Қазақстан • 18 Қазан, 2021

Әлеуметтік жетімдік асқынып барады

1480 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ана атану мен әке болу бақыты – Алланың адамға берген ең үлкен нығметі. Бұл сыйдан саналы жанның бас тартпасы, осы қасиетті міндетті ешкімнің табанға салып таптамасы анық. Алайда арамызда ата-ана құқығынан айырылғандар бар. Ал сорақысы – әлеуметтік жетімдер санын арттырып жүрген осындай жандардың қатары жыл сайын қалыңдап барады. Тағдырдың жазуымен емес, көзі тірі әке-шешесінің ұрыс-керісі, кикілжіңі, одан қалды әзәзіл ащы су мен жоқшылықтың кесірінен тұтас бір ұрпақ – тірі жетім, яғни әлеуметтік жетім.

 

Әлеуметтік жетімдік асқынып барады

«Әлеуметтік жетімдік» дегеніміз не? «Қолайсыз отбасы» қайдан шыға­ды? Ата-ана құқығынан айыру – түйт­кілді шешудің ақырғы жолы ма? Шаңы­рақ­тың тірегі болар отағасының жауап­кершілігі неге азайып кетті? Үйінің берекесін келтіруші әйелдің ішкілікке салынуының себебі неде? Қадағалаусыз қал­ған баланы тұрмыстық зорлық-зом­былықтан қалай қорғаймыз? Ата-ана құқынан айыру туралы шешім балаларды отбасындағы қатыгездіктен қор­ғай ала ма? Баланың болашақ тағды­рына бұл шешім қаншалықты әсер етеді? Ата-ана құқынан айыру туралы шешім шығарарда судья нені ескеруі керек? Шы­ны керек, тақырып төңірегінде маман­дармен сөйлесіп, ақпараттарды сұрып­тау кезінде осындай сан сауал жан-жақтан қаумалай берді. Осы уақыт­қа дейін шешімі табылмай келе жатқан бұл мәселе әлі қанша баланың тағдырын талқандар екен деген басты сұрақ та маза бермейді.

 

«Бала ата-анасын таңдай алмайды»

Алысқа бармай-ақ қоялық. Елорда­ның өзінде өткен жылы ата-ана құқығы­нан айыру туралы сотқа 114 талап арыз бе­рілген. Оның 23-і қанағаттандыры­лып, 43 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылып, жалпы 66 іс бойынша сот шешімі шығарылған. Мәліметтер көр­се­тіп отырғандай, биылғы 9 айдың ішін­де қаралған істер өткен жылмен са­лыс­­тырғанда 50 есе көп. Көңілге қаяу түсі­рер бұл сандарды Нұр-Сұлтан қаласы Кәмелеттік жасқа толмағандардың іс­тері жөніндегі мамандандырылған аудан­ара­­лық соттың төрағасы Жанаргүл Ал­пыс­баева да растап отыр.

Сотқа жолданатын осындай аза­мат­­­­­­­­тық істердің көбейіп бара жат­қа­ны­­­­­­на алаң­­даушылығын білдірген судья елор­­­­­да­дағы ювеналды сотқа соңғы ­
9 айда ата-аналық құқықтарынан айы­ру тура­лы 171 талап арыз келіп түске­нін де мәлім­­­деді. «Бұл талап арыздар­дың 27-сі қана­ғат­­тандырылып, 63 іс бо­йынша қана­ғат­тандырудан бас тартылды. Ал жал­пы алғанда 89 іс бойынша сот шешімі шыға­рылды» деген сот төрағасы сөз басын­да Қазақстан Республикасындағы бала­ның құқықта­ры туралы заңының 21-бабы­на сәйкес елімізде әрбiр баланың отба­сын­да өмiр сүруге және тәрбиеленуге, ата-анасы мен басқа да жақын туыстарын бiлуге, олар­дың қамқорлығы мен тәрбие­сiн алуға құ­қығы бар екенін атап көрсетті.

«Қазақ әуелден жетімін жылатпа­ған, жесірін қаңғытпаған халық. Ал бала – өмір­­дегі ең кымбат құндылықтың бірі. Ха­лықта «Балапан ұяда не көрсе, ұш­қанда соны іледі» деген сөз бар. Бала ата-ана­сын таңдай алмайды, алайда, отбасын­да нені көріп өссе, соны үлгі тұтары анық. Әке-шешенің салып берген жолы бала­ның болашағына міндетті түрде әсер етеді. Жақсы ана атану, ұл-қызына мейірі­мін төккен әке болу өкінішке қарай, бар­лық отбасына тән құндылық емес. Әр бала ата-анасына қарап бой түзейді. Со­лар­ға қарап дамып, болашаққа аяқ ба­сады. Сондықтан, ата-ананың өмір­лік ұс­та­нымдары, қағи­даттары түзу, дұ­рыс болуы тиіс», деген Ж.Алпысбаева кез келген судьяға осындай істерді қа­рау мо­ральдық-психологиялық тұр­ғы­дан қиын­дық туғызатынын да жасыр­мады. Судья ата-ана құқығынан айыры­латын­дардың дені жұмыссыздар, яғни алимент төлеуден жалтарып жүргендер, сон­дай-ақ, аморальдық өмір сүруге еті өліп, спирт­тік ішімдіктер немесе есірт­кі, психо­троптық заттарға әуестеніп, тағ­дыр жолында адасқан адамдар екенін де бүкпесіз жеткізді. Ол сондай-ақ бала­сының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне қауіп төндіріп, денсаулығына қасақана зиян келтірген қатыгездер де ата-ана құқы­қтарынан айырылатынын ескертіп өтті.

