғанын ұмытпайық. ауган согысы-10 Сол жылдары КСРО Ауғанстан өкіметін қолдау үшін бюджеттен жыл сайын 800 млн. (10 жылда 8 млрд.) доллар бөлінген. Ал 40-ар­мия­ны ұс­тау үшін жыл сайын 3 млрд. доллар бөлініп тұрған. 1989 жылы сол кездегі КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Рыжков бір топ экономистерге ауған соғысының барлық шығындарын есептеуді тапсырады. Алайда, шығын­ның жан түршіктірерлік орасан зор көлемде екенін көрген өкімет басшылары халықтың толқуынан қорқып, оны жарияламау керек деп шешкен. Кеңес экономикасын тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыратқан факторлардың бірі осы – Ауған соғысы екені әбден дәлелденген. Ең қиыны бұл соғыс ешқандай нәти­жесіз аяқталды. Кеңес жағы қолдаған Кабул өкіметіне қарсылар азаюдың орнына күн санап өсе түсті. Мәселен, кеңес әскерінің барынша күш алған 1986 жылдың өзінде моджахедтер Ауғанстан аумағының 70 пайызына бақылау жасап тұрған... Кеңес Одағының ықпалындағы Наджибулланың өкіметі де 3 жылға ғана шыдай алды. Аумалы-төкпелі Ауғанстан Ауғанстан аумағын ежелден мұсыл­ман халықтары қоныстанып келген. Мұндағы тілдері, түрлері, ішінара ділдері де бөлек халықтардың бәрін діндері біріктіріп тұратын еді. 1979 жылы ондағы 20 млн-ға жуық халықтың 40 пайызға жуығы пуштун, қалғанын тәжік, өзбек, хазар, түркімен, аймақ және т.б. 20 шақты халық құрады. Ішінде қазақ, қарақалпақ, қырғыз да бар. Әрқайсысы өзінің қалың шоғырланған аймақтарында қоныстанған. Ауғанстан аумағынан ежелден не­ше түрлі соғыстар өтті. Соның соңғы уақытта болғандарын ғана ауызға алар болсақ, ХVІІІ ғасырдың басында Ауғанстанды Иранның түркі нәсілдес шахы Нәдір басып алды. 1747 жылы Ахмадшах Дуррани көтеріліс ашып, Нәдірді құлатып, алғаш рет, Кандагарда қазіргі Ауғанстан аумағын түгел қамтыған империя құрды. Тарихта «Дуррани державасы» деп аталған бұл мемлекетті оның ұрпақтары тұтас ұстай алмай, 1818 жылы Пешавар, Кабул, Кандагар және Герат князьдіктеріне бөліп жіберді. Бұл кезде Үндістанды түгел басып алған ағылшындар Ауған­стан аумағына да жиі көз алартып тұрған. ХХ ғасырдың басына дейін ол Ауғанстан аумағын басып алмақ болып екі рет соғысты. Алайда, халықтың қайсар қарсылығының арқасында кәрі арыстанның азуы жас мемлекетке толық бата алмай, тек протектораттығын ғана мойындата алды. Оның үстіне қазіргі Орталық Азия елдерін түгел басып алған Ресей империясы да Еуразияның орталығында орналасқан  стратегиялық тұрғыдан маңызды бұл елдің ағылшындардың ықпалында кеткенін қаламай, ауғандықтардың соғысын қолдап отырған. Сөйтіп, І-Дүниежүзілік соғыс жылдарында Ауған­стан Англияның протектораты болса да бейтараптық ұстанып, еш жаққа тартылмады. 1919 жылы Аманулла хан Ауған­станның ағылшындарға ішінара бағы­ныстылығынан арылып, тәуелсіз корольдік жариялады. Оны Ресей, одан кейін, 1926 жылы Англия да танып, сол жылы дипломаттық қатынастар орнатады. Айта кетерлігі сол, Ауғанстан ко­роль­дігі Ресейдегі большевиктер өкі­ме­тін ең бірінші болып таныған мемлекет. Осы Ауғанстан корольдігі бір­шама дамып, алыс-жақын шетелдермен саяси-экономикалық қарым-қатынастар орнатады. Соның ішінде ағылшындардың жауы Германиямен де қарым-қатынасты ұлғайтқан. Әсіресе, кеңестік Ресеймен