Қазіргі уақытта конкурстық іріктеудің әрбір кезеңінің әділ әрі ашық өтуі қамтамасыз етілген. Бұл ашықтық іріктеудің бірінші кезеңі – тестілеуден басталады. Тестілеудің объективтілігін қамтамасыз өту үшін оны тапсыру залында үздіксіз видеобақылау жүргізіледі. Әрбір компьютер тестілеу процессін жазатын веб-камерамен жабдықталған. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлер бос лауазымның санатына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өтеді. Тестілеуден оң нәтижемен өткен үміткерлер келесі кезең – жеке қасиеттерін бағалауға жіберіледі. Бұл бағалау тестілеу нысанында жүргізіледі және арнайы дайындықты қажет етпейді.
Іріктеудің шешуші кезеңінде үміткерлер конкурстық комиссиямен ұйымдастырылған әңгімелесуге қатысады. Әңгімелесу барысында олар бос лауазымның өкілеттіліктерін ескере отырып әзірленген сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ кейбір санаттар үшін эссе жазу қарастырылған.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес әңгімелесу кандидаттың қалауы бойынша қашықтық бейнебайланыс құралдары арқылы жүргізілуі мүмкін. Бұл карантин жағдайында және алыс өңірлерде орналасқан үміткерлер үшін өте ыңғайлы тәсіл болып табылады. Конкурстық комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар шақырылады. Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарға сәйкес байқаушы ретінде Қазақстанның 18 жасқа толған азаматтары, оның ішінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері қатыса алады. Яғни еліміздің кез келген азаматы қалауы бойынша конкурстардың обьективті өтуін қадағалай алады. Бұл орайда байқаушылар тиісті жадынамамен танысып, қол қояды. Сонымен қатар олар мемлекеттік органның басшылығына, сондай-ақ уәкілетті органға конкурстық комиссияның жұмысы туралы өздерінің пікірлерін жазбаша түрде бере алады. Конкурс өткізу барысында сарапшыларды шақыруға жол беріледі. Сарапшы ретінде конкурс жариялаған мемлекеттік органның қызметкері болып табылмайтын, бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес облыстарда, соның ішінде ғылым саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдар, сондай-ақ персоналды іріктеу және жоғарылату бойынша мамандар, басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері, Парламент және мәслихаттардың депутаттары қатыса алады.
Қазіргі уақытта облысымыздағы жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызмет лауазымдарының саны 3 484 бірлікті құрайды. Осы жылы 404 бос лауазымға конкурс жарияланған. Оған қатысқан 501 кандидаттың ішінде 266-сы конкурстық комиссияның оң нәтижесін алған. Бүгінгі күні конкурстық комиссияның отырыстары түгел байқаушылар мен сарапшылардың, департамент қызметшілерінің қатысуымен өтуде. Соңғы уақытта мемлекеттік қызметті таңдаған азаматтар санының өскендігі байқалады. Мысалы, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасуға тестілеуге 602 азамат қатысқан болса, соңғы 3 ай ішінде 515 азамат қатысқан.
Кадрлық жоспарлаудың маңызды міндеттерінің бірі мемлекеттік қызметке жастарды тарту болып табылады. Осы мақсатта департаменттің тарапынан халық арасында мемлекеттік қызметке орналасу оны өткеру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізілуде. Олардың қатарында бос лауазымдар жәрмеңкелері, мемлекеттік органдармен өткізілетін ашық есік күндері, кездесулер, т.б. бар.
Райхан БРАТАЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы