Қазақстан • 21 Қазан, 2021

Ветеринария саласына серпін берген институт

367 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ ғылымының тұңғышы – Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария инсти­ту­ты­ның (ҚазҒЗВИ) құрылғанына 2021 жылдың 15 қаңтарында 116 жыл толды.

Ветеринария саласына  серпін берген институт

Тәуелсіздік жылдары аралығында ҚазҒЗВИ 100 жылдық мерейтойы аталып өтті, бұл ел тарихына Қазақстанның ес­те­лік пошталық маркасымен енді (тира­жы 1 миллионнан аса дана). Мұндай мар­каның еліміздің ветеринария құр­ме­тіне шығарылуы ТМД-да алғаш рет болды. 2013 жылы институт қыз­мет­кер­ле­рінің баста­масымен, дәстүрлі қазақ қо­ғамындағы медицинаның символына сәйкес ұлы ғалым Ш.Уәлихановтың ең­бе­гіне «От тазартатын қасиетке ие, екі оттың арасы­нан өткізіп тазартады. Қазақтарда тазар­ту рәсімі «аластау» деп аталады. Қыс­тақтан көшетін кезде олар екі оттың ара­сынан көшіп өтеді» деп сілтеме жасай отырып, Қазақстанда вакциналық алдын алудың 100 жылдығына арналған пошталық марканың үлгісі жасалды. Макет Денсаулық сақтау министрлігімен бекітіліп, «Қазпошта» АҚ-ға жариялауға берілді. «Қазпошта» АҚ 2015 жылдың 15 қаңтарында 10 мың дана тиражбен пошталық көркем маркасын қолданысқа шығарды.

Қазақстанның табысты экономикалық дамуы ғылымға да оң әсерін тигізді жаңа тех­но­логияларды дамытуға, жануар­лар­дың әртүрлі ауруын балаудың тиімді құ­рал­дары мен әдістерін жасауға мемлекет жет­кілікті қаражат бөледі. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында «Бірыңғай зертханалық желіні құру» бағдарламасын бекітті, оны жүзеге асыру барысында институт күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Зертханалық жануарларды ұстауға және өсіруге арналған жаңа виварий, хлоратор салынды, институттың барлық ғимараты күрделі жөндеуден өтті, инженерлік желі­лер ауыстырылды және жоғары әдіс­те­мелік деңгейде, далалық және зерт­ха­налық жағдайда, күрделі және жос­пар­лы талдау әдістерін қолдана отырып, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүр­гі­зуге мүмкіндік беретін, халықаралық стан­дарт­тарға сай келетін заманауи құрал-жа­бдықтар сатып алынды. ҚазҒЗВИ құ­рал-­жабдықтары аттестаттаудан өтті, нә­ти­­желердің сенімділігінің жоғары дең­ге­йін­ рас­­тайтын сәйкестік сертификаттары бар.

Институт МемСТ ИСО/МЭК 17025-2019 талаптарына сәйкес сынау орталығы ретінде аккредиттелді, оның аккредита­ция ауқымына жануарлардың 30-дан астам жұқпалы ауруларының диагно­с­ти­­касы (серологиялық, бактерио­ло­гия­лық, молекулалы-генетикалық, па­ра­зи­то­логиялық, вирусологиялық), барлық ветеринариялық препараттардың сапасын анықтау, жануарлардан және өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізатта ГМА, антибиотиктерді, ет өнімдерінің фальсификациясын анықтау кіреді; МемСТ ISO/IEC 17043-2013 сәйкес 6 аса қауіпті инфекцияларды зертханалық балау (балаудың 14 әдісі) бойынша біліктілікті тексеру провайдері ретінде аккредитациядан өтті. II, III, IV топтардағы патогенді микроорга­низм­дермен және гельминттермен тәжіри­белік, диагностикалық және өнді­ріс­тік жұмыстар жүргізуге, Ден­сау­лық сақтау министрлігінің Ре­жим­дік комис­сия­сы­ның рұқсаты, институттың кәсіби құ­зыреттілігін растайтын куәліктері мен мемлекеттік лицензиялары бар. Вете­ри­на­рия­лық препараттарды өндіру үшін GMP EC сертификаты алынды.