«Ата-ана құқықтарынан айыру тек сот тәртiбiмен жүргiзiледi және ең ақырғы шара болып табылады. Ал Кәме­­летке тол­ма­ғандар істері жөніндегі ма­ман­дан­дырылған ауданаралық сот­тар­дың басты мақсаты – баланың құ­қық­­тарын, заңды мүддесін қорғау. Өйт­кені теріс жолды таңдаған ата-ана­лар балаға психологиялық зардап кел­тіріп, оның болашағына кері әсерін тигізуі әбден мүм­кін. Сол себепті ата-ана құқықта­ры­нан айы­ру баланы тұр­мыстық зорлық-зомбылық пен отба­сындағы қатыгездік­тен қорғайды деп айта аламын», деген Жанар­гүл Алпысбаева сот тәжірибесінде ата-ана құқықтарынан айыру туралы талапты қанағаттандыру­дан бас тарту фактілерінің де жиі болатынын алға тартты. «Ата-анасының кінәсі дәлелденген ерекше жағдайларда, сот оның мінез-құлқының сипатын, жеке басын және басқа да нақты мән-жайларды ескере отырып, ата-ана құқық­тарынан айыру туралы қойылған талап­ты қанағаттандырудан бас тарта алады. Сондай-ақ жауапкерге балаларды тәрбиелеуге көзқарасын өзгерту керек­тігі қатаң ескертіледі. Сот ата-аналық мін­дет­терді орындауды ба­қылауды қор­­ған­шы­лық немесе қам­қор­шылық ор­ган­дарға жүктеу­ге де құ­қылы», деп түсін­дірді сарапшы.

«Сот тәжірибесіне жүгінетін болсақ, ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап арыздарымен көбіне-көп ана­лар келеді. Олар баланың әкесіне әке­лік міндеттерін мойындату бойынша сотқа жиі жүгінеді. Ал өкінішке қа­рай, әкелердің біразы ата-аналық құ­қықтарын сақтап қалуға тырыспайды. Алимент төлемеу үшін талап арызды мойындауға дайын болып келетін жауапсыз әкелер де жетерлік. Алайда заң­ға сәйкес ата-ана құқықтарынан айы­ру оларды алимент төлеуден босат­пайды. Ата Заңымыздың 27-бабына сәй­кес «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың ете­не құқығы әрі міндеті» болып табылады», деген Ж.Алпысбаева бауыр еті баласынан перзентханада бас тартатын қатыгез аналардың, алимент төлеуден жалтарып, сан түрлі қитұрқылыққа баратын жауапсыз әкелердің, тіпті ұл-қызының денсаулығын сылтауратып, өз міндеттерін атқарудан жалтақтайтын ата-аналардың да аз еместігін ашына айтты.

 

Қолайсыз отбасын қоғамға «қайтарудың» маңызы зор

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауда­нының №12 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Шамбулов қолайсыз отбасын анықтайтын «критерийлердің» бірі ретінде әкімшілік аумаққа түсетін шақыртулар мен арыз-шағымдарды атады. Қызмет барысында осындай келеңсіздікпен жиі бетпе-бет келетін полиция капитаны әкімшілік аумақты аралау кезінде ата-анасының мас күйінде болуына, кәмелетке толмаған балалардың қараусыз қалуы, балалар­дың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдайдың туындауына баса мән берілетінін айтады. «Осындай кикілжіңі мен кем-кетігі көп үйдің жалпы жағдайын «қолайсыз» деп айтуға бо­лады», дейді ол. Өзіне бекітілген әкім­шілік аумақта 2 үйдің «қолайсыз отбасы» ретінде ішкі істер органдарында есепте тұрғанын айтқан тәр­тіп сақшысы жақында ғана болған бір жайт­ты мысалға келтірді.

«14 қыркүйек күні түнгі сағат екі шама­сында Байқоңыр ауданы полиция бас­қармасының кезекші бөліміне Ш.Уәлиханов көшесінде екі баланың қарау­сыз жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Бірден сол жаққа бардық. Күздің қара суығында сыртқы киімсіз, жалаң аяқ, жалаң бас қос бүлдіршін дірдек қа­ғып жол бойында тұр. Балалардың үл­кені 5 жаста, кішісі небәрі 3-те екен. Қайда тұратындарын, бұл жаққа қалай келгендерін түсіндіріп айта алмады. Тек аналарының атын біледі екен. Осы оқиға бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу барысында қос сәбидің шешесінің балаларды ұйықтатып, көршісінің үйіне арақ ішуге кеткені анықталды. Балаларын қарау­сыз қалдырып кеткені былай тұр­сын, әйел сол тойлағаннан әрі қарай қо­нақ үйге барып, жалға нөмір алып, түнеу­ге қалып қойған. Балаларының көшеге шығып кеткенін, түнде қандай жағдайға тап болғанын шешелері бір күн өткеннен кейін жатақхана комендантынан бір-ақ естіп-білген. Қазір балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды, ал анасын ата-аналық құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр», деген полиция капитаны арақ пен есірткінің кесірінен талай отбасының ойраны шыққанын ашына айтты.

