Биылғы байқау Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының маңында орналасқан оқу-курстық комбинатының жаңа полигоны алаңында өтті. Эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, ашық аспан астында өткен біліктілер бәсекесінің соңғы сынында бұған дейінгі өзара іріктеулерден сүрінбей өткен қызметкерлер бақ сынады. Атап айтқанда, финалдық байқауда 15 конкурстық мамандық бойынша 92 үміткер сынға түсті.
Сайысқа қатысушылар тартысты бәсекеде табандылық танытып, өз тәжірибелерін көрсетті. Байқауды бағалаушылар алқасы мамандардың кәсіби машыққа бейімділігін, командалық жұмыс істеу тактикасын, теория мен тәжірибені қатар меңгеруін, жылдамдық пен төзімділігін – жарыстың негізгі талабы ретінде бағалады.
Байқау комиссиясына төрағалық еткен «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бахтияр Ізбасаров жұмысшыларды ынталандыруға арналған «Үздік маман» байқауы жыл сайын ауқымын кеңейтіп, жас мамандарға тәжірибелік тұрғыдан толысуға сеп болғанын атап өтті.
– Дәстүрлі байқау пандемияға байланысты былтыр өткен жоқ. Жобаны биыл қайта жандандырған жайымыз бар. Бұл ел аймақтарындағы мамандарды бір алаңға жинап білігін шыңдауға жетелейтін, өз кәсібін сүюге ынталандыратын ерекше бастама. Газшылар қауіпті нысандарға қызмет көрсететіндіктен әр қызметкердің біліктілігі біз үшін өте маңызды. Байқау арқылы мамандардың шеберлік деңгейі арта түседі. Ал олардың жұмыс сапасы тұтынушыларға газды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Конкурс бізге ең мықты мамандарымызды және соған қарай әлсіз тұстарымызды да саралап берді. Мәселен, Қарағанды оқу-комбинатының мамандарының техникалық қауіпсіздік бойынша көбірек үйренуі қажеттігін білдік. Енді онда кәсіподақ комитеті тарапынан жаттығу құралдары алынып беріледі. Мұнда жұмысшылар жиі жаттығып, келесі байқауда үздік нәтиже көрсетеді деп сенеміз. Байқау барысында қатысушылардың ынтасы мен белсенділігін байқадым. Олар тәжірибеде өздерінің жақсы дайындықтарын көрсетті, – дейді байқау төрағасы.
«Электр газбен дәнекерлеуші» «Технологиялық компрессорлар машинисі», «Желілік құбыр жүргізушісі», «Газ тарату стансасының операторы» сынды жалпы саны 15 аталым бойынша өрбіген байқауда үздік деп танылғандар қомақты сыйлықтарға ие болып, әр аталымда үш жүлдегер анықталып отырды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде «Электр газбен дәнекерлеуші» аталымында көш басынан көрінген тараздық Серік Ешқаловты әңгімеге тарттық. Бұл жарысқа алғаш рет қатысқанын айтқан Серік алған әсерімен бөлісті. «Халыққа тікелей қызмет ететін болғандықтан біздің қызметіміз әрдайым мінсіз болуға тиіс. Кез келген тосын жайға дайын болу, өз ісімізді бүге-шүгесіне дейін білу басты талап. Компания басшылығы осыны үнемі назарымызға салып отырады. Осы мекемеде жұмыс істеп жатқаныма үш жылдан асты. Бүгінгі байқауда жиған тәжірибемді сарапқа салып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестеріммен таныстым. Мұндай жобалар бізді қанаттандырады», дейді үздік маман.
Сөз орайы келгенде, «Үздік маман» байқауы өткен оқу курстық комбинатының жаңа базасы туралы айрықша атай кеткен жөн. Ат шаптырым аумақты алып жатқан нысан уақыт талабына сай жабдықталған. Полигон аумағында автоматты газ тарату стансасы, шкафтық газ реттеу торабы, газ құдығы бар өңірлік газ шаруашылығының алаңы, тіпті, дәнекерлеу бекеттері де бар. Бір сөзбен айтқанда, мұнда нағыз кәсіби мамандарды даярлауға барлық қолайлы жағдай жасалған. Кең тынысты оқу бөлмелері, тәжірибеге қажетті макеттер, тренажерлар мен қимадағы жабдықтың табиғи үлгілері нысанның ажарын ашып тұр. Жыл сайын 48 лауазым және түрлі мамандық бойынша 10 мың қызметкер оқытылады деп жоспарланған.