14 Ақпан, 2014

Экспорттық әлеуетімізді арттырады

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлттық банктің 2014 жылғы 11 ақпандағы Қазақстан валютасының бағамын өзгерту туралы шешімі дер кезінде қабылданған экономикалық ықпалды шара деп есептеймін. Экономикамыздың тиімді жұмыс істеуі үшін отандық тауар өндірушілердің жағдайына басымдық беру басты міндет болып табылмақ. Негізінен экспорттық бағытта жұмыс істейтін біздің «Қазатомпром» компаниясы үшін бұл тіптен тиімді болып отыр. Өйткені, теңгенің  қолдан жасалған тұрақтылығы біздің тауарларымыздың әлемдік рыноктағы бәсекелестігінің төмендеуіне әкеп соқты.  Теңге бағамының долларға қарағанда бірден 20 пайызға төмендетілуі біздің экспортқа шығаратын шикізатымыздан түсетін пайданы  арттыратын болады. Сонымен бірге, теңге бағамының төмендеуі 2011 жылы наурыз айында болған «Фукусима» атом электр стансасындағы апаттан кейін қалыптасқан табиғи уран шикізаты бағасының төмендеуінен келіп отырған кері  әсердің  азаюына да ықпал ететін болады. Қазіргі таңда компания басшылығының басты міндеті тауардың өзіндік құнына әсер ететін шикізат, қызмет және де басқа материалдардың негізсіз қымбаттап кетуіне жол бермеу болып табылады. Біздің кәсіпорынға қатысты алыс-беріс келісімшарттары жыл басында жасалып қойды. Сондықтан тауар өндіруге қажетті шикізат және басқа да материалдардың  бағасында айтарлықтай ауытқушылықтар болмайды. Әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты  теңге бағамын өзгерту еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, отандық тауар өндірушілердің жағдайын жақсартатын болады. Енді еліміздің кәсіпкерлері өздері өндіретін тауарлардың өзіндік құнын төмендетіп, барынша мол табыс табуға бет бұруы қажет. Әлеуметтік жауапкершілікке басымдық беретін компания ретінде біздің акционерлік қоғам алдағы уақытта еңбеккерлерінің материалдық жағдайын жақсарту жолында нақты шараларды жүзеге асыратын болады. Айдар АРИФХАНОВ, «Қазатомпром» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары.