18 Ақпан, 2014

Төңкеріс жасамақ әрекеті үшін

293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шарайна

Оңтүстіккореялық депутат Ли Сок Ки мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалғаны үшін 12 жыл түрмеде отыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, 52 жастағы саясаткер бостандыққа шыққаннан кейін 10 жыл бойы сайлауларда дауыс беру құқығынан айырылды. Сот Ли Сок Киді Солтүстік Кореямен соғыс бола қалған жағдайда, КХДР-ға көмек ретінде жасырын ұйымдармен байланыс жасаған деп таныған. Прокуратура соттан оны 20 жылға түрмеде отырғызу жазасын сұраған екен. Мемлекеттік айыптаушының мәліметтері бойынша, депутат шамамен 130 адамнан тұратын төңкерісшіл ұйымға жетекшілік еткен. Бұл ұйымның ел аумағында террорлық әрекеттер жасамақ болғандары да дәлелденген. Екінші ұшқыштың өзі екен «Франспресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ethiopian AirLines авиакомпаниясының ұшағын айдап әкеткен басқа емес, екінші ұшқыштың өзі болып шықты. Швейцария полицейлерінің айтуына қарағанда, негізгі ұшқыш әжетханаға кеткен кезде ол лайнерді басқаруды басып алған көрінеді. Бір жақсысы, ол ұшақты Женева әуежайына аман-есен қондырыпты. Ал өзі арқан арқылы ұшақ терезесінен сыртқа түсіп үлгерген. Айдап әкетуші қарусыз болғандықтан, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төнбеген. Бұл ұшақ Эфиопия астанасы – Аддис-Абебадан Рим қаласына келуі тиіс екен. Ұшақ бортында 200-ге жуық жолаушы болған. Премьер-министр лауазымына ұсынылды Флоренция қаласының мэрі Маттео Ренци кеше Италияның премьер-министрі лауазымына ұсынылды. Ел президенті оған үкіметтің жаңа құрамын жасақтауды тапсырды. Италия парламенті енді бір аптадан соң жаңа үкіметке сенім білдіру жөнінде дауыс берулері тиіс. Елдің бұған дейінгі премьер-министрі Энрико Летта 14 ақпанда отставкаға кеткен болатын. Оны отставкаға кетіруге осы М.Ренци бастамашы болған еді. Ренци – Демократиялық партияның жетекшісі. Егер Ренцидің құрған жаңа үкіметіне парламент сенім білдіретін болса, 39 жастағы ол Италия тарихында ең жас премьер-министр болып саналады. Қысқа қайырып айтқанда:  Нигериядағы бір деревняға содырлар тарапынан жасалған шабуылдан 106 бейбіт тұрғын ажал құшты. Содырлар елді мекенге алты жүк машинасымен және оншақты мотоциклмен келіпті.  Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев дзюдо бойынша қара белбеу атағын алды. Губернаторға оны Будо халықаралық университетінің профессоры, жапондық делегацияның жетекшісі Иши Кенсуке тапсырды.  Тәжікстанның Куляб елді мекеніндегі тергеу изоляторында шаштараз болып істейтін жазасын өтеуші осы мекеме бастығының шашын қиып жатып, оны бауыздап тастады.  «Хизбалла» радикалды топтарының жетекшісі Хасан Насралла араб әлемін Сириядағы соғысты тоқтатуға шақырды. Оның айтуынша, егер арабтық күштер соғысты тоқтататын болса, «Хизбалла» да жанжалдарға қатысудан бас тартады. Экс-премьер бес жылға сотталды Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, бұл шешімді Кутаиси соты қабылдаған. Бұған дейін В.Мерабишвили қызмет өкілеттілігін асыра пайдаланды, сайлаушыларды сатып алды және мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсады деп айыпталған болатын. Экс-премьерге, сондай-ақ, Квариати селосындағы саяжайды заңсыз жекешелендірді деп те айып тағылған еді. Бірақ, сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Мерабишвили осы жылдың мамырында аталған айыптауларға байланысты ұсталған-ды. Ол кезінде елдің ішкі істер министрлігін басқарған әрі М.Саакашвилидің сенімді адамдарының бірі болған. Түрмедегілер де дипломға ие болады Нью-Йорк штатындағы түрмелерде жазасын өтеушілерге колледж деңгейінде оқыту жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл жөнінде штаттың губернаторы Эндрю Куомо мәлімдеді. Жергілікті БАҚ-тардың жазуынша, бағдарлама штаттағы он түрмеде жүзеге асырылатын болады. Жазасын өтеушілер бағдарлама бойынша орта білім мен бакалавриат дипломы аралығындағы басқыш туралы білім алып шығады. Немесе бакалавриат дипломына ие болады. Оқу-оқыту мерзімі – 2,5 жылдан 3 жылға дейін. Бағдарламаның жалпы құны қанша екені айтылмаған. Дерек көздеріне қарағанда, жазасын өтеушілерді оқыту олардың әрбірі үшін мемлекетке 5 мың долларға түспек. Стюардесса ұшақ бортынан құлап түсті Дубайдың халықаралық әуежайында «Урал авиалиниясы» авиакомпаниясының стюардессасы ұшу-қону жолағында ұшақтан жерге құлап түскен. Оқиға кеше ресейлік ұшақтың Пермь қаласына ұшар кезде болған. «Интерфакс» агенттігінің ақпаратына қарағанда, ұшақ бортында Дубай әуежайына қызмет көрсететін автомобиль соғылған сияқты. Құлаған стюардесса алған жарақатына байланысты ауруханаға жеткізілген. Ал ұшақ жеңіл дәрежеде бүлінген. Әуежай басшылығы оның орнына жолаушыларға резервте тұрған А320 ұшағын ұсынуға мәжбүр болды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.