Financial Times газеті келтірген мәліметтерге қарағанда, қаруды Long March ракетасы арқылы сынақтан өткізген. Алайда Бейжің билігі тәжірибеге қатысты бүкіл мәліметті жасырып отыр.
Осы оқиғаға байланысты әлем елдерінің басшылары өз пікірлерін білдірді. Мәселен, Ақ үй тарапы Қытайдың мұндай әрекетіне алаңдаушылық танытты. АҚШ-тың қарусыздану жөніндегі елшісі Роберт Вудтың айтуынша, әлем мұндай жаңа қару түрінен қалай қорғану керегін білмейді.
«Біз дыбыстан жылдам ұшатын зымырандар саласында Қытайдың жасаған әрекеттеріне алаңдаймыз. Мұндай технология түріне қарсы қалай қорғануды білмейміз. Тіпті, Қытай мен Ресейдің өзі де хабарсыз», дейді ол.
Бейжің билігі мұның бәрін жоққа шығарды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Цао Лиджан сынақтан өткен дыбыстан жылдам ұшатын зымыран емес, ғарыш кемесін ұшыруға қажетті ракета екенін айтады.
«Білуімше, әдеттегі ғарыш кемесі сынақтан өтті. Осылайша, ғарыш кемесіне қажетті технологияны қайта қолдануға тәжірибе жасалды. Бұл – ғарышты бейбіт мақсатта адамзат игілігіне пайдалану үшін таптырмас әрі арзан жол», дейді Цао Лиджан.
Пентагон өкілі Джон Кэрби Financial Times басылымында жарияланған мақалаға қатысты ештеңе айта алмайтынын жеткізген. Бірақ Қытайдың қарулануға ұмтылуына алаңдаушылық білдірді.
«Қытайдың әскери арсеналын молайтып, аймақтағы және одан тыс жерлердегі шиеленісті күшейтетін әрекеттерін тоқтатпауына алаңдаймыз. Бұл – Қытаймен күресті қарқынды түрде жүргізіп, оны басты міндет ретінде ұстауымыздың бір себебі», дейді Джон Кэрби.
Дегенмен Ресей тарапы Қытайдың гиперсоник зымыранды сынақтан өткізуінен қауіптенбейді. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Кремль Қытайдың ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабілетті дыбыстан тез зымыранды сынауы қауіп төндірмейді деп есептейді.
«Біз одақтастық қарым-қатынас орнатқанбыз. Қытай халықаралық міндеттемелер шеңберінен шықпайды. Бұл белгілі, басы ашық мәселе. Ресей де халықаралық міндеттемелерінің шеңберінен шықпайды. Сондай-ақ АҚШ-тың жасаған әрекеттеріне байланысты өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қабылдайды», деді Д.Песков.
Жалпы, кейінгі жылдары дыбыстан жылдам ұшатын ракеталарға құмартқандар саны артып келеді. Қытайдан бөлек мұндай қаруды АҚШ, Ресей секілді бірнеше мемлекет сынақтан өткізіп көрген.
Гиперсоник зымырандардың баллистикалық ракеталардан айырмашылығы бар. Мәселен, баллистикалық ракета ең әуелі тіке аспанға қарай ұшады. Содан кейін ғана нысанасына қарай бағыт алады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері негізінен осындай баллистикалық ракеталарды анықтайды.
Ал дыбыстан жылдам ұшатын зымыранға аспанға тіке ұшу қажет емес. Ол көлбеу, жерге жақын ұшып-ақ діттеген жеріне жете алады. Оның үстіне, мұндай қарудың жылдамдығы дыбыстан бес есе жоғары. Соның нәтижесінде нысанасына тез арада жетеді.
Айта кетерлігі, гиперсоник зымырандар басқаруға қолайлы. Сондықтан оны анықтап, одан қорғану өте қиын. Қазіргі таңда мұндай қарудың ядролық оқтұмсықтарды діттеген жерге жеткізуге қабілетті екенін ескерсек, кез келген елдің гиперсоник ракетаны сынақтан өткізуі жаппай қырып-жоятын қарудан келетін қауіпті екі еселей түседі.
Өкінішке қарай, кейінгі кезде мұндай қаруға қызығатындар саны артты. Мәселен, өткен айда Солтүстік Корея да дыбыстан жылдам ұшатын ракетаны сынақтан өткізген.
Зымыран КХДР-дың шығыс жағалауы маңынан теңізге қарай атылған көрінеді. Солтүстік Корея ядролық және баллистикалық зымыран арсеналын кеңейтуге арналған бағдарламасын бұрыннан күшейтіп келеді.