«Арақ ішкен адам – үй ішіндегі жан­жалға бірінші себепкер. Ащы суға санасы уланып қалған ол бала түгіл, өзінің не істеп, не қойғанына есеп бере алмайды. Қолайсыз отбасын көбейтіп отырған тағы бір фактор – отбасындағы тәлім-тәрбие­нің осалдығы. Әр бала үйінде әкесінен көргенін істейді, анасының жасағанын қайталайды. Ал ата-ананың аузы арақтан құрғамаса, күнде жанжал шығарып, бір-біріне ауыр сөздер айтып, төбелес шығара берсе, мұны көріп өскен бала да алысқа бармайды. Тірі жетімдер тіршілігінің қиюы қашқан осындай қолайсыз отбасыдан шығады. Отбасында ерлі-зайыптылар­дың бір-біріне сый-құрметінің болмауы, қиын сәтте қолдау көрсетудің орнына, жұдырық ала жүгіруі, баланы асырауға, отбасын бағуға қолдың қысқалығы, жоқ­шылық, жұмыссыздық, ажырасу – міне, осының барлығы отбасылық құндылық­­ты құлдыратып отырған өзекті мәселе­лер», дейді Ғ.Шамбулов.

Ата-ана құқығынан айыру – түйткіл­ді шешудің соңғы шешімі болып табылмайтынын айтқан учаскелік инспектор полицияның мақсаты баланы отбасынан айыру емес екенін де ескертті. «Біз­дің міндетіміз қызды анасынан, ұлды әке­сінен алшақтату емес. Бала тәрбиесі мен денсаулығына немқұрайды қара­ған ерлі-зайыптыларды ата-ана құқығы­нан айыруды да тығырықтан шығудың жалғыз жолы деп қарамаймыз. Басты мақсат – қолай­сыз отбасыға дер кезінде қажетті қолдау көрсету, оларды қайта қоғамға бейімдеу», деген полиция капитаны ата-аналық құ­қығынан айырмас бұрын міндетін дұрыс атқармай жүрген ата-аналардың алдымен ІІО-ның арнайы есебіне алынаты­нын мәлімдеді. «Дәл осы тұстан ұзақ әрі қиын жұмыс басталады. Отбасы мүшелеріне байланысты мұндай жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Сол отбасымен тиісті құқықтық, әлеуметтік жұмыстар жүргізіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу жайында профилактикалық әңгі­мелер жүргізіледі. Тұрғылықты мекенжайы тексеріліп, ­ата-аналарға нұсқаулық беріледі. Келе­сі кезең – Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодексінің 127-бабы бойынша (ата-аналық міндетін орындамау) әкімшілік жазаға тартылады. Егер осы аталғандардың ешқайсысы көмектеспесе, балаға қауіп төніп тұрғаны белгілі болса, біз қажетті материалды жинастырып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруды қарау туралы іс жібереміз. Бұл шынын айтқанда, ең төтенше шаралардың бірі. Өйткені ата-ананы құқығынан айыру – өте күрделі мәселелердің бірі. Оның үстіне бұл тек арнайы комиссияның шешімі арқылы ғана жүзеге асырылады», дейді ол.

«Ата-ана құқығынан айыру бала­ларды отбасындағы қатыгездіктен қан­ша­лықты қорғай алады?» деген сұра­ғымызға сақшы: «Әрине, бұл шешім ба­ланы отбасыдағы зорлық-зомбылық пен қаты­гездіктен қор­ғай алады деп ке­сіп айту өте қиын. Алайда мұны әке-ше­шесі ата-аналық құқығынан айырыл­ған балалардың жаңа өмірге жасаған қадамы ретінде қарауға болады. Ал бала болашағының қандай болары оның жаңа ортада алар тәрбиесі мен өз таң­дауына байланысты», деп жауап берді.

 

 

ТҮЙІН. Өткен жылы 7 120 отбасы ІІМ-де қолайсыз отбасы ретінде есепке алынған екен. Ал Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда 7,5 мың кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек арнайы бақылауға алынған. Яғни осыншама бала қылмыс жасауға бейім деген сөз. Алайда олардың ішінде қанша бала берекесі кетіп, тыныштығы бұзылған шаңырақтан шыққанын дөп басып айту қиын. Бізде «Бақытты отбасы» деген бастамамен қолға алынған іс-шаралар баршылық. Бірақ «әлеуметтік жетімдер» де аз емес...