Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Онда үстіміздегі жылғы Жолдаудың тапсырмалары мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындаудың мәселелері қарастырылды.
Отырыс жұмысына Үкімет мүшелері, Парламент палаталарының төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, Астана және Алматы қалалары мен облыстар әкімдері қатысты.
Отырысты ашқан кіріспе сөзінде Н.Назарбаев бүгінгі күнгі әлемдік ахуалдың оңай еместігін атап өтті. Дағдарыстың салдары әлі де толығымен аяқталған жоқ. Экономика өсімін 6-7 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін ішкі-сыртқы инвестицияларды тарту жолдарын қарастырып және ол үшін қандай резервтерді іске қосуымыз керек? Осы мәселелер бойынша пікірлер мен ұсыныстарды қарастыратын боламыз, деді Елбасы.
Өткен жылдың қорытындысы және алдағы міндеттерді іске асырудың жолдары бойынша алғашқы баяндаманы Премьер-Министр Серік Ахметов жасады. Одан әрі Ұлттық банк төрағасы, бірнеше министрліктер мен өңірлер басшылары сөйледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырыс жұмысын қорытып, сондай-ақ, алдағы тұрған міндеттер мен өзгерістер туралы сөз сөйледі. Өткен жылғы Үкімет жұмысының қорытындысын айтатын болсақ, істеген жұмыстар мен қол жеткізген табыстар аз емес. Дүниежүзі әлі күнге дағдарыстың салдарынан арыла алмай жатқанда біздің экономикамыздың өсімі қанағаттанарлық деп айтуға болады. Бұл жұмыстарды атқарған Үкімет органдары мен барлық облыс, аудан, ауылдық округ әкімдері. Олардың еңбектері атап өтуге тұрарлық, дей келіп, Президент одан әрі Жолдауда алға қойылған міндеттерді қалай орындау керектігіне ойысты. Өткен жылдың қазан айында біз 9 айдың қорытындысын шығарып, күрделі мәселелерді талқыладық. Сол бойынша мен Үкіметке 33 тапсырма берген едім. Олардың барлығының да орындау мерзімі келсе де 11-і ғана, яғни 33 пайызы ғана іске асқан. Қалғандары сапасыз орындалып, бүгінгі күні әлі де іске асырылу үстінде. Соның ішінде, мысалға айтатын болсақ, «көлеңкелі экономика» бағытында ештеңе істелген жоқ. Бұл мәселені орындауды мен нақты Е.Досаевқа тапсырған едім.
Осылай дей келіп, Президент Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың түсінік беруін талап етті. Бүгінгі күні біз бұл мәселемен тереңірек айналысудамыз. «Көлеңкелі экономика» бел алған экономиканың төрт түрлі саласын анықтадық. Олар: сауда, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік сатып алу және қаржы секторлары. Оларда «көлеңкелі экономика» деңгейі жуық шамамен 20 пайызға жеткен. Мемлекеттік сатып алуды бір орталықтан жүргізу ісі биылғы жылдың наурыз айынан басталады. Жасырын түрде шығарылатын алкоголь өнімдері, жанар-жағармай түрлері анықталды. Біз оларға қарсы шаралар жоспарын іске асырудамыз. Келесі аптада бұл істердің қорытындысы да шығып қалар, деді ол. Президент «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрестің мемлекет үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені, бұл заңсыз іспен миллионға жуық адамның айналысатыны, олардың мемлекеттік бюджетке салық төлемейтіндігі айтылды.
Одан әрі Президент жергілікті өзін өзі басқару органдарын түсім көзімен қамтамасыз ету мәселесінің толық шешілмегеніне назар аударды. Үкімет пен Ұлттық банк мемлекет пен жекеменшік әріптестігін іске асыру жобасы бойынша даму институттарынан, зейнетақы қорларынан, қаржылық ұйымдардан қаражат тарту жөніндегі ұсыныс бойынша нақты нәтиже шығара алған жоқ. Ауыл шаруашылығы жөніндегі мәселелер де шешімін тапқан жоқ. Бұл тізімді одан әрі де жалғастыра беруге болады. Ал бұлардың бәрі де Жолдаудың сапалы түрде орындалуына қажетті маңызды мәселелер, деді Елбасы.
Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдаудың үстіміздегі жылы алға қойған жеті нақты міндеті мен ұзақмерзімді жоспарларына тоқталып, олардың мінсіз орындалуы зор міндет екенін атап өтті.
Осыдан кейін Президент үш күн бұрын ел халқын алаңдатқан маңызды мәселеге тоқталды. Бұл – теңгенің айырбас бағамын нақтылаған шара. Ол экономика өсімінің 6 пайыз болуына мүмкіндік береді. Ал бұл – алға қойылған мақсат пен міндеттерді орындауға қол жеткізудің ең негізгі көрсеткіші. Сондықтан оны алыпсатарлыққа айналдыруға тырысқандардың жолын кесу керек. Барлық айырбас пункттері мен сауда нүктелерінің жұмысы қатаң бақылануы тиіс. Тәртіпті бұзғандар заң бойынша жазалансын, дей келіп, Президент ұнды бәлен қапшықтан сатып алып жатқандардың қылығының күлкілі екенін айтты. Бізде 20 млн. тонна астық бар, сондықтан ұн жетпей қалады деген дақпыртқа алданғандардың қылығы күлкілі. Барлық негізгі тамақтар бізде артығымен қорланған. Халықтың алаңдауына еш негіз жоқ, деді Елбасы.
Келесі кезекте Президент әлемдік экономика мен ішкі ахуалда қалыптасқан үрдісті ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жеті бағыттағы алдын алу шараларын іске асыруы керектігін еске алды. Біріншіден, халықтың табыс табуын қолдау, екіншіден, кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру, үшіншіден, қаржы секторының тұрақтылығын арттыру, төртіншіден, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, бесіншіден, «көлеңкелі экономиканы» қысқарту, алтыншыдан, инвестициялық ахуалды жақсарту, жетіншіден, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, дей келіп, Елбасы одан әрі осы жеті бағыт бойынша нақты не жұмыстар істелуі керектігін атап өтті.
Біріншіден, деді Президент, халықтың табысын қолдау үшін Үкімет негізгі тамақ және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, жанар-жағармай мен дәрі-дәрмектер бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, өнімдердің тапшылығы болмауын және монополистердің тарифтерді негізсіз өсірмеуін қадағалауы қажет. Халықты әлеуметтік қолдаудың кешенді шараларын қабылдау керек. Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындарда қызмет ететін азаматтардың еңбекақыларына ай сайын 10 пайыздан үстеме төленуін қарастыруды тапсырамын. Азаматтық қызметкерлерге білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау саласының қызметкерлері жататынын ескертемін, деді Президент. Сонымен бірге, ол 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап осы қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін жасау туралы Жолдауда Үкіметке тапсырма бергенін еске салып өтті. Онда денсаулық сақтау және білім беру салалары қызметкерлерінің еңбекақысы – 29, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға дейін арттырылатыны көзделген. Ал енді 1 сәуірдегі қосымшаны қоса есептейтін болсақ, бұл сала қызметкерлерінің еңбекақысы 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 36-дан 52 пайызға дейін артатын болады, деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы өсімді қоса есептегенде, зейнетақы төлемдері – 14, ал мемлекеттік әлеуметтік төлемдер 12 пайызға дейін өсірілетінін жеткізді. Студенттердің стипендиясы 10 пайызға артатын болды.
Бұл үшін Президент Үкіметке бюджетке қажетті түзетулер енгізуді, ал қажет болса қосымша қаражат көздерін табуды тапсырып, маңызды міндеттердің мінсіз орындалуы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорына енетін компаниялардың өндіріспен тікелей айналысатын қызметкерлерінің еңбекақысын да 1 сәуірден бастап арттыруды тапсырды. Өзінің сөзінде Елбасы тау-кен секторы мен металлургиялық кешеннің «Қазақмыс», «Арселор Миттал», «Қазцинк», ЕNRC және мұнай-газ саласының ірі компанияларының басшыларына да өндірісте тікелей айналысатын қызметкерлерінің еңбекақысын 10 пайызға арттыру туралы ұсыныс жасағанын айтты. Басқа да аталмаған компаниялар, орта бизнес те осы бастаманы қолдар деген үміттемін, деді Елбасы.
