Қоғам • 20 Қазан, 2021

Бұл «Бәйтеректің» артында кімдер тұр?

604 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» жаңа әлеуметтік жобаны ұсынады. Енді әрбір қазақстандық қаржылық жағдайын жақсарта алады. Толығырақ – сілтемеде...». «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның логотипі мен басқа да нышандарын пайдаланған осындай ақпарат соңғы 1-2 айдың ішінде әлеуметтік желілерде қаптап кетті.

Бұл «Бәйтеректің» артында кімдер тұр?

 

Қазақстандықтарға жаңа мемлекет­тік цифрлы жоба арқылы табыс табуды ұсынатын бұл жарнама-жазбалардың жалған екенін холдинг ресми түрде мәлімдеді. Әлеуметтік желілердегі хол­дингтің атынан жарияланған мұндай ақпараттарды теріске шығарған «Бәй­терек» АҚ баспасөз қызметі мұның барлығы алаяқтардың арандатуы екенін айтып, «Соңғы уақытта логотип және басқа да символиканы пайдалана отырып, холдингтің атынан жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Мұның барлығы жалған ақпарат және холдинг олардың авторы емес. Барлық сенімді ақпарат холдингтің Instagram, Facebook, YouTube, Twitter және Telegram-дағы рес­ми парақшаларында орналастырыла­ды. Сақ болыңыз, алаяқтардың ақпарат­та­рына алданып қалмаңыздар!» деп мә­лім­деме жасады.

Алайда «Бәйтерек» символикасы әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде «жылтыңдап жүр». Тіпті соң­ғы «жарнамаларына» Мемлекет бас­­шы­сы­ның суретін салып, дизайнын жаңа­лап та қойған.

Осыдан кейін біз «Бәйтерек» ұлттық холдингтің бас­па­сөз қызметіне хабарласып, әсіре­се Facebook-те жаңбырдан кейінгі саңы­рау­құлақтай күн санап көбейіп бара жат­қан «фейк» жарнамаға қатысты қандай шара қолданғандары жөнінде сұраған едік. Холдинг бұл сұрағымызға: «Шынында да, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде холдингтің атынан жалған ақпарат беру, оның ішінде «Бәйтерек» тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік жобаны ұсынады» деген сияқты тақырыптарда жарияланымдар көбейіп кетті. Тағы да қайталап айтамыз, бұл ресурстар – алаяқтық әрекеттер. «Мемлекеттік ци­фр­­лық платформа» және «Бәйтерек Ин­вест платформасы» порталдарына және әлеуметтік желілерде осы платформаларды жарнамалайтын посттарға холдингтің ешқандай қатысы жоқ» деп жауап берді.

«Бәйтерек» баспасөз қызметінің ха­барлауынша, бұл жарияланымдарды теріске шығаратын тиісті түсін­дір­ме­лерді олар әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына орналастырып, корпоративтік сайтқа келіп түсе­тін сұрақтарға да толық жауап берген. «Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің көмегімен Telegram-дағы танымал StopFake.kz фактчек арнасында және бірқатар республикалық БАҚ-та аталған ақпараттың жалған екенін жаздық. Осындай «фишинг» сіл­те­мелер анықталған кезде, Хол­динг­­тің ақ­параттық қауіпсіздікке жауап беретін комплаенс қызметі «Мем­ле­кеттік тех­ни­калық қызмет» АҚ-ға жұмыс тәрті­бі­мен осы жалған ресурс­тарды бұғаттау туралы сұраныс жібе­реді. Ал олардың ел аумағында жіберілген ресурстарды бұғаттайтын мүмкіндігі бар» делінген ресми жауапта. Холдинг қаскүнемдердің мұндай «фишинг» ресурстарды шетелдік «хостингтерде» өте көп жасайтынын да айтып отыр. «Ішкі істер министрлігі де, МТҚ да, Қазақстанның өзге де құқық қорғау органдары әлемдік желіде бұл ресурстарды жасауға тыйым сала алмайды. Осылайша Facebook және тағы басқалардың жарнама берушілерді алдын ала тексерулеріне сүйенуге тура келеді. Ал олар пайдаланушылардың шағымдарына қарай осы ресурстарды жарияланғаннан кейін бұғаттап, жарнамалауды тоқтата алады», дейді «Бәй­те­рек­тің» баспасөз қызметі.

Сонда бұл «Бәйтеректің» артын­да кімдер тұр? Мұндай «фейк» ақпарат­тардың қақпанына кімдер көп ілігеді? «Толы­ғыраққа» өткенде қан­дай мәлі­меттерге тап боласыз? Цифрлы жоба­мен ақша табу – алаяқтықтың жаңа түріне айналған ба? Конституцияға сәй­кес Қазақстан Президенті – мемле­кет­тің жоғары лауазымды тұлғасы. Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес лауа­зым­ды тұлға билікті білдіреді. Ал әлгі «Бәй­те­ректің» артында тұрған алаяқ­тард­ың Мемлекет басшысының бей­несін қол­дан­уы «жүрекжұтқандық» емей немене? Бұл билікті ойыншыққа айналдыру емес пе?