АҚШ-тың Солтүстік Корея жөніндегі арнайы өкілі Сун Кимнің айтуынша, дыбыстан жылдам зымыранды сынақтан өткізу аймақты тұрақсыздыққа әкеліп, өңірге қауіп төндіреді. Соған қарамастан, Вашингтон билігі Корея түбегін ядролық қарудан азат ету жөніндегі дипломатиялық әрекетін жалғастыра бермек.
Оңтүстік Корея бірлескен әскери штабының хабарлауынша, Солтүстік Кореяның гиперсоник зымыраны әлі толыққанды жетілмеген. Мұндай қорытынды ракетаның жылдамдығы мен басқа да мәліметтеріне сүйене отырып жасалған.
Осы орайда, бірнеше мемлекеттің гиперсоник зымырандарды сынақтан өткізгенін айта кеткен жөн. Мәселен, АҚШ-та, Ресейде бірнеше ракета түрі бар. Дегенмен олардың ешқайсысы толыққанды қолданысқа ене қойған жоқ.
Оның үстіне, мұндай қарудан қорғану жүйесі де жетілмеген. Қазіргі таңда қолда бар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері баллистикалық зымырандарды анықтап, оны жойып жібере алады. Ал гиперсоник ракеталарға қарсы қаншалықты тиімді екенін белгісіз.
Өкініштісі сол, кейінгі кезде қарулану жарысы қайта басталғандай. Әсіресе, ядролық қаруды игеруге талпыныс бұрынғыдан бетер арта түскен. Қазіргі таңда әлемнің бірнеше елінде ядролық қару бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания атом бомбасының заңды иегері саналады. Бұдан бөлек, Израиль, Үндістан және Пәкістан да ядролық арсеналы бар елдер қатарында. Иран да атом бомбасын иеленуге мүдделі. Ал Солтүстік Кореяның жөні бөлек. КХДР билігі бірнеше рет ядролық қаруын сынақтан өткізіп, әлемді шулатқаны есімізде.
Барак Обама Ақ үйді басқарып тұрғанда әлемді ядролық қарудан азат етуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығының иегері атанды. Бірақ ол АҚШ-тың ядролық арсеналын жаңғыртуға уәде бергені есімізде. Нәтижесінде, АҚШ «смарт бомба» әзірледі. Салмағы 350 кило тартатын жаңғыртылған B61-12 моделі жер серіктерін пайдалана отырып, нысананы дәл көздей алады.
Сондай-ақ кейінгі кезде АҚШ ядролық қару саласын жандандыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл ақпарат халықаралық қоғамдастықты алаңдатқаны анық. Биыл Ақ үй ядролық қаруға арналған бюджетті 37,3 млрд доллардан 44,5 млрд долларға көбейтуді жоспарлап отыр.
Кремльдің де ядролық қаруға қатысты ұстанымы өзгеруі ықтимал. Біріншіден, Ресей әлемдегі ядролық арсеналы үлкен мемлекет саналады. Қазіргі таңда солтүстіктегі көршімізде алты мыңға жуық оқтұмсық бар. Соның 1500-ден астамы кез келген сәтте қолдануға дайын.
Екіншіден, Ресей жыл сайын ядролық арсеналын жаңартып отырады. Мәселен, құрлық аралық зымыран «Буревестник» әлемнің кез келген нүктесін нысанаға ала алады. «Посейдон» ядролық торпедосының қуаты ерекше. Құрлықаралық «Сармат» зымыраны, дыбыстан жылдам ұшатын «Авангард», мұның бәрі – Ресейдің ядролық қаруды жаңғыртудағы жоспарына кірген.
Қытай да қарулануға құмар. Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) есептеуінше, Қытайда қазіргі таңда 320 оқтұмсық бар. Оның ешқайсысы тез арада қолдануға арналмаған.
Дегенмен Бейжің билігі ішкі құпиясын сыртқа шаша бермейтінін ескерсек, SIPRI-дің есептеуі шынайы мәліметті көрсетпеуі мүмкін. Қытай ешқашан оқтұмсықтарының нақты саны туралы тіс жарған емес. Тіпті жалпылама ақпарат білдіруге де емеурін танытқан жоқ. Бұған қоса ядролық қаруды азайту жөніндегі келісімдерге мүше емес. Ендеше, Бейжің билігі өз арсеналын алаңсыз ұлғайта алады.
Қазіргі таңда қырғи-қабақ соғыс кезіндегіге қарағанда ядролық қару саны айтарлықтай азайған. Дегенмен қазіргі бар ядролық қарулар адамзатты жойып жіберуге жеткілікті. Оның үстіне, ядролық қаруды игеруге талпынған мемлекеттер саны біртіндеп артып келеді. Осындайда, Қытай секілді жабық мемлекеттердің дыбыстан жылдам ұшатын, ядролық оқтұмсықтарды тасуға қабілетті зымырандарды сынақтан өткізуі халықаралық тұтастық пен қауіпсіздікті сақтауға айтарлықтай кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті.