Әлеуметтік желіні ойлап тапқан Айтуған Омаровтың айтуынша, жоба екі мәселені шешуге арналған. Айталық, адамдар күнделікті алуан түрлі жағдайға тап болып, дұрыс әрі тиімді шешім таба алмай қиналып жатады. Міне, осыған келгенде аталған платформа желі қолданушыларының көңілінен шығатын кеңестер беруге қолғабыс етеді дейді жобаның авторы.
«Біздің әлеуметтік желіде «Сұрақ-кеңес» деп аталатын арнайы блок қарастырылған. Мұнда өзіңізге қызықты және толғандыратын кез келген сұрақты жасырын түрде қойып, соған сәйкес желі қолданушыларынан алуан түрлі жауаптар ала аласыз», деді А.Омаров.
Жоба авторлары айтқандай, бұл – толығымен жасырын әлеуметтік желі. Сол себепті жеке басты куәландыратын мәліметтерді қажет етпейді. Қойылатын сауалдарды кім қоятыны да белгісіз күйде қалады деп алға тартты авторлар. Десе де сұрақтарды платформаның әкімгерлері көруге хақылы. Егер де белгіленген талапқа сай келмейтін сауалдар болса, ол бірден бұғатталады. Рұқсат берілген сұрақтар мәзірдің оң жақ бұрышында орналастырылады. Барлық пайдаланушы оны көріп, кез келген қолданушы оған жауап жазып, жасырын чат жүргізіледі. Сұраққа орынсыз жауап қайтарылса, қолданушы жауап иесін бұғаттай алады. Желі қолданушысы жолдаған сауалын кері қайтарып алса, онда осыған қатысты барлық хат-хабар да лезде жойылады.
А.Омаровтың пікіріне сүйенсек, қатысушылардың жеке деректерін желі әкімгерлері де көрмейді. Олардың құзыретіне тек сұрақтарды өңдеп, рұқсат беру кіреді. Әлеуметтік желі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылыпты.