Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен Сыртқы істер министрлігінің алқа отырысы болып өтті.
Жиынға аталған министрлік басшылығы, Қазақстан Президентінің көмекшісі Ержан Қазыханов, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бірғаным Әйтімова, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің және басқа да бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сыртқы саясат ведомствосы басшылығының алқа отырысындағы күн тәртібінің негізгі бөлігі ел Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шараларын талқылауға арналды.
Сыртқы істер министрі өз сөзінде атап өткендей, бұл Жолдаудың маңыздылығы Мемлекет басшысының ел халқын өсіп-өркендеген, жемісті Қазақ елін құруға бірігіп атсалысуға шақыруы мен «Стратегия-2050» мақсаттарына қол жеткізу үшін дамыған демократиялық қоғамда өмір сүргісі келетін әр азаматтың жеке қатысуы мен белсенді ұстанымының қажеттілігінде жатыр.
Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларына қол жеткізу үшін қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыру сыртқы саясат ведомствосының ең маңызды басымдығы болып табылады. Осы орайда, Е.Ыдырысов жақында Президент тарапынан бекітілген және «2050» Стратегиясының негізгі қағидалары аясында құрылған Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа Сыртқы саясат тұжырымдамасының ерекше маңыздылығын атап өтті.
Министр Сыртқы саясат тұжырымдамасында дәстүрлі ұстанымдармен қатар, басқа да жаңа сыртқы саяси қызметтің басым бағыттары айқындалды, деп атап өтті. «Егер осыған дейін мемлекет мүддесін қорғауға айтарлықтай басымдық берілсе, бүгінде қоғамның қажеттіліктерін, соның ішінде, жалпы азаматтардың және жеке әрбір қазақстандықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қарай бет бұрылуда», деп ол.
Еліміздің сыртқы саяси бағытына тоқтала келе, Сыртқы істер министрі Қазақстан саясаты алдағы уақытта да теңдестірілген, бірізді және прагматикалық қағидаларға негізделетінін атап өтті. «Біз Қазақстанның жаһандық және аймақтық мәселелерді шешуге қатысуын, сыртқы саясаттың стратегиялық ресурсы ретінде көп деңгейлі дипломатияны дамытуын еліміздің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудің негізгі факторы деп білеміз», деді Е.Ыдырысов.
Сонымен қатар, алқа отырысы барысында 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ұсыну жоспарын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың өзекті мәселелеріне халықаралық қоғамдастық назарын аударуға және оларды шешуге, сонымен қоса, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді реттеуге өз үлесімізді қосуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Сондай-ақ, алқа жиынына қатысушылар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жайы, еуразиялық және орталықазиялық интеграция мәселелері, Ауғанстандағы және Сириядағы жағдайды тұрақтандыру, Украинадағы саяси дағдарысты реттеу мен халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді талқыға салды.
Сәулебек БІРЖАН.