Екіншіден, Үкіметке кәсіпкерліктің, соның ішінде әсіресе орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беретін жүйелі шараларды әзірлеп, іске асыру міндеттеледі. Қазір біздің кәсіпкерлеріміз ұзақ мерзімді несие ресурстарына қол жеткізуге зәру. Ондай қаражатты біздің банктер бере алмайды. Сырттан келетін көздер қазір жетпей қалды. Сондықтан бізге экономиканы қолдап және оның өсімін 6-7 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін мемлекеттің резервтерін пайдалану керек, дей келіп, Президент осыған байланысты Ұлттық қордан 2014 және 2015 жылдары 1 трлн. теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат қайда жұмсалуы керек деген сауалды қоя отырып, Елбасы оған өзі жауап берді.
Біріншіден, ол шағын және орта бизнестің өңдеу өнеркәсіптерін дамыту жобаларына, екіншіден, индустрияландыру бағдарламасының басымдықты, соның ішінде шетелдік капиталдың қатысуындағы жобаларына жұмсалуы тиіс. Бұл ресурстар тек қана өнім шығаруға беріледі. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе отырып үстіміздегі жылдың 20 ақпанына дейін осы тетіктерді шешудің кешенді шараларын жасап, нақты ұсыныстармен шығуды тапсырамын, деді Елбасы. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы мөлдірлікті қамтамасыз ету үшін бұл шараларды халықаралық қаржылық институттармен бірлесіп жасауды тапсырды. Өзі бұл институттармен алдын ала сөйлескенін және олардың бұл жобаларды бірлесе қаржыландыруға дайын екендіктерін айтқанын жеткізді. Сондықтан дұрыс жұмыс істей алсақ, бұл триллион 2-3 есе өсетін болады, деді Елбасы. Одан әрі Президент бұл шаруаны атқаруға тікелей жауапкершілікті Премьер-Министр мен Ұлттық банк төрағасына жүктейтінін және қаржының орынды жұмсалуын бақылау үшін арнайы комиссия жасақтайтынын жеткізді.
Одан әрі Президент кәсіпкерлікті қолдау мақсатымен барлық құқықтық-нормативтік актілерді ревизиялау жөнінде тапсырма бергенін айтты. Бұл жұмыс 2014 жылдың 1 маусымына дейін аяқталуы керек, деді ол. Осыған орай, Президент «Экспресс К» газетінде шыққан материалды алға тартып, тексеруші органдардың кәсіпкерліктің аяғына қалай тұсау салған мысалын оқып берді. Кәсіпкерлікті осылай аяқтан шалып, қайта-қайта тексере беретін қажетсіз тексеруші органдарды анықтап, оларды жою туралы шешім қабылдау қажет шығар, деді.
