«Мұқағали туралы фильм түсіру мүмкін емес» деп ат-тонын алып қашатындай емес, кейіпкердің өмірі драмаға сұранып тұр, дерек мол, бірақ ол режиссерден жауапкершілікті, сценарий авторынан зерттеуді, ал актерден мінсіз ойынды қажет етеді. Өйткені әркімнің өз Мұқағалиы тұрғанда, өзге Мұқағалиды қабылдау қалай айтсақ та қиын. Мұқағали есте жоқ ескі дәуірдегі мифтік тұлға емес, кеше ғана 90 жылдық мерейтойы аталып өткен, көз көрген замандастары, ұрпағы бар, дауысы таспада жазылып, өлеңі арқылы есімі ел арасына аңыз болып таралған тұлға екенін еске алсақ, кинотеатрға келе жатқан көрермен ең алдымен өз жүрегіндегі, сосын ел ішінде сомдалған Мұқағалиды іздеп келеді.
1960-1970 жылдар, бұрқ-сарқ қайнаған Жазушылар одағы, буырқанған әдеби орта, ағыл-тегіл өлең, «Қаламгер», кабак, бар, серілік... Ақын туралы азды-көпті ақпараты осылай қалыптасқан адам фильм басталғанда мұның бірін емес, қиналып жүрген Мұқағалиды, айықпас мұңды көрді. Діттеген драма, ойлап келген сюжеттің бірі жоқ, тосын оқиға күтіп алғанда тосырқап қабылдаған көрермен Мұқағали өмірінің ең қайғылы кезеңіне құрылған фильмді әуелде қинала отырып, кейін ішіне түсіп, ойлана отырып сіңіруге өзін жылдам бағыттай алды.
Ақын өмірінің осы күнге дейін ашық айтылмай келген құпиялау қырын сюжет лейтмотиві етіп алған сценарий авторы, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің ізденісінде бұрын беймәлім болып келген отбасылық трагедия бірінші рет көркем туындының желісіне айналды. Әрине, ұлы адамдардың өмірі экранда мүмкіндігінше сенімді суреттелуі керек, алайда драмалық шиеленіс үшін кейде деректерді уақыт қоршауын бұздырып, қысқартып яки ұзартып, көркем қиял үлесіне көбірек орын беретіні бар. Белгілі адамның көпшілікке аян өміріне құрылған фильм бұдан ұтпаса, ұтылмайды.
Ақын тағдырындағы қат-қабат қайғылы кезеңнің суреттелуі кездейсоқ емес. Ауылдан келген ақын Алматыға сыймады, Алматыны тәрк етіп, Мәскеу ұзаса да, мұңы сейілмеді. Оқуын тастап елге оралды. Айбардың басындағы аянышты тағдырды адам баласының басына бермесін. Ел басшысы Қонаевқа жазған хатының ізі құмға сіңген судай ізім-ғайым. Көз алдында гүлдей жайнаған қызы Майгүл көктей солды. Отбасында күнде кикілжің. Денсаулығы күрт нашарлаған, өмірмен қоштасуға санаулы күндер қалғанын іші сезеді. Жан-жақтан қыспаққа алған осының бәрі бір адамның жүрегіне оңай жүк емес.
Фильм Мұқағалиды коммунистік партия қатарынан шығару туралы мәселе қозғаған Жазушылар одағындағы хатшылардың мәжілісінен басталады. Қалам ұстағандар ақынды аяйтын емес. «Талант деген далада шашылып жатқан жоқ. Үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар. Анасы ол, қолына қарап отыр. Мен білсем, осы жігіт күйіп кетейін деп тұр. Кішкене қолдап жіберсек болмай ма екен?» дейді төрде отырған бірінші хатшы. Дәлізде бәрін естіп, әрең шыдап отырған ақынның жүйкесі сыр берді. Есікті жұлқи ашып кіріп келіп, партия билетін өз қолымен үстел үстіне қойды...