«Сіз қиялдаған барлық нәрсе – шы­найы», «Қарапайым халық үшін», «Ба­тыл­дық танытсаңыз, барлық арман орындалады», «Арманың асқақ болсын»... Әлгі «Бәйтеректің» жоғарыда айтқан жазбасының сілтемесіне бір рет «кіріп» көрсеңіз болды, әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға түрлі жарнама беттерінен осындай «ұрандары» менмұндалап тұр­ған «жазба» жыл­тың­дап шыға береді. Ал сілтеме арқы­лы өтсеңіз бір кездері тиын санап, кедейліктің қамытын киіп отырған жал­ғыз­басты ананың төрт айдың ішінде «өз өзіне сенімді» әрі ауқатты әйелдердің қатарына қалай қосылғаны туралы «қиындыққа толы тағдырымен» танысып шығасыз. Сенімділік үшін әлгі әйел қараша үйде баласын көтеріп тұрған кедей кезі мен қымбат көлікте отырған бақытты сәтінің фотосын да салып қойған. Ұлы екеуінің өмірі соңғы уа­қыт­та түбегейлі өзгергенін айтып, біраз «сезімге ойнайтын» «бақытты да бай келіншек» сөзінің соңында бұл олжаға қалай тез әрі оңай қолжеткізуге бо­ла­­тыны жайлы толық нұсқаулықты да жариялайды. Яғни Dar Capital плат­фор­масының жұмыс принципін егжей-тегжей түсіндіріп береді. Бір айта кетерлігі, бір түннің ішінде 500 доллар табысының 1300 долларға дейін көбейгенін айтып, «тамсанатын» өзге автордың 2-3 минуттық бейнежазбасында бұл цифрлы платформаның «мемлекеттік» екенін, оның «Қазақстан Республикасының Парламенті, Ұлттық банктің қолдауымен» жүзеге асырылып жатқанын көруге болады. Ал нұсқаулық бойынша платформаға тіркелуші ең ал­ды­мен жеке мәліметтері мен шотын тіркеуден өткізуі қажет. Осы тұстан-ақ бұл «жарнаманың» жалғандығы мен жар­ға жыға­тынын бірден түсінуге болады. Өзде­рін «әлеуметтік жоба» деп атайтын Dar Capital платформасының сайты «Бұл ұсыныстың қарапайым халық үшін пайдасы қандай?» деген сұраққа жауаптарын да жариялап қойған. Ол – біріншіден, «аз ғана тәуекелмен үлкен пайда табу», екін­шіден – «ең тиімді активтердің бірі», үшін­­шіден – «қаражатты Қазақстан бан­кі­нің кез келген картасынан жылдам алу мүмкіндігі».

Интернет алаяқтықтығына қатысты қылмыстардың күн сайын түрленіп, өзгеріп отыратынын ІІМ Тергеу депар­та­ментінің басшысы Санжар Әділов апталық брифинг барысында да айтқан болатын. ІІМ-нің мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде 11 мыңнан астам интернет алаяқтық жасалған. Департамент өкілі халық арасында алаяқтықтың түрлі тәсілдері туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жүргеніне қарамастан арам ниеттілердің азаймай тұрғанын айтады.

Мәселен, елімізде жыл бойы «Хай-тэк» операциясы бірнеше рет өткізіледі. Ақ­параттандыру және байланыс сала­сын­дағы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет алаяқ­тық­тығына қатысты қылмыстардың алдын алу­ға және ашуға бағытталған же­дел іс-шара кезінде интернет пайдаланушылар­ды алдауға қатысты көп факті анық­та­лып жатады. Соның ішінде өзге­лер­дің дербес деректерін пайдалана отырып, микроқаржы ұйымдарында онлайн несие рәсімдеу, жалған хабарландырулар орналастырып, белгілі бір қызмет түрін ұсыну арқылы ақша табу өте жиі тір­ке­ле­ді екен. «Хай-тэк» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде рес­публика аумағында барлығы биыл 200-ден астам құ­қық бұзушылық анықталса, оның ба­сым бөлігі, яғни 190 факті интернет алаяқ­тық­қа қатысты.

«Қылмыстық істерді тергеу тәжіри­бе­сі интернет алаяқтары мен қаржы пира­­мидаларының құрбандары тез ба­йып кетуді аңсайтындар екенін көрсетіп отыр. Адамдардың көбі салымдардың жоғары кірісіне үйіп-төгіп уәде беретін агрессивті жарнамаға қарсы тұра алмай қалады. Бұған қарапайым халықтың соқыр сенімін қаржылық сауатсыздығын қосыңыз. Өздерін жоғары табысты инвес­­­­тициялар саласындағы табысты компаниялар ретінде көрсету – интернеттегі алаяқтық пен қаржы пира­ми­даларының кең таралған түрі міне, осы. Бұл компаниялар «перспективалы бизнес», «жо­ға­ры технологиялық компания», «ин­но­­вациялық жоба» сияқты танымал және тартымды атауларды өте ұтқыр пайдаланады. Сонымен қатар олар өте тиімді жобаларға, қор биржала­ры­на немесе тиімді өндіріске ақша салу­ды ұсынады. Өкініштісі, қазіргі таң­­да интернетті жаулап алған мұндай нұсқа өте көп. Бірін бұғаттап, көзін жо­йып жатсаң, ертесі басқа бір түрі шыға келеді», деген Санжар Әділов жалған ақ­па­рат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын да еске салып өтті.

Рас, қазір ақпараттың көптігінен сарап­тауға уақытымыз жоқ. Байыбына бар­май жатып, оңай әрі тез баюға ұмтыламыз. Ал түбіне терең бойласаң, бәрі басқаша...Тұ­нып тұрған алаяқтық пен алдап-арбау. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» демекші, тегін ақшаны ешкім басыңнан төмен төге салмайтынын қашан түйсінер екенбіз осы...