Егемен Қазақстан • 19 Қазан, 2021

Жаны ізгі журналист

1057 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қаламы жүйрік журналист, ешқандай атақ-марапаттарын қосып айтпасаң да, көңілі ояу, жүрегі нұрлы оқырмандары бірден танитын Анар Төлеуханқызы апайым бүгін алпыстың асқарына көтерілді. Торғайдың ақыл-парасат пен ажар-көрік тең дарыған дара қызының журналистік өмір жолы туралы мақала өз кезегінде жазыла жатар. Мен көп жыл «Егеменде» бірге қызмет еткен әріптес апайымның өзім көрген, таныған, бағалап, сүйсінген қырлары жайлы оқырманға сыр ашқым келеді.

Жаны ізгі журналист

Анар апай туралы жазу маған оңай емес, бір жағынан аса қиын да соқпайтынын білемін. Оңай болмайтын себебі, «артық кетуім мүм­кін-ау немесе олқы соғып қалмайды ма» деп алаңдаймын. Қиын болмайтын себебі, тонның ішкі бауындай өте жақын, сырлас, сыйлас апайымның бір жазып кетсең, тоқтамай жаза беруге болатын қыры көп. Ол көп қырдың бір-бірінен осалы тағы жоқ.

Анар апай екеуміз 2006 жылдың жай­машуақ жазында «Егеменге» бір күнде жұ­мысқа тұрдық. Ол кезде жаңа ғимарат әлі салынбаған. Ескі ғимараттың бірінші қаба­тындағы бөлмелердің бірінде бірге отыра­мыз. Мақаламызды жазып тастаған соң ара­сында түрлі тақырыпты талқылайтын әдетіміз болатын. Сол уақыттағы саясат, экономика, заң тақырыптарының жілігін шағып, майын ішкен қылшылдаған журналистер – Сейфолла Шайынғазы, Жақсыбай Самрат, Сұңғат Әліпбай, Александр Тасболатов сынды ағалармен нөмірге шыққан мақалаларды талдап, талқылап, «әттеген-ай, мына мақалаға мына бір детальді қосып жібергенде жарқырап кетер еді-ау», дегендей ой-пікірлердің тиегі ағытылып жататын. Уыздай жас, саясаттан бейхабар, әлеуметтік мәселелерге де қызыға қоймайтын, тек руханият пен мәдениет десе ғана елеңдейтін мен үшін сол пікірталас, ой-талқыларда Анар апайдың қай салада да көп білетін білімдарлығы, тастай қисынмен, жанды мысалдармен сөйлейтін шешендігі онша таңғалдыра қоймайтын. Қазағы қалың, салт-дәстүрге жетік, біздің оңтүстік жақта, ел ішінде «қырыққа келмеген кісіден ақыл сұрама» дейтін бір сөз бар. Сол құлағыма әбден сіңген болуы тиіс, сәби санамен адам қырық жастан асқан соң ақылы толысып, қасиет дариды деп ойлап жүрсем керек. Қы­рық жастан асқан адамдардың бәрі бірдей ерекше қасиетке ие болып кетпейтінін, өмір бойы оқып, үйреніп, оны өзгелермен де бөлісе алатын, сондай-ақ өз-өзін жетілдіру үшін тынбай ізденетін адамдардың көп болмайтынын, әрине, сәл кейінірек түсіне бастадық қой. Оның бер жағында қан, тек дейтін мәселенің де атқаратын рөлі зор екен. Қысқасы, тар кеудеге зор парасат-пайымның сыймайтыны түсінікті болған кезде Анар апайымның тұлғасына басқаша көзбен қарауға көштім.

