Осыдан үш жыл бұрын әлем біріншілігі Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған кезде балуандарымыздан кемі бір алтын медаль күтіп едік. Өз елімізде, өз жерімізде, миллиондаған жанкүйердің алдында балуандарымыз барын салатын шығар дедік. Жоқ, ол кезде де үмітіміз ақталмады. Жігеріміз құм болды. Алтын біткеннің бәрін Ресей, Иран, Жапония, Грузия балуандары сыпырып әкетті. Қазаққа бұйырмаған алтын медаль сол кезде қырғыз бауырларға бұйырды.
Қырғыз демекші, осы әлем чемпионатында Қырғызстан балуандары айды аспанға шығарып, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Олар мұндай жетістікке әлем чемпионатының тарихында тұңғыш рет қол жеткізді. Ал біздер Жәмила Бақбергенова мен Алмат Кебісбаевтың жүлдесіне шүкір дестік. Басқа не дейміз?!
Қош, сонымен Ослодағы әлем чемпионатына оралайық. Жарыстың алғашқы күні бозкілемге еркін күрес шеберлері шықты. Әсет Серікбаев баптайтын балуандарымыз соңғы жылдары жап-жақсы нәтиже көрсетіп жүргендіктен бе, жүлде болады-ау деп топшылаған едік. Алайда балуандарымыз шетінен қирап қалды. Адлан Асқаров пен Нұрқожа Қайпановты, Әлішер Ерғали мен Азамат Дәулетбековті мүлде тани алмадық. Соңғысы қола медаль үшін күресіп еді, бірақ бесінші орыннан аспады.
Қыздар күресінде 72 кг салмақта күрескен Жәмила Бақбергенованың жетістігін бас бармақпен бағалауға болады. Ол осы жеңісіне (күміс медальдың өзі біз үшін жеңіс) жігерінің, қайтпас-қайсар мінезінің арқасында жетті. Ширек және жартылай финалдық белдесулерде ол жеңісті жұлып әкетіп отырды. Өкінішке қарай, финалдық белдесуде Жапония балуаны біздің қызды әбден зерттепті. Алты минут бойы жапон қызы тек қорғанумен жүрді. Әдетте жапониялықтар қарсыластарын атойлап жүріп ұтатын. Жәмиламен ашық айқасқа барса, жаза басатынын бапкерлері де, балуанның өзі де сезді. Бақбергенова «ә» дегеннен әдіс жасауға талпынған еді. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Керісінше, үш ұпайды қарсыласына беріп қойды. Жапон қызы Жәмиланың әрбір қимылын аңдып, қарымтасын қайтаруға дайын тұрды. Біздің қыз да жасқанды ма, әйтеуір тәуекелге бара алмады.
Грек-рим күресінде қоржынымызға жалғыз қола медаль салған Алмат Кебісбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ол осымен әлем чемпионатындағы бесінші жүлдесін алды. 2010 жылы қола медальмен қайтса, 2011 жылы финалда ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Одан бері үш бірдей әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Әлем немесе Олимпиада чемпионы деген атағы жоқ демесеңіз, дәл қазір әлемде Алматтай күресетін балуан кемде-кем.
Алматтың ширек финалдағы Норвегия балуанымен болған белдесуі өте қиынға соқты. Төрешілердің де кілем қожайынына «бүйрегі бұрғаны» анық аңғарылды. Бірақ оған көнетін Кебісбаев па? Жартылай финалда кездескен ресейлік балуан да Алматқа қарсы тас-түйін шыққаны бірден байқалды. Әсіресе біздің жігіттің құрығына түсіп, енді болмағанда таза жеңілейін деп тұрған жерден өте әдемі сытылып шықты. Қола медаль үшін болған белдесуде Кебісбаев түрік балуанын жеңді.
Жалпы, соңғы жылдары Алматтың ардагер балуан екені, жастарға орын босату керектігі көп айтылып жүр. Бірақ ол жастарға қарағанда тәжірибесі мол, әлемдік деңгейде әлі де болса күресе алатынын осы әлем чемпионатында тағы бір мәрте көрсетті. Елімізде Алматты жеңетін балуан жоқ емес, бар. Бірақ дәл сол сияқты күресетін балуан жоқтың қасы.
Таяуда Қазақстан күрес федерациясының басшылық қызметіне Ерлан Қожасбай келді. Ол бұған дейін еркін күрес бойынша федерацияның вице-президенті қызметін атқарған. Енді жаңадан тағайындалған президент жаңалық әкеле ме? Егер күрес саласында нәтиже шығарамын десе, жаңа президент ең алдымен бапкерлер мәселесіне баса назар аударуы тиіс. Әсіресе грек-рим күресі мен әйелдер күресінде бапкер ауыстыратын уақыт жеткені анық. Біздің бапкерлерде қарсыластарды зерттеу, балуандарды жігерлендіру, әрбір әдісті соңына дейін жеткізе орындату, соңына дейін күрестіру деген атымен жоқ. Егер болса, жиырма екі жыл бойы алтын күтіп, зарығып жүрмес едік.
Грек-рим күресінде балуандарға бас болып жүрген Бақтияр Байсейітовтің балуандығына қарсы ештеңе айта алмаймыз. Бірақ бапкерлік ұғым – мүлде бөлек әлем, тұнып тұрған ғылым. Сол сияқты әйелдер күресіне де өзгеріс қажет. Әлем чемпионатында алған жалғыз жүлдені желеу етуге болмайды.