ҚазҒЗВИ-де республикалық ма­ңызы бар режимдік нысан статусында жұмыс істеуге арналған барлық құжа­ты бар. Аккредитациядан өту, Елбасы Н.Назарбаевтың «экологиялық таза өнімдер өндірісінің көшбасшысы болу және ветеринарлық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз етуді жалғастыру» деген үндеуі бо­йынша мақсатқа сай жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық рұқсат беру құжат­та­ры ғылыми ұжымның жоғары кәсіп­қойлығын мойындауға, яғни ҚазҒЗВИ-ді зертханалық сынақтардың сенімділігінің кепілі ретінде тануға айналды. Мұның артында аккредиттеудің халықаралық және ұлттық талаптарына сәйкес институттың бүкіл ғылыми қызметі мен құрылымын жаңғырту бойынша үлкен еңбек жатыр.

Қазіргі кезде институттың құрылым­дық бөлімшелерінде 10 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты, 3 PhD, 44 магистр жұмыс жасайды.

Институт қызметкерлерінің инфекция ошақтарында жаңа оқшауланған қоздырғыштардың түрлерін анықтауда, өнімді штамдарды алу мен іріктеуде, жергілікті, иммунологиялық белсенді штамдарды қолдана отырып, бактерияға қарсы және вирусқа қарсы препараттарды жасауда мол тәжірибесі бар.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде институт 741 қорғау құжатын (өнертабысқа патенттер, пайдалы модельдерге патенттер, ғылым туындыларына куәліктер) алды. 1992 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Ел тарихында алғаш рет ҚР Патенттік Заңын қабылдады. Аталған заңды әзірлеу жөніндегі Үкіметтік жұмыс тобына ҚазҒЗВИ қызметкері кірді. Бұл заң оның басылып шыққан алғашқы күндерінен бастап қазіргі уақытқа дейін өз күшіне ие. Заң бірнеше рет басылып шықты, бірақ бастапқы шығарылымды шамалы өзгерістермен сақтап қалды.

Нәтижесінде, институт бірегей тәжіри­бе жинады. Қазақстанның ветеринария ғы­лымының тарихында тұңғыш рет ҚазҒЗВИ біздің ғалымдар әзірлеген биопрепараттарды пайдалану құқығына 6 лицензия сатты. Соңғы жылдары институт Қазақстанның ветеринариялық препараттар тізілімінде 20-дан астам препаратты тіркеді және олар сәтті енгізіліп келеді. Бюджеттен тыс қызметтен түсетін кірісті арттыру мақсатында ҚазҒЗВИ бюд­жеттік бағдарлама бойынша түрлі бай­қауға үнемі қатысады. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Рес­публикалық ветеринариялық зертха­насының тендері аясында ҚазҒЗВИ жыл­қы­лардың эпизоотиялық лимфан­гитін, қошқардың инфекциялық эпиди­ди­митін және жануарлардың трипаносомозын диагностикалауға арналған жиын­тық­тарды, жануарлар бруцеллезін диагнос­ти­калау кезіндегі пластинкалы агглютинация реакциясына арналған Роз-бенгал антигенін, биелердің сальмонеллезді түсігіне қарсы вакцинаны тапсырады. Институт препараттары шетелде де сұра­нысқа ие. Мысалы, 2010 жылы Әзербай­жанға мына диагностикумдар жеткізілді: жануарлар бруцеллезін диаг­нос­тикалауға арналған розбенгал-антиген және сүтқоректілерге арналған ППД-туберкулин; 2019 жылы Ресей Федера­циясына «Иммунофарм» иммуномоду­ляторы, қошқардың инфекциялық эпи­ди­дитін диагностикалауға арналған жи­нақ­ жеткізілді. Институт ғалымдары ве­­теринариялық қолайлылықты қамта­ма­­сыз ету және эпизоотияға қарсы іс-шаралардың ғылыми негізделген жүйе­ле­рін енгізу мақсатында жеке фер­ме­рлік шаруашылықтармен келісімшарттар жасайды, атап айтқанда республикамыздың 14 облысының шаруашылық субъектілері етқоректілер эхинококкозын емдеуге және алдын алуға арналған препаратын (ЭхиноSTOP) сатып алды.

Институт Қазақстан Республикасы мал шаруашылығының ветеринариялық қолай­лылығын қамтамасыз етуге ғылы­ми қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда инс­ти­т­утта аусыл ауруымен күресу­­дің жа­ңа стратегиясы дайындалып, ше­тел­­дік сарапшылардың, соның ішін­де Ха­лық­аралық эпизоотиялық бюро­ның (ХЭБ), отандық ғалымдар мен маман­дан­­дырылған ғылыми-зерттеу инс­ти­тут­­тарының, сонымен қатар тәжіри­бе­лік ветеринариялық мамандардың жан-жақты талдауынан кейін тәжірибеге енгізілді. Ауру­мен күресу стратегиясы аясында вак­­­­ци­на қолданғаннан кейін, ҚазҒЗВИ-дің аусылдың эпизоотиялық жағдайына жүр­гізген мониторингі, Қазақстанда 2013 жылдың мамыр айынан бастап аусылдың клиникалық түрі анықталмағанын және аусыл вирусының таралу белгілерінің жоқ екенін көрсетті. Облыстарға сәйкес келетін ХЭБ статусын алу үшін, аусыл бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдайға байланысты 9 облыс аумағына вак­циналаусыз аусылдан таза аймақ ре­тін­де құжаттама, сондай-ақ 5 облыс аума­­­ғына вакциналаумен аусылдан таза ай­­­мақ ретінде құжаттама дайындалды. Мұн­дай халықаралық дәреженің берілуі, Қа­­зақстанға жануарларды, шикізат пен малшаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретіні өте маңызды. Біздің еліміз үшін қол жеткізілген дәреженің арқасында өзіміздің жануарлар мен өнім­­де­рімізді көрші Ресей аумағына экспорттай алатынымыз да маңызды.

Қазақстанды аусыл ауруы бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдайы бар аумақ ретінде халықаралық мойындауы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитеті қойған міндетке сәйкес келеді. Аусыл ауруының таралуымен күресуде ҚазҒЗВИ-дің қол жеткізген жетістігі Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды, өйткені аусыл ауруынан миллиардтаған теңге шығынға ұшырауы мүмкін. Аусыл ауруы бұл жер сілкінісі, су тасқыны немесе дауыл сияқты табиғи апаттардан экономикалық шығыны бо­йынша он есе артатын биологиялық апат. Мысалы, Тайваньда 1997 жылы 6 мыңнан астам аусыл ауруы ошағы пайда болып, 4 миллионнан астам шошқа жойылып, 10 млрд долларға жуық шығын келді. Ұлыбритания 2001 жылы О типті аусыл эпизоотиясынан 12 млрд доллар көлемінде шығынға ұшырады.

Сонымен қатар Қазақстанның ветеринария ғылымы мен тәжірибесінде алғаш рет ауылшаруашылық жануарларының жұқпалы ауруларын диагностикалау мен алдын алудың жаңа әдістерін қолдана отырып, Стратегиялар дайындалып, олар ветеринариялық тәжірибеге сәтті енгізілуде (құтырықпен күресу, аусылдың алдын алу, шошқалардың африкалық обасының алдын алу, эхинококкоз девас­­тациясы, ұсақ күйіс малдарының обасы (ЧМЖ) бойынша эпизоотиялық жағдайын бақылау стратегиясы, нодулярлы дерматитпен күресу бойынша); аусыл, бруцеллез және лейкоз ауруларын бақылауға арналған Ұлттық бағдарламалар дайындалды.

Институт халықаралық талаптарға сәй­кес келетін ғылыми зерттеулер жүр­гі­зеді, мұны Қазақстан аумағының аусыл ауруы, жылқылардың африкалық обасы және классикалық шошқа обасы бойынша таза статусы жөніндегі ХЭБ берген 13 сертификаттары куәландырады. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағының ІҚМ контагиозды плевропневмониясынан таза статусын алуға арналған Досье қарастырылуда. ХЭБ сайтында шошқаның африкалық обасы мен құс тұмауынан қолайлылық туралы өзін-өзі декларациялау жарияланды.

Алғаш рет «Қазақстан Республикасы аумағындағы сібір жарасы ауруының топы­рақтық ошақтарының кадастры» жаса­лынып, жарияланды. Бұл еліміз облыс­та­рының жергілікті атқарушы ор­гандары­мен бірлесіп, 2016 және 2017 жыл­­дардағы сібір жарасының белгісіз кө­мінділерін сараптау кезіндегі институт қызметкерлерінің жұмыс нәтижелері негізінде құрастырылды. Кадастрда сібір жарасы көмінділері бойынша өткен ға­сыр­дың 30-жылдарынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі мәліметтер бар.