арадағы әріптестік ынтымақтастықтар барынша кеңейген. Кеңес өкіметі ауғандық әскерилерді дайындап, техникалық көмектер де көрсеткен. Есесіне, Кеңес өкіметінің талабымен Аманулла хан осында келіп тығылған Орталық Азия елдерінде Кеңеске қарсы бас көтерген азаттық күрескерлері  – басмашыларды ұстап беруге және оларды қыруға жол берген. Сондықтан да, Амануллаға деген қарсылық халық арасында үдей түседі. Осындай себептермен 1928 жылы Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріс болып, өкімет басына Бачаи Сакао келеді. Ал Аманулланың өкілі Сталиннен әскери көмек сұрайды. Кеңес өкіметі 1921 жылы жасалған достық туралы келісімді сылтауратып көмек беруге келіседі. Сөйтіп... Кеңес әскерлері тәуелсіз Ауғанстан мемлекетінің шекарасы­нан алғаш рет 1929 жылдың наурыз айында өтеді. Мұнда да тәжіктің Термез қаласының түбіндегі шекараны бұзып, қызыл әскерлер басқа елдің аумағына шығады. Бұл отрядтың құрамында 2 мыңнан артық сарбаз, 4 зеңбірек, 12 станокты және 12 қол пулеметі болған. Ауған әскерінің формасын киген осы әскер де біршама лаң тудырған. Олар Келиф, Ханабад және ауғандық түркілердің орталығы Мазари-Шариф қалаларын басып алған. Мамыр айының аяғына дейін Ауғанстанда соғыс жүргізіп, тағы да бірнеше қалалар мен қыстақтарды жаныштаған отряд Аманулла хан қарсылықты тоқтатып, шетелге қашып кеткенше осында болған. Кеңестік генералдардың мақсаты – Ауғанстанда коммунистік режімді қолдайтын қуыршақ республика орнату еді. Бірақ дінді жоққа шығаратын коммунистерді қалың ел қолдамай, большевиктердің мақсаты орындалмайды. 1929 жылдың қазан айында Ауғанстанның бұрынғы өкіметінің Париждегі елшісі, Аманулла ханның жақын туысқаны генерал Мұхаммед Нәдір хан Үндістандағы ағылшын өкіметінің тікелей қолдауымен төңкеріс жасап, Бачаиді тұтқындап, басын алады. Сөйтіп, ағылшын империализмінің сеніміне кіріп, солардың айтқанымен жүрсе де дербестігін жоғалтпаған өкімет жасақтайды. Ал КСРО әскерлері сол жолы да Ауғанстан аумағында тиімсіз қан төгіп, еш мақсатын орындай алмай шыққан болатын. Нәдірден кейін баласы Мұхаммед Захир шах король болды. Осы, 1929 жылдан 1973 жылға дейін болған корольдіктің кезінде ғана 44 жыл бұл елде тыныштық болып, мемлекеттің іргесі біршама нығайған. АҚШ, КСРО, Англия секілді ұлы державалармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған. Екінші дүниежүзілік соғыста да Ауғанстан бейтараптық ұстанды. Ал 1973 жылы Захир шахты немере інісі Мұхаммед Дәуіт құлатып, Ауғанстан Республикасын жариялайды. Ауғанстанда өкіметтің жиі-жиі төңкеріліп, азаматтық соғыстың тынбай жүргізіліп тұрғанына сыртқы күштердің ықпалы көп болды. Олар өздері қолдайтын басшыны үнемі қаруландырып, қаржыландырып отырған. Мұнда өздерінің ықпалындағы режімді орнату үшін ағылшындар да, орыстар да, тіпті немістер де қызу әрекеттер жүргізді. Мәселен, соңғылар 1930-40-жылдары Ауғанстанды Үндіс­тандағы ағылшын әскеріне басып кіретін плацдармға айналдыру үшін үлкен шаралар жасады. Соның ішінде әуежайлар, Кабулден Газниге және Үндістанмен шекаралас аудандарға көпірлер салып, жолдар тартқан. Мұның бәрі Үндістанға басып кіруге қажетті болған соң өздері үшін салынып жатқанын білсе де Ауғанстан өкіметі оған еш қарсылық білдірмеген. 