Қаржы • 19 Қазан, 2021

1 доллар = 500 теңге: Валюта бағамы өзгеруі мүмкін бе?

3368 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Белгілі экономист Айдархан Құсайыновтың болжамынша, доллар бағамы 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Facebook-тегі жеке парақшасында пікірімен бөліскен экономист теңге «жасанды» қолдауды есепке алғанның өзінде асыра бағаланып, Ұлттық банктің қаржы-несие саясаты инфляцияға жол ашып отыр деп есептейді.

1 доллар = 500 теңге: Валюта бағамы өзгеруі мүмкін бе?

А.Құсайынов атап өткендей, қазір валюта бағамы әкімшілік әдістермен реттеледі. Мұның екі жолы бар. Біріншісі – Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді сату. Екіншісі – квазимемлекеттік сектор компанияларының 50 па­йыз көлеміндегі валюталық түсі­мін сатуға міндеттеу. Соң­ғысын 2020 жылдың наурыз айында төтенше жағдай кезінде уақытша шара ретінде енгізген.

– Бұл тиімді тетік емес. Қазақ­стан бұдан 2000 жылдардың басында-ақ бас тартқан. Ресей мұнымен 2006 жылы «қоштас­ты». Тіпті көрші ел 2014-2015 жыл­дардағы күрделі дағдарыс кезінде де мұны енгізген жоқ. Өзбекстан бұл тетіктің күшін 2017 жылдың қыркүйегінде жойды. Беларусь мемлекеті 2018 жылы, Украина 2019 жылы бас тартты, – дейді экономист.

Еске сала кетейік, өткен жыл­дың наурыз айында Прези­дент тапсырмасына сәйкес ұлттық валютаның айырбас бағамын тұрақтандыру мақсатында ел Үкіметі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін ішкі валюта нарығында сату туралы шешім қабылдаған болатын.

«Аталған шешім жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асатын экспорттаушы кәсіпорындарға, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қолданылады және төтенше жағдай кезеңінде қол­даныста болады», деп хабар­лаған еді Ұлттық банк.

Осылайша, Үкімет және Ұлт­тық банк ішкі валюта нары­ғын­дағы шетел валютасына сұ­раныс пен ұсынысқа мониторинг жүргізу мақсатында үйлестіріл­ген жұмысын жалғастырды. Қар­жылық реттеуші қабылда­на­тын шаралар айырбастау баға­мын тұрақтандыруға, валюта ұсы­нысын қамтамасыз етуге, не­гізсіз құбылмалылықты бол­дыр­­мау­ға бағытталатынын және іргелі үрдісті қалыптастыруға кедергі келтірмейтінін хабарлады.

Алайда А.Құсайынов квази­мем­лекеттік сектор компания­ларының 50 пайыз көлеміндегі валю­талық түсімін сатуға міндет­теуі Ұлттық банктің валюта­лық интервенцияларымен бірдей екенін жеткізді. Яғни екеуі де бірдей дүние. Бағамды тұ­рақ­тандыру мақсатында нарық­қа сату үшін валюта «лақты­ры­ла­ды». Осылайша, сұраныс пен ұсы­ныс арасындағы теңгерім­сіз­дік реттеледі. Мұны тікелей Ұлт­тық банктің интервенцияларымен, сондай-ақ түсімнің бір бөлігін сатуға міндетті ұлттық ком­паниялардың ақшасымен жасауға болады.

– Өкінішке қарай, уақытша делінген шара тұрақты сипат алып барады. Бұл тұрғыдан алған­да біз 20 жыл бұрынғы жағ­дайға қайтып оралдық. Валю­талық реттеудің біздегі нарық­тық жағдайы Өзбекстанға, Бела­руське, Ресейге, Украинаға қара­ғанда нашар. Айтпақшы, ресми түрде бізде еркін айналым, на­рықтық бағам және инфляциялық таргеттеу режімі бар. Инфляция нәтижелері қазірдің өзінде айқын­далды. Енді нарықтық бағамның нәтижесі қандай болатынын көрейік, – дейді А.Құсайынов.

Экономист аталған тетіксіз ресми есептердің әрі кірмейтінін еске салды. Әйтпесе, доллар бағамы қазір шынайы жағдайда 10-15 пайызға жоғары болуы керек. Яғни бір доллар шамамен 470 теңге. Сондай-ақ экономист Ұлттық қордан бөлінетін трансферт жыл өткен сайын төмендеп келе жатқанын айтты. 2020 жылы 4,8 трлн теңге қарастырылса, биылғы жылдың үлесіне 4,45 трлн теңге тиген. Ал 2022 жылға 1,95 трлн теңге жоспарланып отыр. Қазіргі көрсеткіштен екі есе төмен.

