Білім • 19 Қазан, 2021

Ел ертеңіне керек кадрлар даярлана ма?

1045 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында білім мен ғылым саласы әрдайым қоғамның алдында жүруі керек екенін айтты. Барлық салаға маман даярлайтын білім беру жүйесі өзгеден көш ілгері болуы үшін әрдайым болашақты алдын ала болжап, алда қандай маманның тапшы немесе сұраныста болатынын бағамдай білуі тиіс. Жақында Білім және ғылым министрлігі отандық жоғары оқу орындарында 300-ден аса жаңа білім беру бағдарламасы енгізілгенін хабарлады. Демек осыншама жаңа мамандыққа жол ашылды деген сөз. Бұл қандай мамандықтар? Шынында да елдің ертеңіне керек кадрлар даярлана ма?

Ел ертеңіне керек кадрлар даярлана ма?

Грант арқылы оқуға болады

Еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс берушілердің заманауи талап­тары мамандардың жыл сайын жа­ңа дағдыларды игеруіне ықпал етеді. Жауапты ведомство жаңа маман­дық­тардың тізімі әзірленгенде осы бір заң­дылық ескерілгенін жазды. Ең маңыз­дысы – осы мамандықтардың негізінен тегін, мемлекеттік грант есебінен, сти­пендия алып оқуға болатынында. Мәселен, жаңадан енгізілген оқу бағдар­ла­маларының ішінде ақпараттық-комму­никациялық технологиялар (АКТ) саласына қатысты мамандарды даярлауға көптеп грант бөлінген. 2021 жылы АКТ саласындағы мамандарды даярлауға 10 мыңға жуық грант бөлінді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Тиісті министрліктің жанындағы Жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев: «Соңғы жылдары Қазақстанның еңбек нарығында IT мамандарға сұра­ныс­тың күрт өсуі байқалады. Бүгінде ақ­параттық технологиялар өмірдің бар­лық саласына енгізілген. Жоғары оқу орындары мамандарға қойылатын қа­зір­гі талаптарға сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын әзірледі. Білім бе­ру бағдарламаларын енгізу барысын­да жоғары оқу орындары жұмыс беру­ші­лердің пікірі мен сұранысын ескерді. Мысалы, жұмыс берушілер ақпараттық жүйелерді қорғау бойынша кадрлар даяр­лау қажеттігі туралы хабарлады. Жаңа бағдарламалардың басты артықшылығы –
еңбек нарығында қажет практикалық білім алуға бағытталған. IT бағыты бо­йын­ша көп жаңа бағдарлама бар. Мә­се­лен, IT құқық, IT медицина», деді.

Осы сұранысқа байланысты жаңа оқу жылынан бастап университеттер Big Data Analysis (ауқымды дерек­тер­ді талдау), «Жасанды интеллект техно­логиясы», «Криптология», «IT құқық», Digital Engineering, «Робо­т­тех­никалық жүйелер», Data Science, «Ки­берфизикалық жүйелер», «Ро­бот­тан­­дырылған ұшқышсыз ұшу аппарат­тары», «IT менеджмент», «Цифрлы эко­но­ми­ка» сияқты бағдарламалар бо­йын­ша мың­даған болашақ бағдар­ла­ма­шыны оқытады.

Дегенмен сұраныс тек ІТ саласында ғана емес. Өзге өндірістегі кадр тап­­­шылығын жоюды бүгіннен бас­тау ке­рек екені белгілі. Сондықтан отан­дық университеттер жаңа оқу бағ­­дар­­ла­малары бойынша болашақ ин­­же­нерлерді, құрылысшылар мен педа­гог­терді, менеджерлерді, экономистер мен заңгерлерді және басқа да мамандар­ды оқытуды бастап кетті. Мәселен, «Ядро­лық медицина», «Smart City технологиялары», «Математикалық экономика, статистика және деректерді талдау», «Білім берудегі физика», «Ғылыми тарих», New media, «Тау-кен ісіндегі 3D модельдеу инженері», «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» сынды мамандықтар ашылған.

Мамандықтардың бәрі жаңа емес

Жаңа заманға сай жаңа мамандық­тар­ды енгізіп, оның бірқатары бойынша студенттерді қабылдап, оқытуды бас­тап кеткен жоғары оқу орнының бірі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­ни­калық зерттеу университеті. Атал­ған оқу ордасының оқу ісі жөніндегі про­ректоры Бақыт Ахатұлы осы бір ғана уни­верситетте 19 мамандық ашылғанын айтты.

«Жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуде «Жаңа мамандықтар атласына» сүйендік. Бұл – өндіріс пен на­рық­тың сұранысын зерттеп жасалған тізім. Өзіміз де қажеттілікке қарай кадр даяр­лауға мүдделі болдық. Сөйтіп біз «Ин­женерлік геология», «Су ресурстары», «Биомедициналық инженерия», «Өндірістік гигиена және бақылау» се­кіл­­ді мамандықтарды аштық. Бұл үшін әлем­дік университеттердің жоспарларын, қай мамандық бойынша қандай кәсіби пәндердің оқытылатыны зерделенді. Биыл бірінші жыл жаңа мамандықтарға студенттерді қабылдадық. Бірақ әлі де көп талапкер жаңа жағдайдан, жаңа­лық­тардан, жаңа мамандықтардың ашыл­ға­нынан хабарсыз. Сол себепті осы оқу жылында бірден көп студентті жина­ған жоқпыз. Соның өзінде БАҚ пен әлеу­м­ет­тік желідегі хабарландырулардың нәти­же­сінде әр мамандыққа 15-тен 40 адамға дейін жиналды. Биыл барлығы 2 356 талапкер оқу орнымыздың студенті атанса, соның 12-15 пайызы жаңа мамандықтарға оқуға түсті», дейді.

Сәтбаев университеті өкілінің ай­туын­ша, ашылған 19 мамандықтың бәрі бір­дей бұрын ешқашан оқытылмаған деуге келмейді. Өйткені кейбір білім беру бағдарламалары кезіндегі нарық талабы бойынша тізімнен алынып тас­та­лып, соған сәйкес кадр даярлау ісі тоқ­­татылған. Өндірістің сұранысы мен та­ла­бы арқылы жойылып кеткен сондай ма­мандықтарды қайта жаңғыртуды жөн көріпті.

«Десек те бұрын мүлдем оқытыл­ма­­ған бағдарламалар да бар. Айталық, «Био­медициналық инженерия» маман­ды­ғы қазіргі заманға, бүгінгі нарыққа аса қажет. Өздеріңіз білетіндей, елімізге көптеген медициналық құрылғы шетелден әкелінеді. Ал оның бір жері істен шықса, жөндейтін адам жоқ. Міне, «Биомедициналық инженерия» ма­мандығын бітіруші түлектер адам өмі­рін сақтауға қажетті құралдарды жа­с­ау­шы, жобалаушы, жөндеуші маман бо­лып шығады. Әрине, осы тұста «Жаңа мамандыққа түскен студенттерді кімдер даярлайды?» деген сұрақтың туатыны заңды. Жаңа мамандыққа лицензия ал­май тұрып оқытушыларды қайта даярлаудан, шетелдерге жіберіп курстардан өткізіп аламыз. Мемлекеттік грант бөлінгендіктен мемлекеттік тапсырыс негізінде оқу құралдарын сатып аламыз. Бұл оқытушыларға жақсы көмекші болады», дейді Бақыт Ахатұлы.

Өндіріспен байланыс – келешекке кепіл

Расымен де, өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқанда ғана ер­теңгі күні түлектер жұмыссыздар қа­та­рын көбейтпейді. Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан техникалық уни­верситеті жаңа мамандықтар тізімін жасақ­тағанда осы қағиданы ұстанатынын жеткізді. Аталған оқу орнында білім беру бағдарламасы мазмұнының өзі өндіріс өкілдерімен бірлесе әзірленген көрінеді. Бұл туралы жоғары оқу орнының академиялық қызмет жөніндегі проректоры Жадыра Қоңырбаева: «Инновациялық және жаңа білім беру бағдарламалары «Қазцинк» ЖШС, BI Group, «Топаз» ЖШС, «Багратион» ЖШС, «Майлы дақылдардың тәжірибелік алаңы» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы, Травматология және ортопедия ҒЗИ, «Шығыс-ақпарат» ЖШС, «Алтай» телеарнасы және т.б. серіктес кәсіпорындармен келісілген. Жұмыс берушілермен байланыс үнемі сақталады, оқу қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру теориялық дайындықтың өндірістік практикамен (дуалды оқыту жүйесі) ұштасуы негізінде жүзеге асады. Мысалы, Әлеуметтік медиа-маркетинг (SMM) оқу бағдарламасы «Шығыс-ақпарат» ЖШС-мен бірлесіп әзірленді», деп түсіндіреді.

Университетте биылғы оқу жылында 4 түрлі жаңа мамандық ашылған. Жаңа білім беру бағдарламасының кей­бірі тіпті жұмыс берушілердің тап­сы­­рысы бойынша енгізілген екен. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы мен облыстың жетекші оқу орындары медицина инженерлерін даяр­­лайтын «Медициналық техноло­гия» бағдарламасының тапсырыс беру­ші­сі болды. Ал «Роботтандырылған ұш­қыш­сыз аппараттар» инновациялық бағ­дарламасы адамдарды өнеркәсіптік сек­торда автоматтандырылған жүйемен алмастыру қажеттігіне жауап бол­мақ. Өйткені енді бізге роботтық көлік же­лі­лері мен жүйелерін басқара алатын мамандар қажет. Бағдарлама Ново­сібір мем­лекеттік техникалық уни­вер­си­те­ті­мен және Будапешттегі Обуда уни­вер­ситетімен бірге жүргізіледі. Жобаға «Kaзцинк» ЖШС, NormalWork ЖШС кәсіпорындары серіктес болып отыр.