Көркем бейнені бояу тілімен сөйлеткен суретші, кескіндемеші, Мәдениет қайраткері, Президент стипендиясының иегері Жеңіс Кәкенұлының «Сәйгүлік семантикасы-4» атты жеке көрмесі Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің музейінде ашылды.
Автордың 50 туындысы қойылған көрме музейдің әріптестік жобасы аясында ұйымдастырылған. Туындылардың барлығы 2006-2013 жылдар аралығында салынған екен. Атап айтқанда, «Арбау өлең», «Жасырынбақ-2», «Сыйлық», «Кентаврдың ғашығы», «Жеткіншек», «Байшұбар», тағы басқалар. Автордың әсіресе «Бәсіре» деп аталатын дүниесінің жөні бөлек.
– Жылқы текті жануар ғой. Тілі жоқ демесең, бәрін түсінеді. Менің басқа суретшілерден ерекшелігім – жылқыны адам деңгейіне көтеріп, бейнелеуге талпынып келемін.
Суретші Жеңіс Кәкенұлының туындылары 1988 жылдан бері еліміздегі, сондай-ақ, АҚШ, Германия, Түркиядағы көрмелерден орын алып жүр. Ал өткен жылы суретші «Ақ зер» кітабын жарыққа шығарды. Бұл жинаққа ұлттық бейнелеу өнері, қазақ суретшілерінің шығармашылық болмысы туралы публицистикалық еңбектері, өнертану жайлы мақалалары топтастырылған. Ол «Фолиант» баспасының суретшісі ретінде қырықтан астам кітапты безендірген.
Жанерке ТӨЛЕН,
ЕҰУ-дің студенті.
––––––––––––––––––
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.