18 Ақпан, 2014

Жол бір, жүк ортақ

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстанның кеден қызметі – ел алдында, мемлекет алдында зіл-батпан міндеті бар сала. Айласын асырып шекарадан өтіп, ойдағысын жүзеге асырамын деген небір қуларды құрықтап жүргендері белгілі. Мемлекетке келтірген кіріс көлемдері миллиардтармен өлшенеді. Маңғыстау аймағында кеден­шілер белсенді қызмет етуде. Мемлекеттің эко­номикалық мүдде­лерін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөлге ие екендіктерін, сырт­қы экономикалық байланысты  реттеу­ге қатысу арқылы қызмет түрлерін жүзеге асырып, мемлекет бюджетін толтыруға және  экономикалық мәселелерді шешу­ге атсалысуға, кедендік және өзге де сала­дағы құқық бұзушылықтар мен қыл­мыс­тарды анықтап, олардың жолын кесуге тиіс екендігін жақсы ұғынатын олар мемлекет шын мәнінде сыртқы экономикалық дербестікке және тәуел­сіз­дікке қол жеткізгісі келсе, ең алдымен мықты кедені болуы тиіс деген қағи­даны басшылыққа алып келеді. Осы жауап­кершілік олардың теңіз арқылы келген талай браконьерлерді ауыздықтап, заңсыз тауарларды тәркілеуіне негіз болды. Заманның ырғағы мен экономикалық қарым-қатынас кеден қызметіне қойылар талапты күшейте түседі. Мемлекет басшысы кеден қызметінің сапасын ілгерілете түсу туралы биылғы Жолдауында айтқан болатын. Жуырда Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті қызметкерлері жиылып, Жолдауға қолдау білдірді. Мемлекет басшысының Жолдауда елі­міздің өмір сүруі бойынша нақты бағдарлар, міндеттер және принциптер айқындалды, бұл сапалы қадам жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз және республикамыз 2050 жылы әлемнің ең дамыған отыз елінің құрамына енуі тиіс, деген Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті бастығының м.а. С. Дынбаев кеден заңдылықтарын ымырашылдандыру мен жүйелендіру, әкімшілік басқаруға қатысты Мемлекет басшысы қойған биік мақсаттарға жету үшін Жолдаумен қаруланып жұмылу кеден саласы қызметкерлерінің негізгі міндеттері екенін атап өтті. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімін қыс­қарту, шекарадан өтетін жолдардың өткізу мүмкіндігін арттыру, экспорттық-импорттық операциялардың рәсімдерін оңайлату, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту, жұмыстың айқындығын арттыру және мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын жоға­рылату, бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылдың ыңғайлы жүйесін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Кеден қызметінің жеке құрамы алдында бөлімдер басшылары сөз алып, Жолдаудың басым бағыттары туралы ой өрбітті. «Жүрер жолымыз, барар болашағымыз бір, сондықтан көтерер жүк ортақ» деген кеденшілер  Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындауға белсенді атсалысатындарын айтып отыр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.