18 Ақпан, 2014

Шығыста толайым табыстар да, көкейкесті мәселелер де бар

302 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Изображение 040-1Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір басшыларының ішінде бірінші болып ел алдында есеп берді. 2013 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер бар. 2012 жылмен салыстырғанда былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6 пайыздық өсіммен 2 трлн. теңгеге жетті. Орташа еңбекақы 6 пайызға өсіп, 90 мың теңгені құрады. Индустрияландыру картасы шеңберінде 8 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, баға өсіміне жол бермеу және үнемі бақылауда ұстауға назар аударудың нәтижесінде, инфляция 4,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл – республикалық межеден төмен көрсеткіш. Өткен жылы өңірде жиыны 1 432 жаңа нысан қолданысқа берілді. Әлеу­мет­тік маңызды салалар туралы айтсақ, 10 мектеп, 26 балабақша, 32 денсаулық сақтау, 27 мәдениет, 9 әлеуметтік қор­ғау нысандары бой көтерді. Өнер­кәсіп­тік және өңдеуші салада – 70, шағын және орта кәсіпкерлікте 246 нысан іске қосылды. Жалпы саны 840 тұрғын үй салынды. Білім саласындағы мәселелердің бірі – апатты мектептер. Аймақ басшысы 2015 жылы бұл мәселе толық шеші­летінін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі мекемелермен 100 пайыз қамту да сол уақытта аяқталмақ. Қазір бұл көрсеткіш 97,4 пайызға жетті. Аграрлық секторда жетістіктер бар. Дегенмен, республикалық және об­лыс­тық қолдау бағдарламаларына қарамастан мал шаруашылығы өркен жая алмай келеді. Былтыр Семейде қалалық аурухана қолданысқа берілді. Биыл радио­ло­гиялық орталық пен туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құ­ры­лысы аяқталмақ. Жылжымалы меди­ци­налық кешендердің саны алтыға жет­ті. Соның арқасында тұрғындарды ме­ди­циналық тексеруден өткізу 2015 жылы толығымен аяқталады. Денсаулық сақтау саласындағы күрделі жайт – медицина мамандарының жетіспеушілігі. Есеп бойынша, өңірге 334 дәрігер қа­жет. Бұл тарапта денсаулық сақтау бас­қар­масы мен жоғары оқу орындары жетекшілері арасында нақты іс-шаралар қолға алынуда. Өткен жылы 217 жас маман жұмысқа алынып, оның ішінде 92 маман ауылды жерлерде еңбек жолын бастады. Елбасы биылғы Жолдауында мүм­кін­дігі шектеулі жандарға қолдау көр­сетуді тапсырған болатын. Өңірде 58 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жандар тіркелген. Оның 4 мыңға жуығы балалар. «Мейірім» акциясы аясында олар түрлі ұйымдар мен мекемелерге бекі­тіліп берілді. Еңбекке қабілеті барлары оқытылып, жұмысқа орналастырылуда. Курчатов ғылыми қалаға айналуы мүм­­кін. Облыс әкімі оған қаланың кадр­­лық және өндірістік мүмкіндіктері же­те­тінін, ядролық энергетика саласын дамыту аясындағы нақты ұсыныстарын Үкіметте баяндағанын, Мемлекет бас­шы­сының баламалы энергия көз­дерін қолдану жөніндегі тапсырмасы шеңберінде биыл Тұрғысын өзенінде шағын ГЭС және Жарма ауданында жел электр стансасының құрылыстары бас­талатынын атап өтті. Сондай-ақ, моноқалалар мен тірек елді мекендерді дамыту бағдарламалары ары қарай жалғасады. Жыл сайын 10 млрд. теңге қаржы игерілетін тірек ауыл бағдарламасына шекаралық елді-мекендерді тарту жоспарланып отыр. Бесқарағайда болған кездесуде Жар­ма ауданының тұрғыны Мәдина Бүр­кенова Зайсанның газын өзге аудан­дар, оның ішінде жармалықтардың да пайдаланғысы келетінін жеткізді. Облыс әкімі 1 млрд. текше метр газ қоры бар Зай­сан газын игеруге 30 млрд. теңге қар­жы жұмсалып, 92 шақырымдық газ құбыры тартылғанын, әзірге экологиялық таза отынды 100-ден астам үй мен мекеме пайдаланып отырғанын атап өтті. Изображение 050 Курчатовтық Владимир Дмитро­павленко қалада атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ел аумағында төр­тін­ші буын атом электр стансасын салу мәселесін талқылайтын халық­аралық форум өткізу туралы ойын айтты. Аймақ басшысы Курчатовтың оған лайық болғанымен, әзірге көп үміткердің бірі екенін, нақты шешім алғашқы тоқ­санның соңында шығатынын атап өтті. Абай ауданының тұрғыны С.