Анар апай ең алдымен, ескі әңгімелерді көп біледі. Өзі туған Торғай топырағының жықпыл-жықпылында болған тарихи оқиға­ларды, тұлғалар тағдырын балын тамызып, әсерлеп айтқанда тарихтағы жылы немесе адам саны ғана есіңде қалған құп-құрғақ оқиғаларға жан бітіп, басқаша қырынан ашылғанын аңғарасың. Өз әулетін де шарпып өткен саяси оқиғалар, сталиндік репрессияның тырнағына ілінген жаны аяулы жақсылары, одан бертініректе өмір сүрген әке-шешесі, туған-туыстары туралы естелік әңгімелер тек құлақ құрышыңды қандырмайды, жан сара­йыңды ашады. Көрмесең де, білмесең де әлгі адамдарды жақын тұтып, барлық артық­шылық-кемшілігімен жақсы көре бас­тайсың. Сөз құдіреті деген осы шығар! Ара­сында «сіздің барлық туысыңыз біздің туы­сымыз сияқты» деп әзілдеп қоятынымыз бар. Ол кісінің ақжарқын, әңгімешілдігінде анасы Күләнда Мәлікқызының әсері бар еке­ні анық. Кезінде белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлына кеңес беріп, бағыт сілтеп отырған Күләнда апай – қырық жылдай мектепте мұғалім болған жан. Пән мұғалімі бола жүріп, үйірме жұмысын да жүргізіп, фольклор мұраларын да жинақтаумен айналысқаны, ел ішінде таралмаған әндерді айтып, оны көпшілікке таратып отырғаны белгілі. Ол кісі туралы жазылған біршама еңбек бар. Ал әкесі Төлеухан қайырымдылық пен жо­марттықтың символы сияқты. Анар апай әкесі туралы айтқанда жанары жанып, сондай бір махаббатпен әңгімелейтін. Әкесі мектепте мұғалім, кейінірек интернат меңгерушісі болғанын, балалардың бәріне өз баласындай қамқорлықпен қарағанын, олардың қарны аш па, тоқ па, үсті-бастары таза ма деп тексеріп жүретінін, тіпті интернатта жатып ауырып қалған балаларды үйіне әкеліп, сорпалайтын әдеті болғанын ылғи айтып отыратын. Осы жерде «Төлеутайдың төрт қызы» дейтін баллада мен «Күләнда» поэмасының жайы туралы қоса кеткім келеді. Балладаны ақын Кеңшілік Мырзабеков жазған. Ол Анар апайдың әке­сінің де, анасының да шәкірті болған. Анар апайдың Алма деген әпкесі дүниеге келгенде апайдың үлкен әкелері Кәдіржаннан жасөспірім Кеңшілік сүйінші сұрапты. Сонда Кәдіржан аға жомарттықпен жас баланың қолына бір бума ақша ұстатып, оған ол велосипед сатып алады. Кейінірек Алматыда оқып, ел танитын ақынға айналған тұста Кеңшілік Мырзабеков «Төлеутайдың төрт қызы» деген баллада жазады. «Сіздің қыздарыңыздың құрметіне жаздым» дегенді елге сапарлап келгенде ақынның өзі Төлеухан ағайға айтқан екен. Сондай-ақ Торғай өңірінде райком хатшысы қызметін атқарған нағашы атасы Мәлік Бөкішевтің жақсылығын көрген ақын Нұрхан Ахметбеков оның қызы Күләнданың құрметіне «Күләнда» поэмасын жазады. Ақын ол дүниесін 1935 жылы жариялайды. Аштықтан қаза болғандарға ескерткіш болсын деген ниетпен жазылған поэманың бас кейіпкері апайымыздың анасы емес. Бірақ өзіне жақсылығы өткен отбасының желкілдеп өсіп келе жатқан қызының есімін поэмаға қоюды ақынның өзі сұрап алыпты. Міне, ел ішінде жақсы қасиеттерінің молдығымен зор абырой мен құрметке ие болған қос жақсының құрған шаңырағында өмірге келген Анар апайдың жастайынан елгезек, құймақұлақ, білімге құштар, әсершіл, әңгімешіл болмауына қақысы да жоқ еді.

