Тарих • 25 Қазан, 2021

1920 жылы Қазақстанда халық саны 5 миллионнан кем болмаған

2106 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті.

1920 жылы Қазақстанда халық саны 5 миллионнан кем болмаған

Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», деген болатын.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы аштық» та­қы­рыбына орай өткен дөңгелек үстелде мамандар кеңестік мемлекет тарихының «жабық» тақырыптарын жан-жақты зер­делеудің пісіп-жетілгендігін алға тарт­ты. Институт директоры Зиябек Қабыл­динов алқалы жиында бұл мәселені жү­йелі түрде, жазба деректер мен ауызша мә­лі­меттерді синтездей отырып, зерттеу қажеттігіне назар аударса, ғалымдар жағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Тарихшы мамандардың дерегінше, 30-жылдардың басындағы аштықты зерттеуге көп көңіл бөлініп, алдыңғы жаппай аштық біршама «көлеңкеде» қалып қойғандықтан, жүйелі зерттеу нысанына айнала алмады. 1917 жылы билікке елді, соның ішінде қазақ өлкесін басқарудың күштік және командалық-әкімшілік әдіс­терін қолданған большевиктер келгені белгілі... Сол тұстардағы оқиғалардан бері 100 жыл өтсе де, ашаршылықтың себеп­тері, ауқымы мен салдары әлі күнге дейін отандық және шетелдік тарихнамада тиісті бағасын алмай, қалың жұртшылыққа ұсынылмай келеді. 20-жылдардың басында аштықтан қаза тапқандардың санын анықтау туралы мәселе әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр.

Осы орайда Мемлекет тарихы инс­титутының директоры, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Еркін Әбіл­дің зерттеулеріне көз жүгіртсек, кеңес­тік тарихи әдебиеттегі 1921-1922 жылдар­дағы ашаршылық тақырыбы қазақ халқы үшін үлкен трагедия, алайда объективті зерттеуде көптеген қиындықтар бар. Ға­лым­ның айтуынша, ашаршылық тақырыбы ғылыми феномен ретінде зерттеуді қажет ететіндігіне қарамастан, көп жағдай­да эмоцияға бой алдырып жатамыз. Де­­ген­мен, біріншіден, ашаршылықты әлеу­меттік құбылыс ретінде қарастыру қажет. Өйткені ашаршылық қазақтар­дың дәстүрлі әлеуметтік жағдайының өз­геруіне, қазақ қоғамдастығының ыдыра­уына соқтырды. Екіншіден, ашаршы­лық­ты экономикалық құбылыс ретінде қарас­ты­ру маңызды. Оның салдарынан қазақтар­дың дәстүрлі мал шаруашылығы жойы­лып, экономикалық трансформациялануына әсер етті. Үшіншіден, ашаршылық – сая­си құбылыс. Ол қазақ қоғамындағы дәс­түрлі элитаның әлсіреуіне ықпал етті. Төртіншіден, заманауи тарихта ашар­шылықты географиялық тұрғыдан зерттемей келеміз. Соңғы жылдары өткен ға­сыр­дың 20-30-жылдарындағы ашар­шылықта большевиктердің саясатын қа­лайда ақтауға болатындығына байла­нысты бірқатар еңбектер жарық көр­гені белгілі. Зерттеушілер көп жағдайда ашар­­шы­лық көшпенді шаруашылықтың пар­манентті жағдайы екенін айтып жүр. Осы ашаршылықпен күрес стратегиясы қаншалықты дәстүрлі болды? 1920-1930 жылдарда бұл стратегия неге нәтижесін бермеді? Осы тұрғыдан алғанда оның этнографиялық аспектісі, сондай-ақ бұл оқи­ғаның хронологиясы қосымша зерт­теуді қажет етеді.