1973 жылы республика жариялаған Дәуіттің өмірі ұзаққа бармады. 1978 жылы кезекті мемлекеттік төңкеріс болып, өкімет басына коммунистердің ықпалындағы Ауғанстанның халықтық-демократиялық партиясы келді. Олар Дәуітті 30 шақты отбасы мүшелерімен бірге өлтіреді. «Сәуір төңкерісі» деп аталған бұл бүліктің басында коммунист Н.М.Тараки болып, артынан президенттікке сайланады. Ал Бабрак Кармаль вице-президент болады. Өзара тартыстан кейін таза кеңестік жолды қалаған Б.Кармаль орнынан алынып, Чехославакияға елшілікке жіберіледі. Алайда, коммунистік режім елдегі дін­дарлар тарапынан қолдау таппайды. Олардың ықпалындағы халық та коммунистерге қырын қарап, «сәуір төңкерісінен» тура бір жыл өткенде үлкен көтеріліс болады. Оны премьер-министр Хафизулла Амин бастаған өкімет әскерлері қан-жоса қылып басады. Алайда, АҚШ-та оқығандығы себепті ОББ-мен (ЦРУ) байланысы барынан күдіктенген Кеңес басшылары Таракиден оны орнынан алуды талап етеді. Бірақ, Амин бұрын қимылдап президент сарайын басып алып, Таракиді өлтіреді. Бұған халық тіпті наразы болып, Аминге қарсы ереуілдер жиі болып тұрады. Аминді КГБ-нің «Альфа» тобы 1979 жылдың 27 желтоқсанында қаскөйлікпен, бір түнде өлтіргенін тарихтан жақсы білеміз. Ол тірі тұрғанда кеңестік кеңесші болып жүрген генерал В.Папутин оны КСРО-дан ресми түрде әскери көмек сұрауға көндіруге тырысады. Алайда, Амин ресми көмек сұрамаған және Б.Кармальды өзінің орнына отырғызуға көнбеген. «Альфаның» тұтқиылдан тиісуінің бір сыры да сол. Ал Ауғанстанға әскер кіргізу туралы Саяси Бюроның шешімі Амин өлтірілмей тұрып қабылданған. 1979 жылдың 24-26 желтоқсанында 105-әуе-десанттық дивизиясы Кабулден 50 шақырым жер­дегі Баграм әуежайына көліктік ұшақ­тармен күндіз-түні тасылған. Амин өлтірілгеннен кейін мұнда басқа да әскери бөлімдер жеткізілген. 1980 жыл­дың ақпан айында Ауғанстандағы әс­кердің саны 58 мың болады. Ал ең көп болған жылдары жалпы әскерилердің саны 200 мыңнан асқан. Сонымен, ХХ ғасырдың 19-жылынан бергі 60 жылда ғана алты өкімет күшпен ауысқан, барынша болжалсыз, үнемі төңкеріс пен азаматтық соғыстан көз ашпаған, экономикалық дамуы мейлінше артта қалған бұл елден КСРО не аламын деді екен? Оның үстіне халқының 100 пайызы исламды берік ұстанған болса, дінді мүлде теріске шығаратын атеистер бұл елде не істемек? Демек, басып кірудің басқа себептері болған... Олар қандай себептер еді? Арнаулы қызметтер адастырған Ауғанстанға басып кіру туралы шешімді Саяси Бюроның өте шағын құрамдағы мүшелері 1979 жылдың 12 желтоқсанында қабылдайды. Премьер-министр А.Косыгин ғана қарсы болған бұл шешімді артынан басқа мүшелер де қолдап, қол қойған. 2013 жылдың 12-санындағы «Со­вершенно секретно» (СС) газетінде «Спецслужбы: игра в войну» атты мақала шықты. Бұл басылым орыстың бүгінгі таңдағы ең мықты деген кәсі­билері жазып тұратын, әзірге өз атына өтірікпен, өсекпен кір келтірмеген шыншыл газеттерінің бірі. Міне, осы басылым Ауғанстанға Кеңес әскерлерін кіргізудің көп адам біле бермейтін бір шындығын жазыпты. Алдымен онда 1979 жылғы нау­рыз айының басындағы Саяси Бюро отырысының Ауғанстан мәселесіне байланысты стенограммасы келтірілген. Онда Брежнев, Андропов, Кириленко, т.