Қасында жүрген соң апайдың тағдырдың тауқыметін көрген не жолы болыңқырамай жүрген жандарға рухани тұрғыда да, қаржы­лық тұрғыда да жәрдем жасағанын талай байқадым. Соның бір мысалын айтайын. Осыдан екі-үш жыл бұрын апай астанадағы мектептердің бірінің директорына телефон шалып: «Оқу жылы басталып кеткенін, оқушылар саны толық екенін түсінемін. Әйтсе де пейілі кең қазақ емеспіз бе, бір балаға орын табылар. Сол баланы мектебіңізге қабылдасаңыз, жақсылығыңызды ұмытпаймын» деп жатты. Әлгі баланың аты-жөнін, сыныбын тәптіштеп айтып берген соң, «анасы сізбен жолығады, барлық жағдайды өзі түсіндіреді» деп әңгімені аяқтады. Қызығушылығым жеңіп: «апай, туыстарыңыздың баласы ма еді?» деп қоям. Апайым «өзім де жөнді танымаймын» деп қара-а-ап тұр! Сөйтсем мәселе былай болыпты. Тағдырдың жазуымен күйеуінен ажырасып, батыс өңірінен көшіп келген бір келіншек әлеуметтік желі арқылы апайға хат жазады. Хатында сол жағалаудағы мектептің бірінің маңында тұрса да, «оқушылар саны толық» деп баласын мектепке қабылдамағанын, ал басқа мектептердің тым алыс екенін, өзі­нің жұмыстан кеш қайтатынын, егер алыс мектепке автобуспен қатынайтын болса, бас­тауыштағы баланы уайымдайтынын баяндап, апайға «көмектесіңізші» дейді ғой. Ал ешкімді бөле-жармайтын, «бар қазақ – бір қазақ» дейтін ұстанымдағы Анар апай мектеп директорымен сөйлесіп тұрған беті екен. Егер тізіп шығатын болсам, мұндай мысалдар өте көп. Көмекке мұқтаж жандардың апайды тауып алатынына қайран қаласың. Сонша бай болмаса да, жаны жомарт апайдың бір кездері қаламақасын тұрақты түрде садақаға атап, тұрмысы нашар отбасыға көмектескенін де көргенмін. Өзімше апайдың бұл қасиеті әкесінен дарыған болар деп жорамалдап қоям. Қанша дегенмен көптің қамын жеген әкенің тәлімін көрген жан емес пе?

«Егеменде» Анар апайдың егіздің сыңа­рындай замандасы, құрбысы бар. Ол – бел­гілі журналист Қарашаш Тоқсанбай апа­йым. Кезінде екеуі бірге үлкен рухани та­қы­­­рыптарды көтерген жоба да жасаған, ма­қа­лалар сериясын да жазған. Әңгімесі де, әзіл-қалжыңы да жарасатын қос апайымды бірге көрмегелі қай заман? Пандемияның зарарынан қашықтықтан жұмыс істеп жатқан апайларға хабарласып тұратыным бар. Қара­шаш апайға осы мақаланы жазатынымды айт­қанда ол кісі: «Анардың қасиеті көп қой. Ең алдымен турашылдығын айт. Ол айтар нәрсесін сылап-сыйпап, иін қандырып, алыс­тан орағытып жатпайды. Тура айтады, ірі турайды. Әділетсүйгіш кісінің мінез-құлқы ғой оныкі» дейді.

Иә, өмірдің әр саласынан хабары бар, әсіресе, салт-дәстүрді, саясатты, әлеуметтік мәсе­лелерді өте терең білетін Анар апай­дың тұлғаға тән өзіндік қасиеті көп. Оның бірсы­пырасын біз айттық. Ол кісінің оқырманның көңіл көкжиегін кеңейтетін танымдық мақала­ларының өзі зерттеуді, тануды қажет ететін бір көрікті әлем. Әлеуметтік желідегі белсенділігі, қоғам назарын бұра алатын жазбалары туралы да кең көсілуге болады. Әйтсе де апай туралы әлі талай жазармыз деген ниетпен осы жерден тізгін тартуды жөн көріп отырмын. Жаңа жасыңыз жақсылығымен келсін, Анар апай!

 

Айгүл СЕЙІЛ,

журналист