Брифинг басында құқық бұзушылықтар бойынша цифрлы мәліметтер базасының құрылғанын хабарлаған ІІМ өкілі айыппұлдар туралы электронды хабарламалар жүйесінің іске қосылғанын, бұл жүйенің басқа мемлекеттік органдармен біріктірілгенін де мәлімдеді. «Бұл атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Біз ең алдымен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру кезінде халықтың полициямен тікелей байланысына баса мән бердік. Осының арқасында азаматтар енді полиция қызметкерлерінің жұмыс режіміне тәуелді емес. Яғни олар қажетті қызмет түрін өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта ала алады», деген С.Сәрсенов бүгінде ІІМ-нде 40 қызметтің 38-і толық автоматтандырылғанын хабарлады. Бұл ІІМ қызметтерін алуан түрлі жолмен алуға мүмкіндік берді. Мысалы, жыл басталғалы бері Халыққа қызмет көрсету орталықтарына 500 мыңнан астам адам тіркелсе, порталға 800 мыңнан астам адам жүгінген. Ақпараттық жүйелерді біріктірудің арқасында мемлекеттік органдар да көптеген құжаттарды базадан ала алады.
Халық арасында ең көп атқарылатын қызметтің бірі – көлік құралдарын тіркеу (жыл сайын 2,5 млн тіркеу) болса, екіншісі – жүргізуші куәлігін алу (жыл сайын 1 млн құжат). Ішкі істер министрі орынбасарының айтуынша, бұрын әр қызметке шамамен 6 сағат уақыт кететін. «Оның үстіне қызмет көрсету сапасы мен сенімділігіне қатысты сын көп айтылатын. Сол себепті де 2012 жылдан бастап 16 облыс орталығында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, мұндағы қызмет көрсету уақыты 1,5 сағатқа дейін қысқарды», дейді министрлік өкілі.
«Бұл ретте полиция қызметкерлерінің, қызмет алушылардың және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарының өзара байланысы мүлдем алынып тасталды. Полиция тек құжаттардың электронды көшірмелерінің толықтығын растап, сотты болған-болмағаны жөніндегі ақпаратты тексереді. Бұл сондай-ақ қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік берді», дейді С.Сәрсенов. Жол қозғалысы саласын цифрландырудың басты екі бағыты – мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру екеніне ерекше тоқталған спикер: «Қазір жүргізуші куәлігін онлайн режімінде алуға немесе ауыстыруға болады. Сонымен қатар өткен жылы әрбір облыс орталығында орнатылған арнайы машиналар мемлекеттік нөмірлер мен оның көшірмесін жасауға кететін уақытты 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Осыдан екі жыл бұрын елімізде осындай екі машина ғана болғандықтан, нөмірлерді 20-25 күн күтуге тура келетін», деді.
Онлайн қызметтердің ең танымал түрінің бірі – автокөлікті сату және қайта тіркеу. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің бұл түрі де Kaspi bank мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі. Мобильді қосымшада елдегі барлық қайта тіркеудің төрттен бір бөлігі, нақтырақ айтқанда тәулігіне 2,5 мың тіркеу жасалады екен. Қазір бұл қызмет Halyk bank, Eurasian bank, Freedom Finance секілді тағы үш қаржы ұйымының мобильді қосымшаларына енгізілген. Сондай-ақ 102-қосымшасында іске асырылады.
Брифинг барысында Сәкен Сәрсенов, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарында шетелдіктерге бірыңғай қызмет көрсету секторлары құрылатынын хабарлады. ІІМ өкілінің хабарлауынша, жыл сайын елімізге шамамен 1,5 млн шетелдік келеді. Ал өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап оларға көші-қон полициясында уақытша тіркеу туралы қойылатын талаптар алынып тасталды. «Бүгінде көші-қон полициясына e-Qonaq жүйесі немесе мобильді қосымшасы арқылы келген шетелдік қонақтар туралы хабарлауға болады. Елорда мен Алматы қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беру және виза беруге шақыруларды келісу үшін бірыңғай қызмет көрсету секторлары құрылды», деген ведомство өкілі бұл қызмет түрлері жыл соңына дейін еліміздің барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарына енгізілетінін де айтып өтті. Ішкі істер министрінің орынбасары бүгінде елімізде 13 мыңнан астам камера орнатылғанын, олардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 40 пайыздан көбі автоматты режімде анықталатынын, бұл жүйелерді енгізу жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін түзеп қана қоймай, жол-көлік оқиғалары санын төмендете түскенін де мәлімдеді. Ал жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен ел көлемінде 10 мыңға жуық қылмыс ашылған.
С.Сәрсенов білім беру мекемелерінде орнатылған камералардың барлығы жыл соңына дейін ІІМ Жедел басқару орталықтарына қосылатынына да ерекше тоқталды. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда 2 026 мектептегі 36 657 камера ЖБО-ға жалғанған. Елімізде 7 372 мектеп бар болса, онда 137 мыңнан астам бейнекамера орнатыл-
ған.