Мұқа­тай мал жәрмеңкесінің биыл қайда өтетіндігін сұрады. Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған Шыңғыстау жәрмеңкесінде 1 млрд. теңгенің сау­да­сы жасалғанын жеткізген облыс басшысының айтуынша, асыл тұқымды мал аукцион-көрмесі биыл да Қарауылда ұйымдастырылмақ. Бесқарағай тұрғыны Мағжан Табыл­дин «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағ­дар­ламасы аясында ауылдық жерлерде тұрғын үй салудың мүмкіндігін сұрады. Алдымен аудан орталықтарын баспанамен қамту керек. Осы бағытта Зырян қаласы, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарында үйлер салына бастады. Аудан орталықтары қамтылған соң тұрғын үй ауылдық жерлерге де салынады. Үржар ауданынан хабарласқан А.Сә­метеев Үржар-Алматы бағытын­дағы әуе қатынасының тоқтап тұрғанын айтты. Азаматтық авиация комитетінің конкурсы кешігуіне байланысты тоқтаған әуе қатынасы бірінші тоқсанның ішінде қайта жанданбақ. Облыс орталығының тұрғыны Та­лап­ты Жанболатов Өскеменнің эко­ло­гиялық ахуалы туралы сауал жолдады. Өңір басшысы бұл тарапта «Қазцинк», «ҮМЗ», «ТМК» сынды ірі өнеркәсіп орындарына атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды тиісті нормадан асырмау туралы тапсырма берілгенін, эко­логиялық ахуалды ұдайы зерттеп, талдап отыратын орталық жұмыс істей­тіндігін, оның деректері бойынша қала экологиясы жылдан-жылға жақ­сарып келе жатқанын, қордаланған түйткілдер біртіндеп шешілетінін жеткізді. Зырян ауданынан Шолпан Мұсабаева «Зырян-Майқапшағай» бағытында салынбақ теміржол құрылысы жөнінде білгісі келетінін айтты. Облыс әкімі жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын өте қымбат жоба болғандықтан, концес­сиялық жолмен Корея және Қытай компанияларымен бірлесіп атқаруға тура келетінін, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге қаржы бөлінгенін жеткізді. Есепті кездесуде соңғы аптадағы қызу талқыға ие болған теңге бағамының өзгеруі туралы мәселе де сырт қалмады. Риддер қалалық қоғамдық кеңес төрайы­мы Надежда Худякованың осы мәселе жөніндегі сауалына облыс әкімі толымды жауап берді. Тиісті орындар басшыларымен бір­не­ше жиын өткіздік. Үш бағытта жұ­мыс істейтін топ құрылды. Біріншісі, азық-түліктің негізсіз қымбаттамауын ба­­қылауға алса, екіншісі, жанар-жағармай мен дәрі-дәрмекке, үшіншісі, ақша айыр­бастау пункттеріндегі жағдайға жауап береді. Облыста тұрақтандыру қо­­ры құрылған. Онда қазір шамамен 6 мың тонна негізгі азық-түлік тауары сақ­таулы. Үкімет тұрақтандыру қорын құру ережесіне өзгертулер енгізген соң біз сауда компанияларымен өнімдерді са­тылымға шығарамыз. Бағаны негізсіз көтер­гендерге құқық қорғау органдары арқылы тиісті шаралар қолданады. Дә­рі­ханаларда бұрын сатып алған дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, яғни қалыпты баға­мен сатылады. Сондай-ақ, таяу ара­­да Үкімет азық-түлік корпорациясы арқы­лы жеңілдетілген бағамен ұн береді. Жа­нар-жағармайды да жеңілдікпен аламыз. Бағаны негізсіз өсірмеу үшін сауда орын­дарының қожайындарына жалдау ақысын 20 пайызға төмендету туралы тапсырма жүктелді, деді өңір басшысы. Бердібек Сапарбаев есепті жиын­да тікелей және жазбаша түскен сауал­дардың барлығына жауап беріп, көтеріл­ген мәселелердің назарда болатынын жеткізді. Облыс әкімінің есебіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Парламент Сенатының депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников, Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова қатысты. Думан АНАШ. Шығыс Қазақстан облысы.