«1921-1922 жылдардағы ашаршылық: 1921-1923 жылдарда жарық көрген басылымдарда» тақырыбындағы зерттеуінде тарих ғылымдарының кандидаты, «Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры Сәбит Шілдебай «Аштыққа байланысты осы жылдарда қандай кітаптар шықты, басылымдар мен журналдарда қандай деректер жарық көрді?» деген сауалға жауап бере келіп, төмендегі деректерді ортаға салды. Ғалымның зерттеулеріне қарағанда, ашаршылық Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезін ғана емес, сонымен бірге Ресейдің 30-дан астам губер­ниясын қамтыды. «Сол жылдары Қазақстанда жұмыс істеген, кейіннен ашар­шылыққа байланысты кітап жазған И.Мардаровский Ресейдің 36 губерниясында аштық болып, 33 млн-нан
астам адам аштыққа ұшырады деп көрсе­теді. Ал ресми мәліметке сәйкес, ре­сей­лік ғалымдар 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 40 миллионы аштықтың ауыр зардабын шеккен деп қорытынды жасап отыр. Бірақ ресми мәліметтерде сол кезеңдегі қорытынды бойынша 22 558 550 адам осы алапат аштықтың зардабын тартты деп көр­се­тілген. Әсіресе, Самара, Саратов, По­вол­жье, Оңтүстік Украина, Қырым, Баш­құрт­стан, Приуралье және Батыс Сібір аймақ­тарында ашаршы­лық қатты бол­ған. Ал Қазақстандағы аш­тық зардабының қаншалықты болғанын білу үшін 1920, 1926 жылдардағы санақ мәліметтері негізінде қорытынды жасай аламыз», дейді тарихшы. Сонымен бірге 1922 жылдың соңында және 1923 жылдары жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтары бар. Ол халықтан алым-салық жинау мақсатында жүргізілген болатын. 1920 жылғы санақ қорытындысы бойынша қалада, ауылда, темір жол бойында қанша халық тұрғаны көрсетіледі. Осы жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда жалпы 4 938 383 адам есепке алынған. Бұл санақтың мәліметтері 1923 жылы шыққан. Онда қай губерния, уезде қанша халық тұратыны, олардың ұлттық, жыныстық құрамы талданып көрсетілген. Өкінішке қарай, осы кезеңдегі демографиялық мәселеге қатысты шыққан көптеген зерттеулерде негізінен сол мәліметтердің қамтылмағанын көреміз. Алдағы уақытта осы мәселеге ғалымдар назар аударса деген тарихшы «1923 жылғы мәлімет бо­йынша Қазақстандағы халық саны 3 786 910 адам болғандығын айтады. 1920-1923 жылдардағы екі санақты салыстырған­­да Қазақстанда 1 151 473 адамға кеміге­ніне көз жеткізуге болады. Бірақ 20-жыл­дар­­дағы санаққа Қазақстандағы әскери орын­дардың адамдары мен көшіп-қонып жүргендерден кірмей қалғандары бар екенін ескеру керек. Сонда 1920 жылы Қазақ­станда халық санының 5 миллион­нан кем болмағанын байқаймыз», деп атап өтіп, Мәскеу мұрағатындағы зерттеу жұмыс­тарына кеңінен тоқтала отырып, ал­дағы уақытта зерттеуші-ғалымдар қаперде ұстауы қажет деген деректермен бөлісті.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Рауан Байдалы және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 2-курс магистранты Нұркелді Перизат зерттеу­ші-ғалымдардың арасында ашаршылық құр­бандарының нақты саны туралы ортақ па­йымның жоқты­ғын алға тартты. Осы орайда тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтер­ді аса мұқият зерделеу керектігін ұсын­ған олар жүйелі зерттеу қажет деген пікі­рін білдіре келіп, «1921-1922 жылдарда­ғы Қостанай губерниясындағы ашаршы­лық» зерттеуінде Қостанай губерниясын­дағы аштықтан халықтың қалай күйзелге­нін нақты деректермен сипаттайды: 1921 жы­лы 8-16 наурыз аралығында Ресей Ком­мунистік партиясының Х съезі өтіп, онда жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылданды. Съезд шешімдерінің орындалуы Қазақстанның дамуындағы қиын кезең – ашаршылықпен сәйкес келді. Қазақстанның көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында себілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайы­лымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жыл­дардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қыры­луына әкеп соқты. Ашаршылық құрбан­дарының, аш­тан өлгендердің саны күн сайын көбе­йе берді. 1921 жылғы ашаршылықтан ауыл шару­а­шылығы күрт құлдырады. Губерниядағы халықтың көп бөлігі азамат соғысына тартылып, егін егу жайына қалды. Ірі қара жұттан қырылып, Қостанай губерниясы егіннің 80 пайызынан айырылды.

Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, діңгене және басқа аурулар да қатар кел­ді. Аштық пен қайыршылық күй, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75 пайызы көз жұмды.

1921 жылдың жазында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен губернияның халқы заттай салықтан босатылды. Республикада аштықты жою үшін республикалық және губерниялық комиссиялар құрылды. Комиссия есебі бойынша: Қостанай губерниясындағы ашаршылық 1921 жылдың шілдесінде анықталды, құрғақшылықтың салдары­нан губерниядағы егістік алқаптың 60, ал кейбір аудандарда 75 пайызға жойы­лып кетті, ал қалғандары нашар өнім берді. Жаздың ортасында шаруа­лар тұр­ғылықты жерлерін тастап, губер­ния­ның басқа аймақтарына күнкөріс қамы­мен босып кетті. Губернияның бар­лық аймақтарында аштықтан құтқару комиссиялары құрылды. 1921 жылдың 15 қарашасындағы санақ бойынша губернияда 192 мыңнан астам адам аштыққа ұшырса, оның 7,5 мыңы балалар болды. Бір айдан кейін аш адамдар саны 237 494 адамды құрады. Губерниядағы 537 403 тұрғынның 59 пайызы аштыққа ұшырады. Осы жылғы шілде айындағы көмек жөніндегі комиссиясының есебінде Қостанай ауданындағы 59 460 адамның 35 437-сі (56%), Семиозер ауданында
30 000 адамның 22 500-і (75%), Денисовск ауданында 37 000 тұрғынның 34 480-і
(95%), Урицкий ауданында 60 000 тұр­ғынның 23 414-і (33%) аштыққа ұшы­раған.

Осы кезеңде Кеңес өкіметі амалсыз­дан капиталистік елдерден көмек сұрады. Алғашқылардың бірі болып Герберт Гувер басқарған Америкалық көмек әкімшілігі (АPA) көмек қолын созды. Қазақстанның солтүстік облыстары және Қостанай губерниясына АРА-ның Уфа әкімшілігінің азық-түліктері берілді. Бұл миссияны орындауға АҚШ әскерінің отставкадағы полковнигі Уолтер Лаймон Белл жетекшілік жасады. АРА-ның Уфа өңірі ел бойынша ең ауқымдысы болатын. Бұл жөнінде Белл қызметтік хаттарында бұл территорияны тұтас Франциядан үлкен, Польшадағы көмектен асып түседі деп жазды. Америкалықтарға түсінікті болу үшін жергілікті жердің картасы да құрастырылды. Бұл жөнінде Қостанай облыстық мұрағатындағы 1922 жылдың
4 қаңтарындағы құжатында «Қостанай АРА компаниясы қызмет көрсететін территория құрамына қосылған, қаңтар айында балаларды эвакуациялау үшін екі пойызды батысқа жіберуге ұсыныс жасалды. Балалардың өмір сүру жағдайын жақсар­ту мақсатында балаларды эвакуация­лау мәселесін тездетуді көтерді» делінген. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық Қос­танай губерниясының шаруашылығын күйзелтіп, экономикасын тұралатып, ха­лықтың демографиялық өсуіне зардабын тигізді. 1921 жылдың жазы Қостанай облысында жауын-шашын аз түсіп, шаруа қожалықтарын біраз әбігерге түсірді. 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа баға бергенде табиғи апат жұттан басталғанын да айтуымыз керек».

Осы зұлматтың кесірі болмағанда, қазақ халқының саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді, дейді тарихшылар. Тарихымыздың ақтаңдақ беттері жан-жақты зерттеле түсуі тиіс.