15 Ақпан, 2014

Дәрі-дәрмек қымбаттамайды

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұлттық валютаның айырбас бағамына түзету енгізілуіне байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, министрліктің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак пен «СК-Фармация» ұйымының басшысы Шолпан Ахметтің қатысуымен кезекті брифинг болып өтті. Іс-шараға арнайы келген өкілдердің айтуынша, ақша айырбас құнының өзгеруіне орай Денсаулық сақтау министрлігі елімізде дәрі-дәрмекке бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шұғыл шаралар қабылдапты. Барлық өңірлерде әкімдердің орынбасарлары жетекшілік ететін жұмыс топтары құрылып, олардың құрамына – денсаулық сақтау басқармаларының, ДСМ медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің, «Нұр Отан» партиясының, Әйелдер ісі және демографиялық-отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, фармацевтикалық өндірушілердің және өзге де мүдделі құрылымдардың өкілдері еніп отыр екен. Брифингте жұмыс тобының мүшелері дәріханаларға күн сайын тексеріске шығып, қорытындысында дәрілердің бағасына мониторинг жариялап, фармацевтикалық компаниялармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 2014 жылғы 13 ақпанда Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова «Фармқызметті қолдау және дамыту қауымдастығы», фармацевтикалық өнімдер дистрибьюторлары, фармацевтикалық фирмалар өкілдіктері, «Қазақстанның фарммединдустриясы» қауымдастығы және «Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен» ең қажетті дәрілік құралдарға бағаны ұстап тұру туралы меморандумға қол қойыпты. Меморандумға қол қоюдағы мақсат, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмеген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар жиі қолданатын 200-ден астам дәрілерге баға шегін белгілеу және дәрілерге қойылатын үстеме бағаны төмендетуге бағытталған өзге де іс-шаралар қабылдау болып табылады. Ең негізгісі, дәрілік құралдарға бағаны тұрақты ұстап тұру шаралары Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында болады. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде емдеуді ескере келе, тегін дәрімен қамтамасыз етілетін дәрі-дәрмектер тізімі жаңартылған. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына (18 жасқа толмаған балалар, жүкті аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, әлеуметтік көмек алушылар, әртүрлі жастағы зейнеткерлер) жекеленген аурулар бойынша (артериялық гипертензия, жүрек ауруы, жүрек кемістігі) қосымша терапия бекітілген. Бұған дейін оларға 50 пайыз жеңілдікпен сатылып келген дәрілер 2012 жылдан бастап тегін берілетін  болғанын да еске салды. Осы мақсатта 2013 жылы 3,8 млрд.-тан артық, 2014 жылы 4,1 млрд.-тан астам теңге жұмсалмақ. Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттармен уақытында қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу мақсатында сатып алу ережелеріне өзгертулер енгізілген. Вице-министрі Ерік Байжүнісов еліміздегі 11 149 дәріхана мен фармацевтикалық нысандарды түгелдей бақылауға алудың қиындық тудырып отырғанын еске салып, егер қай жерде болғанына қарамастан дәріханалардың қымбаттауға жол беріп отырғанын білген азаматтар министрлік тарапынан құрылған арнаулы орындардағы телефонға хабарласса, оған дер кезінде шара қолданылатынын жеткізді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».