б. Ауғанстанға қандай да бір көмек беруден тоқтала тұру қажеттігін айт­қан. Өйткені, осыған дейін берілген көмекті ауған өкіметі «тиімді пайдалана алмаған». Ал енді мына қызыққа қараңыз. Бюро мүшелерінің осындай пікірлеріне қарамай Қорғаныс министрі Устинов Ауғанстанға әскер енгізудің екі нұсқасын жасап, оны 17 наурызда отырысқа қарауға ұсынған. Осының өзінен қолжетімді стенограмманың қолдан жасалғанын, ал шын мәнінде Бюрода не айтылғаны жасырын қалғанын көрсетеді. Осы ұсыныстардың бірі қабылданып, алдымен, 1979 жылдың 7-9 шілдесінде Баграм қаласына аса құпия жағдайда, ауған әскерінің киімі киіндірілген «мұсылман батальоны» енгізіледі. Осы уақытта КГБ-ның арнау­лы топтары да Ауғанстанға аяқ басады. Бұл күш Тараки бастаған ауған режіміне көмек беру үшін ғана кіргізілген болса, енді, қыркүйек айында Амин оны биліктен тайдырып, өлтіргеннен кейін тәуелсіз елді басып алып, «өзінің» адамын таққа отырғызу туралы радикалды ұсыныс қолға алынады. Осы уақыт аралығында КСРО бас­пасөзінде Амин туралы алдымен жақсы пікірлер таратылған еді, ал айналасы бір жарым-екі айдан кейін оны сынау басталды. Осының өзінен-ақ көзі қарақты кеңес оқырмандары Ауғанстан тұрғысындағы өкімет саясатының тұрақсыздығын аңғарған. Сонымен, 12 желтоқсанда жоғарыда аталған шешім қабылданды ғой. Ал бұл уақытта Ауғанстанға енгізілетін әскер мен оны енгізу жолдарының жоспары әлдеқашан жасалып қойған еді. КСРО басшылығының Ауғанстанға әскер енгізуге сонша құмар болып, дедектеп кеткені несі деген сұрақ туа­ды. Сөйтсе... Ең негізгі себеп АҚШ-тың Орталық барлау басқармасында (ОББ) болып шығады. Осы қызметтің құпия қоржындарында КСРО-ны ауған «батпағына» батырып, «өздерінің Вьетнамдарын» жасау туралы идея қолға алынып, оны іске асыру басталған екен. Ол үшін АҚШ, Англия және Германия Ауғанстанның солтүстігіне көз тігіп, онда шағын және орта қашықтағы «Першинг» зымырандарын орналастыруды көздеп отыр, сөйтіп, Ауғанстанды өз ықпалдарында ұстап, Пәкістаннан Иранға көпір тартпақшы, ал Амин болса, кезінде АҚШ-та оқыған, сонда жүргенде ОББ-ның құрығына түскен жансыз деген дақпыртты аса «құпия» жағдайда кеңес барлаушыларының құлағына тигізеді. Мұндай арандатуды сараптап, кәсіби тұрғыдан саралауға, өтірік екендігін әшкерелеуге КГБ-ның қауқары болмай шығады. Сол жылдары КГБ-ның сыртқы барлау басқармасын басқарған В.Крючков өзінің естелік кітабында: «бізге бірқатар батыс елдерінің Ауғанстанда белсенділер қимылдай бастағаны жөнінде ақпарат ұдайы түсіп тұрды. Оларда кеңеске қарсы әрекет белең ала бастағаны анық болатын. Мұны байқамау тіпті мүмкін емес еді» деп жазған. Ал ақпараттарды саралап едік, ол теріс болып шықты дегенді ауызға да алмайды. КГБ-ның осындай үркітулерінен кейін Саяси Бюродағы саққұлақ шалдар АҚШ-тың алдын орап, Ауғанстанды уыстан шығармау жөніндегі ұсынысты сөзсіз қолдайды. Бірақ, «СС»-дағы аталмыш мақалада әскерилер бұл шараға қарсы болғаны жазылады. Мәселен, Бас штабтың бастығы Н.Огарков, оның бірінші орынбасары С.Ахромеев т.