Адам төңірегінен түңіліп, қайда барарын білмеген кезде өз ішіне сүңгиді. Жүрегінің ішіне жасырынады. Ақынның шығармашылық кеңістігіне мына орта тар, кең дүниеден таба алмаған еркіндік пен тазалықты өз жанының алыс түкпірінен ұшыратқанда одан сайын тұйықталып, сыртқы әлемнен суына түскен Мұқағали бәріне қолын бір сілтеп, Мәскеудегі Әдебиет институтында оқып жүр. Дүниенің төрт бұрышынан, негізінен дамушы елдерден жиналған тыңдаушылар алдында Дантенің шығармашылығы туралы дәріс оқып тұрған ұстаз кенет Мұқағалидың «Құдіретті комедияны» аударғанын есіне алып, аудиторияға аудармасын өз тілінде оқып беруді сұрайтын тұсындағы диалогты елемей өту мүмкін емес. Мынаны қараңыз, отар мемлекеттердің ұл-қыздары тіл арқылы тәуелсіздіктің әңгімесін айтып отыр. Тәуелсіздік туралы жұмған ауызды ашуға болмайтын 1970 жылдары. Мұқағалидың өзіне-өзі сыймай арпалысып жүруінің астарында қарама-қайшылығы мол күрделі өмірінің азабы ғана емес, өз ұлтының бодандығы, есесі кеткен кішкентай елінің намысы өртеп бара жатқанын осы шағын эпизод аңғартып өтеді. Ақын жанына тыныштық бермейтін азап әрі қарай Айбар оқиғасымен ұштасқанда, тіпті тереңдей түседі.
Айбар – ақынның ортаншы ұлы. Түн жамылып, астыртын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін ескерткіштердің «қақ жүрегіне қадап» жүрген жерінен соңына түскен қауіпсіздік қызметкерлерінің қақпанына ілінеді. Апарып қамаған жерінің қандай болатыны белгілі. Фильмге жан салып, күретамырына қан айдап тұрған катализатор осы Айбар бейнесі. Ұсақ ұлттардың бәрін ноқталап ұстап, кісі өлтіргенді де кешірген кеңестік жүйедегі кешірілмейтін қылмыс – ұлтшылдық, ақынның ұлы осыған ұрынып отыр. Басын тауға да ұрып, тасқа да соғып, баласын құтқарып қалу жолында қақпаған есігі қалмаған ақын қауқарсыздығына күйінеді. Кінәлі – өзі. Лашын айтпақшы, «қайдағы жоқ кітаптарды үйіне тасыған», халық жауы Мағжанның өлеңдерін оқуға себепкер болып улаған өзі.
Шақшадай басы шарадай болған ақын өзіне қарағанда құрығы ұзындау Нұрғиса Тілендиев досына келеді. Ол Д.Қонаевқа хат жазуға кеңес береді. Әңгіме арасында «Әттең, соғыс ардагері болғаныңда сені өзім-ақ алып кіретін едім» дейді композитор. Осы бір ауыз сөз арқылы Айбарды құтқарудың мүмкін еместігін сездіргенін Мұқағали түсінеді. Кенет Мұқағали темекі тартып отырған Тілендиевтен оттық сұрап алып, дәлізге қарай ұмтылып, қабырғада ілініп тұрған Л.Брежневтің портретін өртеп жібереді. Режиссуралық тұрғыдан батыл шешім. Бұл не? Бұл ажал сәті жақындаған адамның өлер алдындағы соңғы жанталасы, яки орыс тілінде «агония» деп анықтамасы берілетін терминалды сәт, бейсаналы әрекет көрінісі. Коммунистік партия басшысының суретін өртеген соң өзінің де аман қалмайтынын біледі, сөйтіп сотты болып, бауыр ет баласы үшін жан беруге бар әкенің түрмеге өз еркімен, баласының қасына барғысы келген соңғы үміті, ақырғы амалы.
Фильмде мұндай сәтті детальдар өте көп. Тұспал түрінде берілген, ишарамен сездірген әсерлі сахнаның бірі – Майгүлдің ажалы. Сабағынан ерте үзіліп, асфальт үстінде шашылған қызыл алма – Майгүлдің мезгілсіз көз жұмғанының хабаршысы.
Мұқағалиды ақын достары тым қолпаштауға құмар. Ақынға мақсатты түрде ішімдік ішкізіп, мас қылу үшін қасындағы қаламдас достарының кезекке тұрғаны да осы тұспал детальдармен шебер көрініс табады.
Режиссер ақынның жан қайғысын, уайымын, мұңын алтын жапырақтары блюз билеген сары күздің романтикасымен әдемі шендестіреді. Ақындардың күзді жақсы көруі табиғи заңдылыққа айналған, мұнда да Мұқағали мен күз – егіз. Фильмде бастан аяқ күз мезгілі көрсетіледі, мұнда күздің бүкіл бояуы көрініс тапқан: жүрек пішіндес сарыала жапырақтарды шуағымен шомылдырған жарқыраған ашық күн, қабағы түксиген бұлтты күн, қалың жаңбыр сабалаған сұрғылт күн, күз мезгілінің мың бояуы мен Мұқағалидың көңіл күйі ғажап ұқсас. Шелектеп құйған нөсер жаңбыр шайырдың ішке жұтқан көз жасы іспетті. Бір толастамайды. Бауыржан Момышұлының саяжайына келгендегі күзгі понараманың суреті – қазақ киносындағы, бәлкім әлемдік кинодағы табиғаттың тамылжыған сирек сұлулығының өзі. Бұл тұста оператор шеберлігін ерекше атап кеткеніміз дұрыс.
