15 Ақпан, 2014

Кедендік түсім көбейеді

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол комитеттің қызметі жөнінде баяндап, теңге бағамының өзгеруіне де тоқталды. – Қазіргі таңда кеден органдары әкімшілендіру тиімділігін арттырып, кедендік рәсімдерді жеңілдету және жылдамдату, сондай-ақ, олардың айқын болуын қамтамасыз етуді қолға алған. Бір сөзбен айтқанда, кеден қызметін толық жаңғыртуға назар аударып отыр. Сондықтан саладағы басым бағыттарды белгілеп, фискалдық және құқық қорғау функцияларын жүзеге асырып, кедендік ресімдеу мен бақылау технологияларын жетілдірмек. Сөйтіп, жүйеге соңғы үлгідегі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізбек, – деді төраға орынбасары. Теңге бағамының түзетілуі кеден шегінде ешқандай дүрбелең тудырмапты. «Валюта бағамын өзгертуге қатысты бірде-бір келеңсіз оқиға болған жоқ. Кедендік тазарту Кеден одағы мен еліміздің заңнамасына сәйкес жүргізілуде. Өткен 11-13 ақпан күндері өткізу пункттерінде сыртқы экономикаға қатысушылардың іркіліп, жиналып қалуы орын алмады. Барлық өткізу пункттері осы уақытқа дейін қалай жұмыс істеп келген болса, әлі де сол режіммен қызметін жалғастырып жатыр», деді А.Ержанов. Төраға орынбасары соңғы кездері сыртқы сауда айналымының өскенін де айтып өтті. Мысалы, өткен жылы сыртқы сауда айналымы 107,1 млрд. АҚШ долларына жетіпті. Оның 76,6 млрд. долларын экспорт құраса, 30,5 млрд. доллары импортқа тиесілі екен. Жалпы, сауда балансының сальдосы 46,1 млрд. АҚШ доллары деңгейінде қалыптасыпты. Осы көрсеткіштерді саралай келгенде, экспорттық кедендік баж және импортқа қосымша құн салығы бойынша кедендік түсім көбейеді деп күтіліп отыр екен. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».