б. бұл әрекетке қарсы болып: «біз мұндай компаниядан ешқандай әске­ри-стратегиялық пайда таппаймыз, сондықтан не те­міржолы, не су жолы жоқ алапат те­мір қапшыққа басымызды сұғудың қажеті қанша, ол жақта қару-жарақ, ма­териалдық-тех­никалық жабдықтар жеткізудің қымбатқа түсетіні соншалық, зар­дабын әлі немерелеріміз де тартатын болады», деген сөздер айтқанын кел­тіреді. Бірақ Саяси Бюроның мүшесі бо­лып табылатын Қорғаныс министрі Ус­тинов олардың аузын жауып тастайды. АҚШ-тың сол жылдардағы (1977-81 ж.ж.) президенті Д.Картер, ал оның кеңесшісі қулығына құрық бойламайтын З.Бжезинский болған. Ұзақ жылдардан кейін, 1998 жылы журналистерге берген сұхбатында ол АҚШ-тың кеңес жағын әскери интервенция жасауға арандату үшін коммунистер орнатқан режімнің қарсыластарын жасырын түрде қолдағанын мойындайды. Сол үшін моджахедтерді қарумен де, қаржымен де тоқтаусыз қамтамасыз етіп тұрғанын айтады. Осындай арандату соғысын жүргізгендеріңізге өкінбейсіз бе деген сұраққа З.Бжезинский аузы-мұрны қисаймай: «Өкінгені қалай? Нені айтып тұрсыз? Бұл құпия операцияның идеясы тамаша болып шықты. Осы арқылы біз орыстарды ауған қақпанына апарып тықтық, сіз маған сол үшін өкініңіз демексіз бе?», деп жауап беріпті. «СС»-ның аталмыш мақаласында Кеңес өкіметін Вьетнам батпағы сияқты қылып Ауғанстанның қапшығына тығу идеясын жалғыз Бжезинский емес, сол кездегі ОББ түгел аңсағаны және сол мақсатта жұмыс істегені туралы басқа да деректер айтылады. Тіпті Аминді де арандатып, АҚШ-тың сол кезде Ауғанстанда болған өкілі Б.Амшутц онымен қайта-қайта кездеседі. Құлағы делдиіп жүрген КГБ мұндай жиі кездесулерден күдіктенбей қалар ма? Ұзын сөздің қысқасы, АҚШ КСРО-ны Ауғанстан аумағына әскермен кіруге арандату арқылы экономикалық, әскери тұрғыдан әлсіретуді көздеген екен. З.Бжезинскийдің артынан мақтанышпен айтқан сөзі мынау болған: «он жыл бойы Мәскеу үкіметтің ыңыршағын айналдырған соғысты жүргізуге мәжбүр болды, бұл қақтығыс Кеңес империясын әбден діңкелетіп, ақыры таратып тынды»… Міне солай, КГБ-ның тек алыс-жақынның бәрінен қауіп төндіріп, жау көріп отырған «әсіреқырағылығының» қырсығы артынан өзі қызғыштай қорыған Кеңес өкіметін төңкеріп тас­тауға да қызмет еткен. Сталиннің кезінен қолға түскен деректі объективті түрде саралауға емес, тек түрлі қауіп іздеуге ғана машықтанған қызмет, сөйтіп, КСРО-ның тарих сахнасынан кетуіне де өзінің үлесін қосыпты. Тіпті мемлекеттің ішіндегі істерде де КГБ-ның қателіктері зор шығындарға, қанды қырғындарға ұшыратты. Мәселен, 1986 жылы Қазақ­станда Д.Қонаевты ауыстырарда КГБ дұрыс анықтама берсе Горбачев, бәлки, қателікті қадамға ұрынбас еді. Ал олар: Қазақстан халқының 40 пайыздан азы ғана қазақ, оның да 40 пайыздайы қазақша білмейді, яғни бұл халықтың ұлттық сезімдері сөнген, оларға респуб­лика басшылығына кімді қойса да бәрі­бір деген мазмұнда анықтама берген бо­луы керек. Осы қателік қаншама көз жа­сының төгілуіне ұрындырды. Сөзіміздің соңында Ауған соғысына қатысқандар туралы пікірімізді де айта кетуді жөн санадық. Бұл жігіттер Отан бұйрығында тұрды, олар әскери адамдар болғандықтан бұйрықтың қате-дұрысын сараптаған жоқ. Ешқайсысы да дезертир болмай, сатқындық жасамай, мойнындағы міндетін орындады. Сондықтан олардың ерлігіне ешкімнің шүбәсі болмауы керек деп ойлаймыз. Кеңестік кезеңнің кезекті кеңкелестігіне солдаттар мен офицерлердің кінәлі еместігі күмәнсіз. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».