Фильмдегі көрнекті табыстың бірі – музыка, түпқазық идеяның нысанаға дөп түсуі үшін музыка аз рөл ойнамаған. Мұқағалимен бірге уайым шектіретін де, Майгүлді жоқтатып, елесімен жұбатып, жылататын да осы – музыка. Ақынның жүрегі қырық бесте тоқтады. Күні кеше Мұқағалиды қаралап, партия қатарынан шығармақ болғандар енді табытын иығына салып, мәңгілік сапарына ұзатып барады. Аппақ арына дақ түсірмей өткен ақынды қалың жаңбыр астында қаламдастары қолшатырмен қорғанып, қоштасып тұр. Жаңбырдан, қардан, бораннан қолшатыр ұстап қорғануды білмейтін Мұқағали малмандай су болса да алпамсадай бойымен Алматының көшесін жалғыз өзі толтырып, алшаң басқан арман күні артта қалып барады...
Әрине, фильмде көзге бірінші түсетіні – басты рөлдегі Асланбек Жанбалаевтың Мұқағалимен «бірге-бір» үйлесім тапқан сыртқы түр-тұлғасы. Режиссер Болат Қалымбетов алпамсадай, ұзын бойлы, қапсағай денелі Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының актері Асланбекті Мұқағали бейнесіне лайық деп тапқанында осы ұқсастықты қаперге алған болуы керек. Алайда Асланбек Мұқағали рөлінде тура мағынасында ауыр ойнады. Ақынның ішкі энергетикасы, эмоция жетіспейтіні байқалды. Бұған бәлкім, фильмге бір-ақ линияның – Айбар оқиғасының ғана таңдалып алынғанының да әсері болуы мүмкін. Фильмде параллель екі-үш линия, айталық, махаббат желісі қатар жүргенде, бір қызға ғашық болып, бақыттан басы айналып шаттық күйін кешсе, тым салмақты, бұйығы тартқан актер де ашылған болар ма еді? «Мұқағалидың» кейіпкерлері көп емес, бірақ барының өзі талғаммен топтастырылған. Асланбектен өзге фильмге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бауыржан Қаптағай, Толғанай Бейсембаева, Азиза Рыспаева, Бақытжан Қажымұқан, Раушан Мәжитова сынды әртістер түскен.
Фильм не үшін түсіріледі? Белгілі бір мақсат арқалап өмірге келетін фильм, ең алдымен, болашақ үшін түсіріледі. Өзегіне «талантты бағалайық», «қандай болғанына қарамастан адам атаулыны аялайық» деген өміршең идея сіңірілген фильм мәңгі өлмес ізгілік қағидасын жоғалтып алмау жолындағы жансебіл парызын орындау үшін жол тартты. Болат Қалымбетов «Мұқағалиды» түсірмегенде, режиссер ретінде өзін толық сезінбеуі де мүмкін екен-ау деген ой да туды. Ұзақ жылдардан бергі ішкі толғанысы жетелеп әкелген психологиялық иірімі мол туынды шеңберінде суреткерлік кәсіби, азаматтық ұстанымын қатар өрілгенін байқау қиын емес. Мұқағали өмір сүрген кезеңнің тынысын сездіру үшін режиссер сонау Санкт-Петербург, Өскемен, Алматы қалаларының арасында көп уақыт тынбай жұмыс істеді.
Премьера соңында «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев «Мұқағалидің» Таллин қаласында өтетін «А» санаттағы халықаралық кинофестивальдің ашық байқауына қатысатыны туралы жаңалықты көпшілікке сүйіншіледі. Екі сағатқа жуық Мұқағали мұңының шырмауынан шыға алмай, жан шиыршық атып, қайғы жамылған отбасы, қаламгерлермен бірге қамығып отырғанда, кенет күн жарқ ете түсті. Көрерменге бәрібір жылтыраған жіңішке үміт қалған екен. Көкпаршылар өлеңіне байғазы етіп беріп кеткен ақ марқа Мұқағалидың сәтті жалғасқан екінші өмірінің олжасы болар. Мәңгілік болғай.