Институт алыс және жақын шетел­дердің 17 ғылыми-зерттеу институттары­мен (Қытай, Франция, Ұлыбритания, Италия, Бельгия, Франция, Польша, Швей­цария, Моңғолия, Ресей, Тә­жік­стан, Өзбекстан, Қырғызстан) бір­­ле­сіп қызмет етеді. Тек соңғы 3 жылдың ішінде институттың 36 жас ғалы­­мы Швей­­­цария, Англия, Франция, Грузия, Польша, Сербия, Оңтүстік Корея, Ис­па­ния, Түркия, Украина, Ресей елде­­рі­нің жетекші шетелдік мекеме­ле­рінде, АҚШ Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тік қорғау департаментінің (CDC) қолданбалы эпидемиология курс­тарында тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта ҒЗЖ орындауға 6 алыс шетелдің ҒЗУ ға­лым­дары (Франция, Париж, Ха­лық­ара­лық эпизоотикалық бюро; Ұлы­бри­­тания, Пирбрайт институты; Швей­­цария, Цюрих университетінің фа­культеті Ветсуис эпидемиология инс­ти­туты; Польша, Пулава қ., Ұлттық ветеринариялық зерттеу инс­­­титуты; Бельгия, Брюссель қ., Sciensano Инсти­ту­ты; Ұлыбритания, Вейбридж қ. Жа­н­уарлар мен өсімдіктер денсаулығын қор­ғау Агенттігі (АРНА)) қатысуда. Нью­касл ауруы, құс тұмауы, ірі қара мал­дың лейкозы бойынша ХЭБ аймақтық ре­ференттік зертханасы мәртебесін алу мақ­сатында ХЭБ эгидасымен 2 твиннинг жоба орындалуда.

Қазіргі таңда докторантурада 9 жас қызметкер оқиды, оның ішінде 1-еуі – Швейцарияда, Цюрих университетінің гранты есебінен; төртеуі ҚазҰАУ док­то­ран­­ты бола отырып, Пирбрайт инс­ти­ту­тында (Ұлыбритания); Ұлттық ветери­нарлық зерттеу институтында (Польша) жұмыс істейді; төртеуі Әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ-да оқиды. Екі қызметкер ЖДБҒЗИ (Ресей) аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғады, біреуі ҚазҰАУ докторантурасын аяқтады және диссертациялық жұмысты алдын ала қорғаудан өтті.

Институт базасында, ҚР БжҒМ «Ғы­лым қоры» ҒТҚН коммерциялизация­лау жобалары аясында, Қазақ ҒЗВИ ғалымдары әзірлеген препараттар өнді­рі­сін және технологияларын орындау же­лілері жасалды.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін насихаттау, оларды тәжірибеге енгізу мақсатында, тәжірибелік ветеринариялық қызмет өкілдерінің және ҚР Мәжіліс пен Сенат депутаттарының қатысуымен семинар-отырыстар өткізілді. Институт базасында Nur Otan партиясының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Құру» сырттай отырысы өткізілді.

Облыстар, аудандар, ауылдық округтер және эпизоотиялық бірліктер шең­бе­рін­де жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының эпизоотиялық жағдайын анықтау және бағалау кезіндегі зерттеу нәтижелерін цифрландыру бас­тал­ды. Эпизоотиялық деректерді зерттеу және статистикалық талдау нәти­же­лері негізінде, сандық және сапа­лық көрсет­кіш­тері бар, эпизоотиялық ошақтар туралы электрондық мәліметтер базасы жа­салып, автоматтандырылған режимде визуа­лизацияланады.

Тәуелсіздік жылдарында ҚазҒЗВИ көптеген ғылыми әзірлемені орындады және мұны жалғастыруда. Оларды енгізу елдегі эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстауға және қазақстандықтарды мал шаруашылығының сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Болашақта эпизоотиялық тұрақты­лық­ты қамтамасыз ету бойынша мемле­кет­тің стратегиялық міндеттерін орындау үшін институттың мынадай жоспарлары бар:

– институт базасында GMP стандарттары бойынша шағынбиокомбинат құру арқылы ҚазҒЗВИ ғалымдары әзірлеген биопрепараттар өндірісін ұйымдастыру;

– ветеринария мамандарының білік­ті­лігін арттыру және магистрлер мен PhD-ді оқыту бойынша оқу-білім беру орталығын құру;

– ХЭБ ережелеріне сәйкес аса қауіпті, зооантропоноздық және эмердженттік аурулардың тәуекелдерін болжау, бағалау және басқару бойынша ақпараттық-талдау орталығын құру;

– аса қауіпті және эмердженттік ин­фек­циялардың (құс тұмауы, Ньюкасл ауру­ы, лейкоз, бруцеллез) зертханалық диагностикасы және мониторингі бойынша ХЭБ өңірлік референс орталығын құру.

Институтты жаңғырту бойынша ке­ле­­шекке қойылған барлық міндет біз­дің еліміздің аумағында тұрақты эпи­­­­зоо­тия­лық­ саламаттылықты қам­та­ма­сыз ету үшін зерттеулерді ха­лық­ара­лық та­лаптарға жауап беретін жо­ғары ғы­лы­ми-әдістемелік деңгейде орындауға мүмкіндік береді.

 

Ахметжан СҰЛТАНОВ,

 ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты