Қазақстан • 25 Қазан, 2021

Республика бойынша 3 миллионға жуық бейнекамера қажет

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазір республика аумағында 625 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қолданыста, оның 100 мыңға жуығы Жедел басқару орталығына шығарылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Республика бойынша 3 миллионға жуық бейнекамера қажет

Оның айтуынша, биылғы 9 айда ғана камералардың көмегімен республика бойынша 9 913 қылмыс ашылған. Сондай-ақ, биыл тамыз айында Қосшы қаласында бейнекамераның көмегімен мемлекетаралық іздеуде болған қылмыскер ұсталған.

«Әр облыста бейнебақылау көмегімен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жедел ашу статистикасы тұрақты түрде жарияланады. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды талдау олардың 2019 жылы 14%-ға, 2020 жылы – 51%-ға (пандемияға байланысты карантиндік шаралар әсер етті) және 2021 жылдың 9 айында - 29,8%-ға төмендеуін көрсетті. Барлық аулаларда, сауда орталықтарында, алаңдарда, мектептерде, балабақшаларда, спорт кешендерінде камералар орнатылған. Қазір біз әрбір камераны Жедел басқару орталықтарына шығаруды көздеп отырмыз. Жаппай бейнебақылау жобасы белсенді түрде дамитын болады. Біз 100 тұрғынға 15 бейнебақылау камера келетін халықаралық тәжірибені зерттедік, осы көрсткішке жету үшін республика бойынша шамамен 2 миллион 795 мың бейнекамера қажет», деді спикер. 

Айта кетейік, уақыт өте келе әртүрлі меншік орындарында орнатылған барлық камералардан бейне ағыны полицияға түседі.