Ал қаржы секторында тұрақтылықты арттыру мәселесіне орай, Президент «жұмыс істемейтін» несиелер мәселелеріне назар аударды. Мен 2014 жылдың 1 наурызына дейін Ұлттық банк пен Үкіметке проблемалы несиелерді сатып алу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Ұлттық банктен екінші деңгейдегі банктерде «жұмыс істемейтін» несиелердің үлесін 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін 15 пайызға, ал 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін 10 пайызға дейін азайтуын талап етемін. Осы міндетті орындау үшін банктер қажетті шараларды іске асыратын болсын. Ұлттық қордан бөлінетін қаржылық ресурстарды берудің ең маңызды алғышарты – банктердің «жұмыс істемейтін» несиелерді төмендету туралы міндеттемесі болуы керек, деді Мемлекет басшысы. Одан әрі Елбасы орта мерзімді перспективада инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету бойынша Ұлттық банкке 15 наурызға дейін ұсыныс енгізуді тапсырды.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы қор рыногын дамыту мәселесіне тоқталып, оны дамыту үшін күрделі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Бізде «Халықтық ІРО» бағдарламасы ойлағандай дами алмады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру үдерісі негізсіз ұзап кетті, дей келіп, Президент Үкімет пен Ұлттық банкке Қаржы рыногын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы және Зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2014 жылдың 1 маусымына дейін осы мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
Сонымен бірге, экономикаға мемлекеттің қатысын азайту мәселесін қозғады. 2012 жылы біз «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыруға кірістік. Рынокқа «КЕГОК», «Эйр Астана», «КазТрансГаз», «Самұрық-Энерго» және «Казмортранфлот» сияқты тағы 5 компанияны шығаруды жоспарладық, дей келіп, Елбасы бұл жұмыстардың неге тоқырап қалғанын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Ө.Шөкеевтен сұрап, себебін білген соң осы жұмысты одан әрі белсенді жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, 2014 жылдың І тоқсанына дейін Жолдауда айтылған 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін экономикадағы мемлекеттің қатысы ІЖӨ-нің 15 пайызы ғана болуы керек, деді Президент.
Одан әрі Елбасы «көлеңкелі экономикаға» қайта тоқталып, оның қасіреттерін санамалап берді. Ресми ақпараттарға қарағанда, «көлеңкелі экономика» ІЖӨ-нің бестен бірін қамтитын көлемге жеткен. Бұл – қаншама салық бюджетке түспеді, соның кесірінен қаншама әлеуметтік мәселелер шешілмеді деген сөз, дей келіп, Үкіметке 2014 жылдың 15 наурызына дейін бұл мәселені еңсеру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Одан әрі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселесі айтылды. Бұл мәселеде бізге ойынның нақты, мөлдір және болжалды тәртібін енгізу керек. Инвесторларды келісімдер мен заңнаманың тұрақтылығы, қоғамдағы тұрақтылық, инфрақұрылым, энергия ресурстары, көлік, жұмыс күші және ыңғайлы визалық режім сияқты арқаулық факторлар ғана қызықтырады. Осының бәрі бізде бар, бірақ жетілген жағдайда жұмыс істемейді, істесе де инвесторға пайдалы болып жасалмайды. Осылай деген Президент Үкіметтен осы мәселелердің дұрыс орындалуын қатаң бақылап, шетелдік капиталдың өңдеуші салаға, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы секторларына еркін енуін қамтамасыз етуді талап етті. Осы қатарда шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесін де қарастырып, кедендік әкімшілендіру ісін жақсарту бойынша тиісті шаралар жасауды тапсырды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақстанда енгізілетін жүктерді ресімдеу шараларының ең көп дегенде 3 күннен аспауы қажеттігін айтты. Ал инвесторларды ынталандыратын жеңілдіктер туралы үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін ұсыныс енгізу тапсырылды.
Инвестиция түрлі кедергілер болмайтын және жұмыс істеуге жоғары әлеует шоғырланған жерге келеді. Біз көліктік-логистикалық жүйені халықаралық деңгейге жеткізуіміз керек. Ол үшін барлық ұлттық логистикалық активтерді біріктіріп, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқаруымен әріптестермен альянс құруымыз қажет, деді Президент.
Одан әрі индустрияландырудың мақсатын айтып, ол толып жатқан бөлек жобалар емес, дамыған өңдеуші өнеркәсіпке қол жеткізу екенін жеткізді. Үкімет осы мақсатқа шетелдік және отандық инвестицияларды тартудың нақты жоспарын жасауы керек. Басым секторларға үздік трансұлттық компанияларды тартудың стратегиясын әзірлеген жөн. Соның ішінде мұнай-газ және тау-кен жабдықтарын, ауылшаруашылық машиналарын шығаратын үздік компанияларды тарту жөнінде нақты жұмыстарды бастау керек, деді Елбасы.
