Экология • 22 Қазан, 2021

Сырдарияның шынымен сарқылғаны ма?

751 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірнеше мемлекеттің аумағын кесіп өтіп, алып даланың алқасындай Кіші Арал теңізіне құятын Сырдарияның соңғы жылдары мазасы кетіп-ақ тұр. Егін-тегіннің уақытында арнасы төмендеп, қыста кемеріне қайта келетін өзеннің қазіргі кейпі тіпті адам аярлық. Арнасы ортайып қалған дарияның баяғы дүлей мінезін сағына бастағандаймыз. Биыл облыс диқандары егілетін күріш көлемін қысқартып, өзен суының әр тамшысын санап жүріп науқанды әупіріммен өткізді.

Сырдарияның шынымен сарқылғаны ма?

Егістік суы тартылғанмен, дария жылдағы деңгейіне жете алмай тұр. Мә­се­леге тұрғындар да назар аударып, әлеуметтік желілерде кей тұстары жылға­ланып қалған дарияның суреттерін жарыса жариялап жатыр. Тіпті «өзен осы ара­дан үзіліп тұр, ағыс тоқтаған» деген де ақпа­раттар таралуда. Жұрт осы мәселеге байланысты Үкімет пен жергілікті әкімдіктің нендей шара қолданып жатқанын білгісі келеді.

Елді алаңдатқан мәселеге байланысты Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі әлеуметтік желі арқылы ақпарат беріпті. Онда Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап судың азаюы жалғасып келе жатқаны айтылады.

Өзен арнасындағы ахуал Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан және Өз­бек­стан аумағындағы су шар­уа­шылығы жағдайына және көбі­не­се Қырғызстанның Тоқтоғұл су қоймасындағы көлемге тікелей байланысты. Биыл Тоқтоғұлда судың жинақталуы 2019 жылмен салыстырғанда 5 млрд текше метр­­­ге кем болған.

Тәжікстан және Өзбекстан елде­рінде вегетация кезеңі қазан­ның соңына дейін жалғасатыны тағы бар. Осы жылғы қарашада мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-отырысында Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы суару маусымында мемлекеттердің су алу лимиттері, Нарын-Сырдария су қой­малары каскадының болжамды жұмыс режімі келісіледі.

Дария арнасындағы жағдайды жергілікті өңірлік коммуникация­лар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов, Арал-Сырдария бассейндік инспек­­­­­циясы басшысы Сейілбек Нұ­рым­бетов, «Қазсушар» РМК Қы­зылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров БАҚ өкілдеріне түсіндіріп өтті.

Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалану­ды реттеу басқармасының басшы­сы Бауыржан Шәменовтің ай­туын­­ша, қыркүйек айынан бас­тап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағы­сына жіберіліп жатқан су кө­ле­­мі 30 текше метр болып тұр. Бұл, әрине, жылдағыдан аз. Осыған байланысты облыс әкім­дігі Премьер-Министрге және Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігіне Қы­р­ғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныстар жолдаған. Сонымен қатар 18 қазаннан бас­тап Шардара су қоймасынан Сыр­дария өзенінің төменгі ағы­сы­на секундына 50 текше метр су тасталуда.

Трансшекаралық өзен саналатын Сырдариядағы су көлемін жылына екі рет халықаралық комиссия арнайы тексереді. Осы комиссия отырысында биыл Сырдария өзені арқылы Қазақстан аумағына сәуір мен қыркүйек айларында 4 млрд текше метр су келетіні болжанған. Қазір соның 60 пайы­зы ғана жетіп отыр. Көксарай су реттегіші және Шардара су қой­ма­сында толық пайдалануға және шекті пайдалануға 650 млн текше метр су қалды.

– Осындай себеппен қыркүйек және қазан айларында жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Қазіргі уақытта облыстың шекарасынан 60-65 текше метр, ал Қызылорда қаласы тұсынан 66 тек­ше метр су өтіп жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инс­пек­циясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

«Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы дирек­то­рының орынбасары Жорабек Ерназаров егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберіліп отырғанын, негізсіз ақ­паратқа сенуге болмайтынын айтады.

Ортақ дарияны пайдалануда ойласар мәселенің көп екені рас. Оның үстіне ресми билік өкілдері өзен суының азаюы 7-8 жылда қай­та­ланып отыратын құбылыс еке­­нін айтып, абыржыған елді са­­бырға шақыруда. Бірақ бұл уәж дарияның қазіргі жайын көріп отырған жұрттың көңілдегі алаңын баса алмай тұрғаны анық.