Ұлы Абайдың бейнесін әркім әртүрлі көреді, әртүрлі сезінеді. Мұнда тек оның сыртқы қалыбына емес, ішкі жан-дертіне деген көзқарас жатыр. Ақынның бекзада болмысын жазу-бейнелеу өнеріне ғұмырын арнаған әрбір суретшінің асқақ арманы. Содан да болар, ұлы тұлғаның даралығы мен жан-жақтылығын сипаттайтын көптеген картина жазылып, мүсіндік және графикалық композициялар жасалды. Әлі де үлкен шығармалар өмірге келетіні даусыз. Біз бүгін соның біріне тоқталып отырмыз.
Хакімнің өмірі мен өнегесі қарағандылық суретшісі Қуаныш Есіркеевтің шығармашылығына арқау болыпты. Суретші әдеттегі көшірме портреттерден өзгерек, нақышы бөлек портрет жазған. Автор кейіпкерін өз қиялының желісімен басқа деңгейге көтерген.
Бұл жерде шығармашылық шабыттың қарқынды процесін анық байқаймыз. Қараңызшы, көркем портрет-метафора графикалық түрде орындалған. Қолында қалам мен қағаз парағын ұстаған қазақтың ұлы ойшылы ойға батып отыр. Суретші фондарды әдейі бөлшектеп, пішінді күшейтеді. Кескіндеменің әрбір шеті өзінің реңкімен белгіленген. Көлденең сызықтар қатаң вертикалдарға қарама-қайшы келеді. Бұл да – қызық шешім.
Қылқалам иесі қанық және қою түстерді қолдана отырып композициядағы шиеленіс пен ауыр сезімді арттырады. Ұлы Абайдың артындағы екі бөліктен тұратын фон шынайы әлем мен (оң жақта жасыл-көк түстегі дала көрінісі) шығармашылық кеңістікті (сол жақта күрең қызыл түсте) көрсетеді. Бұл – ақыл алыбының шығармашылық ізденіс кезіндегі кейпі. Жанарына ұялаған ізгілікті қағазға құйып отыр.