Одан әрі Н.Назарбаев Үкімет өңірлердің әкімдерімен бірге аймақтардың нақты салаға мамандануын ұйымдастыруды тапсырды. Бұл келесі кезекте кластерлік бастаманы дамытуға негіз болады. Ең алдымен, экономиканың базалық секторларындағы бәсекелестікке қабілеттілігімізді дамыту керек. Мұнда инвестициялық белсенділік төмендеп кетті. Бұл геологиялық барлауға инвестиция тарту деңгейінің жеткіліксіз екеніне байланысты, дей келіп, Елбасы өзіне қаңтар айында Мұнай-газ қорларының атласы тапсырылғанын айтты.
Мемлекет басшысы көмірсутегі қорлары мен пайдалы қазбалардың қатты түрлері біздің экономикамыздың жүйеқұраушы элементтері саналатынын атап өтті. Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын жүзеге асыру қажет. Бұл мәселелер жеке мемлекеттік орган арқылы реттелуге тиіс, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай және газ саласында технологиялық саясатты айтарлықтай жандандыру қажеттігін айтты. Қазақстанда мұнай алу коэффициенті 30-35 пайыздың айналасында, ал әлемде ол 50 пайызға жетті. 2020 жылға дейін осы коэффициентті арттыру қажет. Бүгінде халықаралық сарапшылардың пікірі газ саласының болашағы зор деген тұжырымға келіп тоғысады. Сұйытылған газ секторына және өзге де газ химиясы мен газ энергетикасына айрықша көңіл бөлінуде. Жалпы, Газ секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу қажет, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті энергетика саласында Отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеудің маңыздылығына тоқталды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында АЭС-тің орны мен құрылысына қатысты мәселені де қарап, ұсыныс енгізіңіздер. Бұл ретте жаңартылатын табиғи – су, жер және биологиялық ресурстарды пайдалану үшін қазақстандық ғылымның рөлін күшейтуге назар аудару қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды. Бұл жерге де заманауи аграрлық ғылым құру үшін инвестициялардың, әсіресе, шетелдік инвестициялардың келуін қамтамасыз ету өте маңызды. Үкімет ауылшаруашылық өнімінің нақты бір түрін өндіру үшін Өңірлердің ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану жөнінде мамандандырылу картасын әзірлеп, бекітуі тиіс. Ауылшаруашылық тауарлары өндірісі өнім өңдеумен қатар дамуы керек. Ауыл шаруашылығындағы өнімділік пен тиімділікті арттырудың бір жолы – ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау. Сондықтан «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» бірыңғай заң әзірлеу қажет, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті базасында ауыл шаруашылығы саласында халықаралық зерттеу университетін құру жөніндегі ұсынысты бір ай ішінде енгізуді тапсырды.
Қазақстан Президенті отырысты қорытындылай келіп, аталған мақсаттарға жету үшін Үкіметтің белсенді және сапалы жұмыс істеуі қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысынан кейін Премьер-Министр Серік Ахметов еліміздің өткен жылғы даму нәтижелері туралы баяндап берді. Есептік кезең ішінде Үкіметтің жұмысы «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы міндеттерді іске асыруға бағытталды. Әлемдік экономикадағы қолайсыз жағдайға қарамастан, біздің еліміз даму қарқынын сақтап қалды. Оған Сіздің тапсырмаңыз бойынша қабылданған дағдарысқа қарсы іс-шаралардың және Индустрияландыру бағдарламасының нәтижесінде қол жеткіздік, деді С. Ахметов. Осылай дей келе, ол алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Дүниежүзінде экономикалық жағдай тұрақты болмай тұр. Мәселен, экономиканың баяу дамуы, жұмыссыздық пен қарыздың өсуі дамыған елдердің экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге кері әсерін тигізді. Тербелмелі күйде тұрған ғаламдық сұраныс әлемдік тауар нарығындағы бұлыңғыр жағдайға әкеліп соқтыруда, соның салдарынан Қазақстан экспортының негізгі бағыттарында елеулі қиындықтар қалыптасып отыр. Бұл – біздің экономикамыз үшін өте күрделі сынақ, деді Үкімет басшысы.
2013 жылы қазақстандық тауарлар экспортының жалпы мөлшері 4,6 пайызға қысқарды. Сіз белгілеген экономикалық-әлеуметтік жаңғыртуларды жүзеге асыру нәтижесінде біз дамудың оң динамикасын сақтай алдық, деп жалғады сөзін Премьер-Министр. Нәтижесінде, өткен жылы ішкі жалпы өнімнің 6 пайыздық дамуын қамтамасыз еттік. Ал инфляцияның деңгейі 4,8 пайыздық мөлшерді, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды көрсетті. Негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемі 6,5 пайызға өсті. Экономикалық тұрақтылық және тұрақты өсім бізге әлеуметтік жаңғыртулардың екпінін сақтауға мүмкіндік берді. Үкіметтің ағымдағы жылдағы басты басымдығы – Сіз айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы ұзақмерзімді міндеттердің тиімді шешілуіне жағдай жасау және әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына ену бағдарламасын жүзеге асыру.
Бұл ретте, С.Ахметов Үкімет қызметінің негізгі басымдыққа ие бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, бірінші бағыт – экономикалық жаңғырту. Ұзақмерзімді экономикалық дамудың негізі – өңдеуші секторды дамыта отырып, индустрияландыру саясатын жалғастыру. Біз өңдеуші секторда оң динамикаға қол жеткіздік. Бұл бағыттағы өсім былтырғы жылы 1,6 пайызға артты. Мәселен, машина жасау саласындағы өсім 114,6 пайыздық деңгейді көрсетті, құрылыс материалдарын шығарудағы өсім 111,8 пайызды, химия саласындағы өсім 103,3 пайызды құрады. Өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына 137 индустриялық жоба енгізілді, оларға құйылған инвестиция көлемі 400 млрд. теңгені құрады. Бұған қоса, 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2014 жыл – Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның алғашқы бесжылдық мерзімін аяқтау жылы. Ағымдағы жылы индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығы аяқталады. Біз 750 млрд. теңгені құрайтын 130-ға жуық жаңа нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет индустрияландыру бағдарламасына түзету енгізу жұмыстарын жалғастыруда. Онда Қазақстанның орнықты басымдығы болатын басым бағыттар мен салалар айқындалады, деді Премьер-Министр. С.Ахметовтің мәлім етуінше, еліміздің 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобасы Мемлекет басшысының қарауына ағымдағы жылдың маусым айында ұсынылады.
Сондай-ақ, С.Ахметов былтырғы жылы мұнай және газ секторында негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілгенін, мәселен, былтырғы жылы мұнай өндіру 82 млн. тоннаны құрағанын, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық екенін атап өтті. Газ секторында 42,3 млрд. текше метр газ өндіріліп, ондағы өсім 2,2 млрд. текше метрге жетті, деді Премьер-Министр бұл орайда. Үкімет басшысының айтуынша, әлемдік баға конъюнктурасына қарамастан, металлургия саласындағы өсімнің күрт төмендеуіне жол берілген жоқ. Бұл жүйеқұраушы кәсіпорындарды қолдау іс-шараларының арқасында жүзеге асты. Сіздің тапсырмаларыңызға сәйкес, геология және жер байлығын пайдалану саласына инвестиция тарту мақсатында заңнамаға енгізілетін түзету жұмыстары әзірленді, бұл әкімшілік іс-шараларды мейлінше жеңілдетуге бағытталған, деді С.Ахметов.
Премьер-Министр Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттердің екінші бір бағыты инфрақұрылым мен энергетиканы дамыту екенін атап өтті. 2013 жылы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жаңадан төселген 1700 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілді. Биылғы жылы тағы да 157 шақырымында жаңа қозғалыс дәлізі ашылатын болады. Сондай-ақ, биылғы жылы республикалық маңызы бар 2 мыңнан астам шақырымды құрайтын автокөлік жолын салу, қайта жөндеуден өткізу көзделуде. Бұған қоса, жаңадан 13 әуе және 5 жүрдек теміржол бағыттары ашылатын болады. Елімізде және шетелдерде көлік-логистикалық орталықтар жүйесін құру жұмыстары жалғасады. Энергетика саласында жанармай-энергетикалық кешенін және электр энергетикасы саласын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары аяқталатын болады, деді С.Ахметов.
Премьер-Министр, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім-ғылым салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды да назардан сырт қалдырмады. Білім саласында 2010 жылдан бері мектептерде оқушы орындарының тапшылығы 26 мыңға қысқарды және апаттық мектептер саны 65-ке азайды, деді С.Ахметов бұл ретте. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылы денсаулық сақтау саласында 106 нысанды, 35 балабақшаны, 73 мектеп пен 21 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған бюджетте 95 миллиард теңге қарастырылыпты.
С.Ахметов еліміздің сыртқы сауда саясаты бойынша Үкімет жүзеге асыратын негізгі міндеттер Қазақстанның ДСҰ-ға кіру үдерісін аяқтау және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартты әзірлеу екенін де тілге тиек етті. Бұл орайда, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік тетіктерінің тиімді жұмыс істеуіне кері әсер ететін түрлі кедергілердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүргізу жалғасып келеді, деді Үкімет басшысы. Ол, сонымен қатар, Үкіметтің валюта бағамының өзгеруіне байланысты қалыптасқан жағдайға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Ұлттық валюта бағамын түзету шаралары отандық тауарлар мен оларды өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң ықпал етеді деп пайымдаймыз. Сонымен қатар, кейбір отандық тауар өндірушілерде қиындықтар туындауы мүмкін екенін түсінеміз. Негізінен олар жаңа өндірістерді құру немесе қолданыстағы өндірістерді жаңғырту үшін валюталық несиелер есебінен құралдар мен материалдарды импорттайтындарға қатысты болмақ, деді С.Ахметов. Осы орайда Үкімет басшысы қалыптасқан ахуалға талдау жасалып, қажетті шаралар қабылданатынын атап көрсетті.
Сөзінің соңында Премьер-Министр Елбасының халыққа арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, Үкіметтің тиісті іс-шаралар қабылдай отырып, сол арқылы тұрақты мемлекеттің экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және халықтың әлеуметтік ахуалының жақсаруына күш салынатынын жеткізді. Үкіметтің әрбір мүшелерінің, әкімдердің, мемлекеттік компаниялар жетекшілерінің алдында нақты индикаторлар белгіленген. Ол индикаторларды жүзеге асыру жеке жауапкершілікті қажет етеді. Біз Сіз жүктеген міндеттемелерді шешуге бар күш-жігерімізді саламыз, деді С.Ахметов.
Бұдан кейін Ұлттың банк төрағасы Қайрат Келімбетов сөз алып, Ұлттық банктің атқарып жатқан негізгі жұмыс бағыттарына, валюталық саясаттың өзгеруіне қатысты айтып берді. Соңғы уақытта Ұлттық банктің валюталық саясаты айырбастау бағамын сақтауға бағытталған болатын. Бұл өз кезегінде оң макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Алайда, Қазақстан экономикасы ғаламдық экономикамен тығыз интеграцияланған. Демек, біз әлемдік қаржылық және тауарлық нарықтағы жағдайдың өзгеруін ескермеуіміз мүмкін емес. Бұл мәселе Қазақстанның сауда саласындағы әріптестеріне де байланысты. Осы орайда, ұлттық валютаның айырбас бағамына өзгеріс енгізуге тура келді. Бұл ағымдағы экономикалық жағдайға сәйкес және экономиканың алдағы уақыттағы дамуына ықпал ету үшін жасалған қадам болып отыр. Сол себепті, Ұлттық банк 11 ақпанда ұлттық валютаның айырбас бағамын бұрынғы деңгейінде ұстап тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ал мұндай шешім қабылданбаған жағдайда, бұл Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізер еді, деді Қайрат Нематұлы.