– Мемлекеттік сектордың валю­­таны сату түріндегі «жасырын» араласуын сақтаған күн­нің өзінде 2022 жылы валюта ұсы­­нысы айтарлықтай азаяды. Со­ны­мен қатар ол экономиканың қал­пына келуіне және Ресейден им­порттың тиімділігіне байла­ныс­­­ты валютаға деген сұраныс­тың өсуі аясында төмендейді. Яғни валюта ұсынысы бәрібір 10 па­йыз­ға кемиді. Ал бағам 470-480 теңге деңгейіне жетеді, – деді ол.

Оның айтуынша, трансфертті ұлғайту тығырықтан шығар жол емес. Өйткені ақша импорт­ты сатып алу үшін валюта нары­ғы­на қайта оралады. Ал жоғары инфля­циялық күтулер кезінде трансфертті арттыру және инфляция спиралын жылжыту өте күмәнді бастама.

– Егер валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуды және Ұлттық қордан берілетін транс­­фертті қысқартса немесе алып тас­­таса доллар бағамы 500 теңгеден асып кетеді. Бә­лкім, кейінірек сәл жақсаруы мүм­кін. Бірақ бәрібір бағам сол дә­лізде қалады. Мұндай жағ­дай әл­деқашан қалыптасып, дамы­ған. Біз соның түйінде­лер тұ­сы­на келдік. Инфляцияға қатыс­ты жағдай да осы секілді. Бұл күт­пеген жағдай емес. Бұл соңғы үш жылдағы ақша-несие саясатының салдары, – деді А.Құсайынов.

Айтпақшы, соңғы айларда мұнай бағасы күтпеген жерден өсті. Бірақ бұдан өзгерген ештеңе жоқ. Экономистің пікірінше, өзгермейді де.

– Теңге мұнайдың есебінен нығайып жатқан жоқ. Ұлттық валютаның бағамы әне-міне құлдырауы керек еді. Мұнай бағасының кенеттен қымбаттауы жағдайды жақсартты. Бұл жағдай жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін, – дейді ол.

2021 жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша 1 доллардың бағамы 427 теңгеге тең. AERC зерттеу және консалтингтік ком­паниясының аға сарапшысы Евгения Пактың болжамын­ша, доллар бағамы жақын болашақта өзгер­мейді. Осы деңгейде сақта­лады. Ол бағамға тікелей әсер ететін екі фактор­ды атады. Бірі – базалық мөлшер­лемеге қатыс­ты Ұлттық банктің қабылдаған шешімі. Екіншісі – мұнай бағасы.

– Көптеген экономист инф­ля­­цияға қатысты соңғы дерекке сәйкес базалық мөлшер­леме әлі де өсуі мүмкін екенін алға тартуда. Демек, бұл теңгені ны­ғай­татын факторға айнал­мақ. Екінші жағынан АҚШ пен Қытай экономикасына қатысты соң­ғы деректер оның қалпына келу қарқынының төмендегенін көр­сетті. Сондықтан мұнай ба­ға­сы барреліне 70 доллардан жо­ғары екен деп арқаны кең­ге салуға болмайды. Мұндай жағ­дайда осының өзі құбылмалы еке­нін ұмытпау керек. Назар ауда­рарлық тағы бір фактор бар. Ол – АҚШ долларының индексі. Яғни доллардың басқа елдердің валюталарына қатысты бағамы қалай қалыптасатыны маңызды, – деген пікірімен бөлісті Евгения Пак.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк базалық мөлшер­лемені тағы да көтеретін болса, теңгемен сақталған активтер инвесторлар үшін әлдеқайда тартымды болмақ. Тиісінше, теңге бағамы да нығая түседі деген болжам бар. Егер сценарий кері бағытта өрбісе, онда теңге сөз жоқ, әлсірейді. Бұл ретте инфляциямен күрестегі маңызды құрал базалық мөлшерлеме екенін естен шығармау керек. Өйткені инфляцияның өсуі қар­жылық реттеушіні тығырыққа тірей­ді. Ал бас банктің базалық мөл­шер­лемеге қатысты шешімі тең­гені нығайтуы мүмкін.

– Кейде керісінше жағдай­лар да орын алады. Мәселен, ел­дегі инфляция деңгейі өсті де­лік. Экономикалық теорияға сәй­кес отандық тауарлар импортпен са­лыстырғанда қымбаттайды және оған сұраныс артады. Бұл тиісін­ше экспорттың төмен­деуі­­не, им­порттың өсуіне жол аша­ды. Тео­риялық тұрғыдан ал­ған­­да бұл сценарий валютаны әлсіре­теді. Алайда инфляция өссе де, жағдай өзгермеуі де мүмкін. Бұл инфляцияның Қазақстанда ғана емес, шетелде де өзгеруіне тікелей байланысты. Мұндай жағ­дайда отандық та, импорттық та тауарлар қымбаттайды, – дейді сарапшы.

Е.Пак жылдың соңына дейін теңге бағамында айтарлықтай өзгеріс болмайды деген пікірді алға тартып отыр. Өзгеріс орын алған күннің өзінде бұған сыртқы факторлар әсер етпек.