Спорт • 22 Қазан, 2021

Әлем чемпионаты: Қатардан қалмауға бәрі үмітті

276 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан Қатарда өтетін әлем чемпионатына қаты­сатын екі елдің құрамасы белгілі болды. Еуропа ай­ма­ғындағы іріктеу кезе­ңін­­де шашасына шаң жұқ­тырмаған Германия мен Дания футболшылары енді келесі жылы әлемдік жа­рыс­та бақ сынайды.

Әлем чемпионаты: Қатардан қалмауға бәрі үмітті

Кәрі құрлыққа бөлінген 13 жолдаманың екеуі қазірдің өзінде белгілі. Яғни олар, жо­ғарыда айтып өткендей, Гер­мания мен Дания құрамалары. Қа­раша айында Қатарға тіке­лей тартатын тағы сегіз үздік­тің есімін білетін боламыз. Ал өз топтарында екін­ші орын алған 10 команда жа­рыс­ты плей-офф сатысында жалғас­ты­рады. Оларға Ұлттар лигасы арқылы тағы екі команда қо­сы­лады. Сөйтіп, 12 ұжым төрт-төрттен үшке бөлініп, соң­ғы үш жолдаманың иесін анық­тайды.

 

* * *

Өткен аптада болған іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бо­йын­ша жеті команда өз топтарында екі орынның бірін иеленіп алды. Атап айтсақ, Бель­гия, Ита­лия, Португалия, Сербия, Ресей, Хорватия және Швейцария құра­малары кем дегенде плей-офф сайы­сын­да өнер көрсетеді. Ірік­­теу кезеңінің шиеленісті өтіп жатқаны соншалықты, Ал­ба­ния, Англия, Босния және Гер­­­­це­­говина, Нидерланд, Нор­­­вегия, Польша, Түркия, Ук­раи­на, Уэльс, Финляндия, Фран­­­­ция жә­не Швеция құра­ма­­лары да Қа­тарға баратын мүмкін­дік­терін жоғалтқан жоқ. Тіп­ті бұл коман­да­лардың кей­бірінің өз топ­та­рын­да бірінші орын алу ықти­мал­­дылығы да жоға­ры. Сонымен қатар Ар­мения, Грекия, Израиль, Ислан­­дия, Румы­ния, Македония, Чер­­ного­рия, Чехия және Шот­лан­­дия құра­маларын да әлем­дік жа­рыс­­тың жасыл алаңынан кө­ріп қа­луымыз бек мүмкін. Бізге бел­­­гілісі, Ирландия, Бол­гария, Аус­трия, Словакия сияқ­ты Еу­ро­­­па­­ның ортаңқол құра­малары әлем­­­­дік додадан тыс қалды. Айт­­­пақ­шы, бұ­лар­дың қатарына Қа­зақ­­­­стан құ­рама­сын да қосуға бо­ла­­­­­ды. Тал­ғат Байсуфинов баптай­тын отан­дас­тарымыз өткен аптада Фин­ляндия мен Босния құ­­ра­­ма­ларынан жеңіліп, әлем чем­­пио­натынан біржолата күдер үзді.

 

* * *

Іріктеу сайысының А тобында өнер көрсетіп жатқан командаларға келсек, бұл топта Сербия мен Португалияның бірі әлем чемпионатына баратыны анық. Жолы болмағаны плей-офф сайысында бақтарын сынап көреді. 11 қарашада Португалия сырт алаңда Ир­лан­диямен күш сынасады. Егер осы ойында Криштиану Роналду бастаған португалдар жеңіске жетсе, онда А тобының тізгінін ұстайды. Бірақ жеңістің өзі Португалияға жолдама әпер­­мейді. Барлық мәселе 14 қара­­шада Португалия – Сербия арасындағы матчта шешіледі.

* * *

В тобында Грузия мен Ко­сово құрамалары аттан ертерек түсіп қалды. Нағыз тартыс Шве­ция, Испания және Гре­кия құра­малары арасында өтуде. Қазір бұл топта Швеция топ бас­­тап тұр. Олар келесі турда Гру­­­зиямен ойнайды. Ал гректер Ис­пания құрамасын қабыл­дайды. Грекия құрамасында мүм­­­кіндік аз. Луис Энрике бап­­­тайтын Испания іріктеуді сыл­­­быр бастағанымен, қазір ба­­­бында. Егер 11 қара­­шада Ис­пания мен Шве­ция өз қар­сы­ластарын ұтатын болса, онда олар Қатар­ға тікелей бара­тын ұжым­­ды 14 қараша күні өзара анық­­тайды. Ойын Испа­нияның жасыл алаңында өтеді.

 

* * *

С тобының жеңімпазы 12 қа­рашада Италия мен Швей­ца­рия арасындағы ойыннан кейін бел­гілі болуы мүмкін. Екі мықты 6 ойыннан 14 ұпай жинап, турнир кестесінің алдыңғы екі орнын бөлісіп тұр.

 

* * *

Қазақстан құрамасы ірік­теу­дің соңғы ойынын сырт алаңда Франция құрамасымен өткізеді. Дәл осы ойында француздарды топ жеңімпазы етіп, әлем чемпио­натына шығарып салуы­мыз әбден мүмкін. Өйткені Дидье Дешам жаттықтыратын ко­ман­даға Қатарға бару үшін үш ұпай жеткілікті. Ға­йыптан тайып, ойын тең немесе Қазақстанның же­­ңісімен аяқ­талып жатса, мә­селе соңғы турда шешіледі.

 

* * *

Е тобында Бельгия құрама­сы әлем чемпионатына баруға бір қадам жақын тұр. Ол үшін «қы­зыл сойқандар» 13 қарашада Эсто­нияны жеңсе жеткілікті.

 

* * *

F тобында Дания футбол­шы­лары іріктеу кезеңін керемет өткізіп жатқаны сон­шалық­ты, олар әлі күнге дейін өз қақпа­ларына бір гол да жі­бер­ген жоқ. Сегіз ойында «дат динамиті» 27 гол соқты.

 

* * *

G тобында жағдай шиеле­нісіп тұр. Әлем чемпионатына тікелей баруға Нидерландтың да, Норвегияның да, тіпті үшін­ші орында тұрған Түр­кияның да мүмкіндігі бар.

 

* * *

Н тобының көшбасшылары Ресей мен Хорватия әлем чем­пионатының жолдамасын соң­ғы турда өзара сарапқа салуы мүм­кін. Бірақ ол үшін бұлар 11 қа­­ра­­шадағы ойындарында же­ңіске жетулері тиіс.

 

* * *

Албания футболында соңғы жылдары ілгерілеу бар. Англия, Польша, Мажарстан сияқты мықтылармен бір топқа түскен албандар әлем чемпионатынан әлі де күдер үзген жоқ. Деген­мен олардың соңғы үмітін ағыл­шындар үзуі мүмкін. Өйткені Англия Албанияны ұтқан жағ­дайда әлем чемпионатына тікелей тартады.

 

* * *

Соңғы топта күш сынасып жатқан Германия құрамасы бі­рінші болып әлем чемпионатына жолдама алды. Енді плей-офф бәсекесіне шығуға Румыния, Армения және Маке­донияның мүмкіндігі бар. Мате­матикалық тұрғыдан Ис­лан­дияны да тізімге қосуға бола­ды. Бірақ олардың шығуы екіталай.