Осылай дей келе, ол теңге бағамының өзгеруіне түрткі болған себептерді атап өтті. Сонымен қатар, ол Ұлттық банк валюталық нарықтағы дүрлігудің туындауына жол бермеу үшін жұмыстар жүргізгеніне тоқталды. Ұлттық банк басшылығының, Үкімет өкілдерінің қатысуымен Астана және Алматы қалаларында баспасөз мәслихаттары өтті. Жалпы алғанда, теңгенің бағамының өзгеруі, бірінші кезекте, мұнай-газ, тау-кен өндірісі экспорттаушы кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Себебі, бұлар Қазақстан экономикасын алға жылжытушы локомотив болып табылады. Теңге бағамының өзгеруі шағын және орта бизнес қатыстырылатын басқа да салаларға, ІЖӨ-нің өсуіне ықпал ететін болады, деді Қ.Келімбетов.
Ал кеңейтілген отырыста сөз сөйлеген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өткен жылы ел экономикасы әлемдегі экономикалық өсудің бәсеңдеуі жағдайында дамығанын көлденең тартты. Халықаралық валюта қорының деректері бойынша 2013 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 пайызды құрады. Ағымдағы жылы әлемдік экономика өсімінің жоғарылауы күтілуде. Әлемдік экономиканың неғұрлым жоғары даму қарқынына дамыған елдердегі экономикалық өсудің қалпына келуі оң ықпал ететін болады, деді Е.Досаев. Ведомство басшысы, сондай-ақ, елдегі теңге бағамының өзгеруіне қатысты ақпарат беріп өтті. Теңгенің жаңа бағамын ескере отырып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инфляция өсімін ұстау бойынша шаралар қолданылады, деді ол. Оның айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, экономиканың барлық салалары бойынша мақсатты индикаторларды қайта қарайтын болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2013 жылғы еңбек нарығы мен әлеуметтік саланы дамытудың негізгі қорытындылары туралы баяндап берді. Өткен жылы біз барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң өзгерістерге қол жеткіздік. Жұмыспен қамту деңгейі артты. Өткен жылдың үшінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтар саны 3,1 пайызға азайды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру нәтижесінде өз-өзін жұмыспен қамтыған халықтың үлес салмағын қысқартуға және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын төмендетуге қол жеткіздік, дей келе, өткен жылы Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет қазақстандық еңбек нарығының тиімділігін кешенді арттырудың жаңа бағдарламасын, яғни «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасын қабылдағанын айтып өтті. Бұл бағдарлама 2011 жылдан бері іске асырылып келе жатқан өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саясатының жалғасына айналды. Тұтастай алғанда, осы уақыт ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 267 мың адам қамтылса, соның 83 мыңы өзін өзі жұмыспен қамтығандар, 168 мыңы жұмыссыздар, 16 мыңы аз қамтамасыз етілгендер, 1000-нан астам азамат жалдамалы жұмысшылар. Бағдарламаға қатысушылардың шамамен 60 пайызы 29-ға дейінгі жастар болып отыр. Осы жылдары бағдарлама аясында 160 мың адам тұрақты жұмысқа ие болды, 83 мың адам өзінің біліктілігін арттырып, жаңа білім мен машықтарға қол жеткізді. Ал 19 мың адам өзінің жеке кәсібін ұйымдастыруға мүмкіндік алды, деді Т. Дүйсенова.
Сонымен қатар, министрліктің Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын 2014 жылдың қыркүйек айында ұсынатынын жеткізді. Қазіргі уақытта Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жүйесін жетілдіру тұжырымдамасына қатысты жұмыс жалғасуда, ол ағымдағы жылдың қыркүйек айында қарауға ұсынылады, деді министр. Ведомство басшысы ағымдағы жылы зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасатынына, зейнетақы жүйесін жетілдірудің алғашқы кезеңі жүзеге асырылатынына да тоқталды.
Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының әкімдері де сөз сөйледі.
Жақсыбай САМРАТ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
___________________________
ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ЕЛБАСЫНЫҢ 27 ТАПСЫРМАСЫ
01-тапсырма (3)
МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУ БОЙЫНША
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖЕТІ ХАЛЫҚТЫҚ ШАРАСЫ